Тарихи-мәдени орындар


Тарихи-өлкетану музейі
48    Тарихи-өлкетану музейі – Қазақстан және Батыс Сібір музейлерінің ішіндегі ең ірі ғылыми және мәдениет орталығы болып табылады. Оның негізі 1883 жылы 11 қыркүйекте (ескіше) қаланған. Оның алғашқы ұйымдастырушылары болып белгілі зерттеуші ғалым Е.П.Михаэлис, П.Е Маковецкий, Н.И.Долгополов, А.А.Леонтьев, П.Д.Лобановский т.б.жер ауып келген келген зиялылар музей ісін дамытуда жарқын істердің ұйтқысы болған. Комитет мүшелері өлкеде географиялық, этнографиялық және экономикалық зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, көптеген мәліметтер жинастырды. Батыс-Сібір Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі шығарып тұрған құнды басылым «Записки…» бүгінгі күнде таптырмайтын асыл қазынаның деректеріне сүйене отырып қала тарихында елеулі орны бар түп нұсқалармен танысуға болады.
Сонымен бірге, ұлы ақын Абай Құнанбаев та осы алғаш құрылған тарихи-өлкетану мұражайын ұйымдастырушылардың бірі болған. Сол мұражайға ақын атамыз 60-қа таяу экспонаттар өткізгенін деректер растайды. Оның көбі этнографиялық бұйымдар. Үлкен ас салатын табақ, қымыз құятын құтылар, қобыз, асатаяқ, шоқпар, айбалта, қамшы, кебеже т.б. – мұның бәрі Абайдың өзі тұтынған, қолымен ұстаған заттар.
Американдық саяхатшы, журналист Дж.Кеннан осы өлкетану мұражайына ерекше көңіл бөлген. Көп жылдар бойы музейде География қоғамының мүшелері Б.Г.Герасимов, А.Баландин, И.Власов, Г.Корнилов, жергілікті өлкетанушылар ағайынды Болослюдовтар еңбек еткен.
Музей қаланың ортасында бұрынғы Губернатордың үйінде орналасқан. Бұл ХІХ ғасырдың аяғындағы архитектуралық ескерткіш өзінің тарихи әсемдігімен көз тартады.
Музей экспозициялары алғашқы бесжылдықтар кезіндегі өңіріміздің халық шаруашылығы салаларының құрылып қалыптасуын және даму барысынан сыр шертеді. Стахановтық қозғалыстың алғашқы қолдаушылары Түрксиб темір жолы, ет-консерві комбинаты, кеме жөндеу заводы сияқты алып құрылыстардың салыну тарихымен, еңбек ерлерімен таныстырады.
Мұнда соғыс жылдарының қасиетті ескерткіштері де көптеп кездеседі. Жерлес батырларымыздың жеке заттары, киім-кешектері, қару-жарақтары, сирек кездесетін фотосуреттері мен басқадай документтер кімді болсын толғандырмай қоймайды.
Музей экспозицияларында соғыстар кейінгі бесжылдықтар кезеңін, алға қойған міндеттерді орындау жөніндегі облыс еңбекшілерінің еңбек жетістіктерін баяндайтын мәліметтер мол.
Өңіріміздің ғылымы мен мәдениетінің кешегісі мен бүгіні жайында да құжаттар тың деректер береді.
Музей тақырыптық экспозицияны жетілдіру, музей қорын толықтыру, кештер, кездесулер өткізу, түрлі тақырыптарда лекциялар оқу тәрізді шаралар жүргізеді.

Мекен-жайы:
ШҚО, Семей қаласы,
Абай көшесі, 90.
Телефон:52-21-19, 52-67-32.
Жұмыс уақыты:
Дүйсенбіден-сенбіге дейін.
Әр айдың соңғы күні-тазалық күні.

Әдебиеттер:

Ақынжанов Ф. Музей мұрасы // Семей таңы.-1985.-28 мамыр.
Байғазинова Ф. Өлке тарихы ел тарихы // Семей таңы.-1998.-10 қыркүйек.
Ерсалимов Б. Көнермейтін қазына: (Өлкетану музейіне – 100 жыл) // Семей таңы.-1983.-22 қазан.
Бейсенбаев М. Ағайынды Белослюдовтар жайында бірер сөз // Өркен.-1994.-26 ақпан.-6 б.
Оспанов Д. Зергерлік өнер көрмесі // Семей таңы.-2004.-23 сәуір.-6 б.
Ыбыраева А.Семей мұражайы тарихынан // Қазақ тарихы.-1999.-№2.-27-32 б.

 

«Хиросимадан әкелінген бейбітшілік тасы» ескерткіші

2015 жылдың 29 тамызында Түйемойнақ аралында Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күнге байланысты бейбітшілік акциясы аясында «Хиросима бейбітшілік тасы» бейбітшілік ескерткіші ашылды. «Хиросиманың бейбітшілік тасы» үкіметтік емес қоры 70 жыл бұрын болған Хиросима мен Нагасаки қалаларындағы ядролық жарылыстан кейін қалған тасты Қазақстанға сыйға тартуды жөн көрді. Күншығыс елінің билігі бұл сыйды бейбітшілікті насихаттап келе жатқан елдерге тарту етеді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен «Хиросиманың бейбітшілік тасы» маңайында 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізілген Семей қаласының Түйемойнақ аралына орнатылды.

Бұл ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Камахара Масаёси және «Бейбітшілік тасы» Ассоциациясының өкілдері мен ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

Биіктігі 3 метр салмағы 100 кг тартатын тас Хиросима қаласындағы жарылыстан 200 метр қашықтықта орналасқан темір жол вокзалында төселген тақта болатын. Ядролық жарылыстардан кейін мұндай тастардың 200 шақтысы жиналып, әрбіреуіне күншығыс еліндегі бейбітшілік нышаны Каннон құдайының келбеті және ағылшын тілінде  «From Hiroshima» – «Хиросимадан әкелінген» деген жазу бейнеленген. Жапония елі бұл тастарды бейбітшілікті насихаттап келе жатқан елдерге ұсынуды жөн көрді. Сондықтан да 1991 жылы Жапонияда «Хиросима қаласындағы бейбітшілік тасы ассоциациясы» құрылған болатын. Мұндай ескерткіш тастар орнатылған елдердің ішінде Қазақстан 108-інші мемлекет болды.

 

Әдебиеттер:

1. Мұратқали Ж. Хиросима бейбітшілік тасы орнатылды  // Семей таңы. – 2015. – 1 қыркүйек. – Б. 1: фотосурет

2. Мағжан А. Ядролық қарусыз әлем – қауіпсіз болашақ  // Ертіс өңірі. – 2015. – 2 қыркүйек. – Б. 6-7: фотосурет

 

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13