Тарихи-мәдени орындар

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана
img01    Қазақстандағы көне кітапханалардың бірі – Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы – 1883 жылдың 3 қазанында (ескіше 20 қыркүйек) Семей өңірінде облыстық санақ комитеті үйінде ашылған тұңғыш мәдениет ошағы. Алғашқы ашылған жылы қоғамдық кітапхананың 130 оқырманы, 274 дана кітап қоры болған. Қоғамдық кітапхананың ашылуына себепкер болған саяси жер аударылушылар, қазақ халқының ұлы ағартушысы Абай Құнанбаевтың сырлас досы, сыйлас ұстазы Евгений Петрович Михаэлис бастаған, А.А. Леонтьев, П.Д.Лобановский, С.С.Гросс, Н.И.Долгополов сияқты орыс интеллигенттері еді. Олар жер ауып келсе де кітапхана, музей ашып сәулелі істердің ұйтқысы болған. Сол кездегі тұңғыш кітапхананың құрылуына белсенді ат салысқан бірінші кітапханашылар А.Степанов пен А.Зверев болды.
Кітапхана үшін жазылып алынған кітаптардың бірінші қоры 1883 жылдың соңында Петербург қаласынан алынды.
Ол туралы А.Л.Блек былай деп жазды: «В областном статистическом комитете было со времени его возникновения собрана библиотека частью популярных, частью же специальных научных сочинений по географии, этнографии, археологии, статистике, естественным наукам (175 названий в 260 томах), а также до двухсот номеров ежемесячных журналов и значительного количества сырого материала в виде отчетов и протоколов различных ученых обществ, комиссий и т.д. В сентябре с.г.статический комитет решил сделать это книгохранилище общедоступным для публики. Так основалось общественная библиотека»
Білім-ілім іздеген адамдар мұнда жиі келіп, білім бесігінде бас қосатын, ғылым, білім жайлы пікірлер алысатын. 1885 жылы Сібірді зерттеу, жер аударылушылар тұрған даланы көру мақсатымен Семейге келген белгілі американ журналисі Дж.Кеннан «Сібір және айдау» («Сибирь и ссылка») деген кітабында былай деп жазады: «Мен Спенсердің, Бокльдің, Гекслидің, Миллдің, Дарвиннің шығармаларын…, В.Спойттың, С.Диккенстің, Ж.Эмоштың, Ж.Мак-Дональдтың және басқаларының романдары мен повестерін таңқаларлық сезіммен көрдім. Әсіресе, ғылыми шығармалар және саяси экономия бойынша әдебиеттер көп болды. Кітапты бұлайша іріктеу оны жинаушылар мен пайдаланушылардың мәдениеттілігі мен талғамын танытады».
Міне, осы бір шағын үзіндіден-ақ сол кездегі ғылымға құштар адамдардың кітапханаға қаншалықты ықыласпен, қамқор сезіммен қарағанын аңғаруға болады.
Сол кездегі өлкетанушылардың, қоғам қайраткерлерінің естеліктеріне қарағанда, бұл кітапхана ең прогресшіл бағыттағы адамдармен тығыз қарым-қатынаста болған. Қалың жұртшылық арасына білім нәрін таратуда елеулі роль атқарған. Кітапхананың жұртшылық арасында қаншалық беделі жоғары болса да, патша өкіметі тарапынан қаржы бөлінбеді. Ол негізінде қоғамдық ұйымдар мен жеке адамдардың көмегімен жарна есебінен өмір сүрді.
1902 жылы желтоқсан айында Семей қаласында тегін пайдаланатын оқу залы ашылып, оған қайтыс болғанына 50 жыл толуына байланысты орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольдің есімі берілді.
1906 жылы ақысыз оқу үйі мен қоғамдық кітапхана біріктіріліп, Н.В.Гоголь атындағы қоғамдық кітапхана болып аталды.
1902-1911 жылға дейін кітапхана жұмысын басқарған, өлке мәдениетінің дамуына үлес қосқан, кітапхананың дамуына елеулі үлес қосқан алғашқы кітапханашылардың бірі, Батыс Сібір Географиялық қоғамының мүшесі Н.Я.Коншин Семей қаласының тарихын, археологиясын, этнографиясын, табиғат байлықтарын зерттеуде елеулі еңбек сіңірген.
Н.В.Гоголь атындағы облыстық кітапхананың өмірге келуі, алғашқы қалыптасу жылдары қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев есімімен тығыз байланысты. Ол кітапхана ісіне белсене араласып, өзі де кітаптар алып тұрақты оқырманы болғанын деректер дәлелдейді.
Орыс зиялыларымен рухани қатынаста болған Абай өзі де бас болып, кітапхананың тұрақты оқырманы бола жүріп, қатар ашылған өлкетану музейіне Долгополов екеуі 50-ден астам экспонат тапсырғаны тарихтан мәлім және бұл ақынның әлем әдебиетінен білімін тереңдеткен мектепке айналып еді.
Ұлы ақынның кітапханаға жиі келіп, орыстың атақты ақын-жазушыларының кітаптарын алып тұрғандығы және Е.П.Михаэлиспен алғашқы танысқандығы туралы жазушы М.Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясында суреттеген.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13