Ешекеев Ешекеев Мәдениет Сейітжанұлы 1936 жылы 16 маусымда бұрынғы Семей облысының Жаңасемей ауданы Құрманқожа ауылында туған. 1954 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Мөдениет колхозында жұмысшы болып еңбек етті. 1955 жылы Алматы қаласында Республикалық көркемөнерпаздар байқауында ерекше көзге түсіп, әншілік дарынын танытты. 1956 жылы атақты әнші Жүсіпбек Елебековтің шәкірті ретінде «Қазақконцертке» шақырылды. Сол жылдан бастап Семей облыстық Ә.Қашаубаев атындағы филармониясында еңбек етеді. Ешекеевтің әсем үнді, кең диапозанды, лирико-драмалық тенор дауысты. Әншінің шығармашылығында қазақтың халық әндерінен бастап Абайдың, Біржанның, Ақанның, Жаяу Мұсаның, Балуан Шолақтың, Естайдың, Әсеттің, Кеннің, Шәмшінің, Б.Сыбановтың т.б.әндері бар.
М.Ешекеев әсіресе, Абайдың музыка мұрасын кең насихаттаушы ретінде танымал әнші. Әнші «Құлақтан кіріп бойды алар» – ұлы Абайдың музыкалық мұрасынан, «Ән көңілдің ажары», «Ән өзегі» атты халық әндерімен, халық сазгерлерінің шығармаларынан тұратын концерттік бағдарламалар дайындап концерттік сапармен Қазақстанның барлық облыстарының халықтарының алдында өнер көрсетті. Сонымен қатар Ресейде, Моңғолияда да өнер керсетті. Атақты әнші Ж.Елебековтың шәкірті М.Ешекеев арқа өңірінің Біржан сал бастаған әншілік мектебінің жалғастырушы ірі тұлғасы деп айтуға болады.
Әншінің орындауындағы «Жиырма бес», «Сұржекей» тағы басқа қазақтың халық шеберлікпен орындап қазақ радиосының алтын қорына жазылды. «Абайдың барлық төл шығармалары мен Абай өлеңдеріне жазылған әндерді түгелдей дерлік орындайтын Мәдениет пен Жәнібек Кәрменов» – дейді Абай музейінің бас шырақшысы Т.Ибрагимов.
Халқымыздың біртуар таланттарының бірі Жәнібек Кәрменов кезінде былай деген еді: «…Мәдениет – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып, қанына сіңген әншілік дәстүрдің жалғасы. Бұдан кейін де жалғаса жатар. Әзірше Мәдениет жалғыз…»
Қазақстан өнерін дамытудағы ерекше еңбегі үшін М.Ешекеевке 1981 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», 1987 жылы «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атақтары берілді. Шын өнер иесі халқымен бірге мәңгі жасайды.

Әдебиеттер:

Ибрагимов Т. Домбыралы ән // Толқын толғау.-Алматы: «Өнер», 2000.- Б.269-283.
Асабаев, З. Көктен түсе қалғандай көрінетін әнші, халық әртісі Мәдениет Ешекеев туралы бір үзік сыр // Мәдениет. – 2011. – №6. – С. 32-33
Атаева М. Ауылдағы асқақтаған ән мен жыр // Семей таңы . – 2013. – 11 маусым. – Б. 6
Иманбаева, А. Сағынды елің үніңді // Мәдениет. – 2011. – №4. – Б.32-33 Кәкімұлы , Қ. Бұлбұл үнді бозторғайым: эссе // Семей таңы. – 2012.- 14 ақпан. – Б. 5
Кәкімұлы Қ. Бозторғайдың үніндей үзілдіруші еді…осы біз Мәдениетті ұмытып кеткен жоқпыз ба?: [Әнші Мәдениет Ешекеевтің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында] // Дидар . – 2012. – 20 ақпан. – Б. 5.
Кәкімұлы, Қ. Жетісудың дүлдүлі – Кененнің “Бозторғайын” алғаш орындаған кім?
// Ертіс өңірі. – 2014. – 30 сәуір. – Б. 10
Момынұлы, П. Тау жаңғыртқан талант: әнші Мәдениет Ешекеевтің туғанына 75 жыл // Семей таңы . – 2011. – 9 тамыз. – С. 3

Мәдениет Ешекеев: презентация