Тарихи-мәдени орындар

Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры
50    1917 жылы жазушылар М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың ұйымдастырумен Ойқұдықта тұңғыш рет сахна шымылдығы «Еңлік-Кебекпен» ашылған болатын. Осыдан кейінгі қойылымдар Семей театрының жол басы болды.
1920 жылы жазушы М.Әуезовтың қолдауымен «Ес-Аймақ» деген атпен алғаш ағарту қоғамы жұмыс жасаған. Осы «Ес-Аймақтың» алғашқы мүшелері: Ғалиакпар Төребаев, Уәли Тұрлыбеков, Ахмет Әуезов, Сәруа Арықовалар болды. Қоғамның негізгі мақсаты- қазақ мәдениетін көтеріп, халыққа эстетикалық тәрбие беру болды. Театрдың алғашқы орындаушылары талантты әншілер: Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Жүсіпбек Елебековтер болды. Әдебиет пен өнер босағасын алғаш аттаған ұлттық театрымыздың тұңғыш ірге тасын қаласқандардың бірі: «Қазақтың Станиславскийі» атанған Жұмат Шанин болды.
1934 жылы «Ес-Аймақ» негізінде құрылған Семей театры І.Жансүгіровтің «Кек» атты пьесасымен өзінің алғашқы шымылдығын ашты. Оның тұңғыш режиссерлығына Ғалиакпар Төребаев тағайындалады. Бұл кездегі талантты актерлер: С.Қыдыралин, Ш.Мусин, Х.Байырманов, Н.Атаханов т.б. болды. Репертуарда: Б.Майлинның «Шұға», М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек» сияқты тамаша классикалық туындылары болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында театр труппасын Л.В.Леонов деген театр маманы басқарды. Бұл жылдары соғыс тақырыбына жазылған М.Әуезовтың «Сын сағатта», К.Симоновтың «Орыс адамдары», «Малиновкадағы той» т.б. спектакльдері сахналанды.
Театр халыққа өнер көрсеткеннен бастап, көп жылдар бойы режиссер болып талантты актер Б.Омаров тағайындалды. Осы кезде классикалық шығармаларды терең игеруге, сол кездегі заман тақырыбына жазылған пьсаларды қоюға көбірек назар аударылды.
Онан кейін де театр ісін жалғастырушы терең білімді режиссерлер Е.Обаев, Ш.Кәрібаев, Ш.Зұлқаш сияқты өнер тарландары мәдениет саласында өзіндік із қалдырды.
Шығармашылық коллективтің құрамында сахна шебері дәрежесіне дейін көтерілген Қазақстанның Халық әртістері және еңбек сіңірген әртістері Р.Есімжанова, Ж.Сәкенова, Г.Әбдірахманова еңбек етті. Дара тұлғалар К.Сәкиева, Ә.Жаңбырбаев, Т.Иісова, Б.Имаханов, Ш.Бахтинова т.б. өнер саңлақтарымен бірге кейінгі жас буын еңбек етуде.
2002 жылы Египет Араб мемлекетінің астанасы Каирде өткен 14-халықаралық фестивальда Ш.Айтматовтың «Боранды бекетін» қойып, үлкен шығармашылық табыспен оралды.
Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры әлемдік және еліміздің талай-талай классикалық драмаларын сахнасында түлетіп, өнер сүйер қауымның әлденеше буынына рухани нәр берген айтулы ұжымның бірі.

Мекен-жайы:
ШҚО, Семей қаласы,
Абай алаңы,
Телефон:56-32-14, 56-16-33

Әдебиеттер:

Азаматов А. Бас төреші – көрермен /Әңгімелескен А.Сапышев. // Ертіс өңірі.-2005.-15 қыркүйек.-5 б.
Қамбаров Ж. Сан сырлы сахна: (Абай атындағы қазақ музыкалы драма театрына – 70 жыл).-Алматы: ҚАЗақпарат, 2004.-260 б.
Қожаев Қ., Ізғұтдинов М. Мерейтой ізеттері. Жетпіс жылдың жемістері // Ертіс өңірі.-2004.-28 қазан.-3 б.
Кәрібаев Ш. Құлаш-құлаш монологтардың заманы өткен // Семей таңы.-2001.-9 ақпан.
Қамбаров Ж. Өнердің қара шаңырағы // Ертіс өңірі.-2005.-31 наурыз.-5 б.
Сапашев А. Көрерменге уытты күлкі керек: (Абай атындағы сазды-музыкалық драма театрының тыныс-тіршілігі жайлы) /С.Қасымжанұлы // Ертіс өңірі.-2010.-13 қаңтар.-8 б.
Сейсенұлы Д. Халің қалай, өнердің қара шаңырағы? // Дидар.-1999.-19 қазан.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13