Әншілер және сазгерлер

Әншілер

Семей – қазақ өнері мен мәдениетінің, асыл ой, ардақты есімдерінің Отаны да, ордасы болған және бола береді де. Үлкен өнер жолындағы тұлғаларға туған жерінің қасиеті дариды демекші – Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған ұлылар мекенінде дүниеге келген және туған жерінде еңбек етіп жатқан, әсем дауыстарымен, сырлы да сазды әндерімен елін, жерін сүйсінткен мақтан тұтарлық өнерпаз талантты әншілеріміз жетерлік. Олардың Семейге бергені де, Семейден алғандары да мол. Атап айтқанда, ән атасы Әміреден бастап, бұлбұл дауысты Бибігүл, халқының мақтанышына айналған Розаны қосқанда, өнерді өмірінің қазығы еткен ән дүлдүлдері Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Бақыт Үдербаева, Баян Сағымбаева, Келденбай Өлмесеков, Тұрсынғазы Рахимовтардың қазақ өнері тарихында қалдырған өзіндік қолтаңбалары бар. Қазақ радиосының Алтын қорына жазылған әншілеріміз де аз емес.

Өнер сахнасында жарқырай көрініп, «қазақтың Зыкинасы» атанып жүрген Мапруза Өтеуленова, жағымды қоңыр дауысты Салтанат Сыбанбаева, өнер сүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген жас әнші Гүлдана Ноғайбаева намысын қолдан бере қоймайтын өнерлі жандар.

Сайттың «Әншілер» бөлімінде – ұлылардың ізі қалған үлкен қала Семейде ән мен күйді өмірінің өзегі еткен асқақ таланттарымен танылған, қаламыздың абыройын аспандатып жүрген талантты әншілеріміз туралы әдебиеттер мен мерзімді басылым мақалаларын ұсынады.

Любовь Аманжулова

Әміре Қашаубаев атындағы Семей филармониясының әншісі Аманжулова Любовь Өрікқызы – 1952 жылы Ресейде Алтай өлкесінің Ново-Егоровка ауылында туған. 1969 жылы орта мектепті бітірген соң Барнауыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесін 1973 жылы бітірген.

1973-1974 жылдары Қазақстанның мемлекеттік өн-би ансамблінің әншісі, 1975-1980 жылдары Алматы облыстық филармониясының әншісі, 1981-1982 жылдары Целиноград облыстық филармониясының әншісі, 1982-1985 жылдары Рубцовск қалалық мәдениет үйінде үйірме жетекшісі қызметтерін атқарды. 1986 жылдан осы уақытқа дейін Семейдің Әміре Қашаубаев атындағы филармониясының әншісі.

Аманжулова Любовь Өрікқызы концерттік сапармен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық облыстарында өнер көрсетті.

Аманжулованың дауысы кең диапазонды сопрано, әншінің репертуары кең ауқымды. Ол қазақ әндерімен қоса орыс, украин тілінде де ән шырқайды. Әнші 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығына «Отты жылдар әуендері» атты концерттік бағдарлама дайындап, Ұлы Отан соғыс ардагерлерінің алғысына бөленді. Ол классикалық романстармен қатар, эстрадалық әндердің де шебер орындаушысы. Семей қаласында еткен барлық мәдени шараларға арналған концерттердің тұрақты орындаушысы. Аманжулова Любовь әсіресе мектеп оқушыларына эстетикалық тәрбие беруде зор еңбек сіңірді. Ол «Қазақстан Отаным менің», «ХХІ-ғасырда наркотиксіз» атты лекция-концерттерге белсене қатысты.

Өнердегі еңбегі бағаланып Аманжулова Любовь облыстық, аудандық, қалалық әкімшіліктердің құрмет грамотасымен мараптталған. 2005 жылы тамыз айында еңбек ұжымының қаулысы бойынша дирекция әншісі Любовь Өрікқызы Аманжулова музыкалық жөне концерттік өнердегі қажырлы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің грамотасымен марапатталды.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23