Тарихи-мәдени орындар

Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі
49    Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі – Қазақстанда     Ф.М.Достоевскийге арналған жалғыз музей. Музей 1971 жылдың 7 мамыр айында ашылған болатын. Музей негізгі екі бөлімнен тұрады: жазушы тұрған мемориалдық үй және 1976 жылы салынған әдеби экспозиция. Сондай-ақ музейде ғылыми кітапхана, көрме залы мен кинолекциялық зал бар. Музейдің негізі 1857-1859 жылдары жазушы Ф.М.Достоевский жалдап тұрған үй. 1966 жылы осы үй Достоевский атындағы № 15 қалалық кітапхана болып бекітілді. Музейдің негізін салушы осы кітапханаың меңгерушісі З.Г.Фурцева болды. 1968 жылы Достоевский тұрған ағаш үйге жазушының немересі А.Ф.Достоевский келген болатын. Ал 1969 жылдан бастап кітапхана-музей тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде жұмыс істей бастады. Көп жылдық тарихы бар музейде 19 000-нан астам экспонаттар сақтаулы тұр. Сондай-ақ, музей қорының ерекше құнды экспонаттары ретінде Ф.М.Достоевскийдің қолтаңбасы, сирек кездесетін библиографиялық басылымдар және басқа да құнды әдебиеттерді атауға болады.
Музейдің әдеби экспозициясы жазушының қиын жолдарын: оның жастық арманы, каторгалық жолдары мен солдаттық өмірден бастап, танымал болғанға дейінгі өмір жолдарын анық бейнелейді. Мұнда жазушы өзінің көпшілікке таныс «Ағайдың түсі», «Степанчиково селосы және тұрғындары», «Өлі үйдегі жандар» еңбектерін жазды. Экспозицияға жазушының көзі тірісінде шыққан кітаптары мен оның замандастарының шығармалары қойылған. Семейде өткен жылдар Ф.Достоевский мен Ш. Уәлихановтың рухани достығының шежіресінен де сыр шертеді. 2003 жылы музейде «Достоевский және әлем мәдениеті» атты үлкен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Петербор қаласынан жазушының немере-шөбересі Алексей Достоевский, Ресейдің әр түкпірінен келген достоевскийтанушылар келген болатын. Музей жазушының Ресейдегі жеті музейімен тығыз шығармашылық байланыста. Мұражайда түрлі кітап көрмелер, өнер қайраткерлерімен кездесулер жиі өткізіліп тұрады.

Мекен жайы:
ШҚО, Семей қаласы,
Достоевский көшесі, 118.
Телефон:52-49-76, 52-19-42.
e-mail:muz dost@relkoml.kz
Жұмыс уақыты:
9.00-18.00
Демалыс күні:жексенбі.

Әдебиеттер:

Ахметұлы Т. Мұражайларымыз мерейтойлар тоғысында тұр // Семей таңы.-2001.-18 мамыр.
Мельникова И.Ескірмейтін есім // Семей таңы.-1991.-12 қараша.
Сейсенұлы Д. Достоевский мұражайына отыз жыл // Егемен Қазақстан.-2001.-20 сәуір.-6 б.

Ф.М.Достоевский атындағы орыс драма театры

Орыс драма театры – 1937 жылдың 8 маусымында қалалық кеңестің шешімен құрылған жұмысшы жастар әуесқой театры негізінде құрылған, 1975 жылы театрға жазушы Ф.М.Достевскийдің есімі берілді. Сол кезде жазушының есімін иеленген бірден-бір театр осы қаламыздағы орыс драма театры болды. Бүгінгі күні Халықаралық театр фестивалінің лауреаты, көрермендердің қошаметіне ие болған беделді өнерлі ұжым. Ұжым мүшелері көптеген елдерде гастрольдік сапармен болып қайтты.
Театр репертуары мол. Халық аңыздары негізінде жазылған шағын пьесалардан бастап, әлемдік классикалық өнер туындылары қойылып келеді. Достоевский атындағы орыс драма театрында Т.Завгоздкина, Н.Батурин, Н.Минин, С.Забаруков, Г.Кристель, С.Попов, С.Кутьлин тәрізді шеберлердің үлгісін ұстанып, өнер көгіне өрмелеген жастар да баршылық. Соңғы жылдары театрдың шығармашылық ізденістері молайды, Ресейден театр мамандары шақырылып спектакльдердің мазмұны кеңейді. Театр сахнасында В.Шекспирдің «Гамлет», А.Островскийдің «Гроза», «Зимние фантазии», Н.Думбадзенің «Юстина», Н.Семенованың «Печка на колесе», Ф.Достоевскийдің «Преступление и наказание», А.Пушкиннің «Чума» т.б. классикалық туындылары қойылды. Театр труппасы Республикамыздың тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай өткізілген конкурсына шақырылып үлкен жетістіктерге жетісті. 

Мекен-жайы:
Абай алаңы көшесі
Телефон: 56-34-68

Әдебиеттер:

Горельников Я.В. Көрермендерге көп рахмет // Семей таңы.-1983.-7 декабрь.-4 б.
Коган Э. Семей театры Алматыда // Социалистік Қазақстан.-1975.-22 июль.
Туғанбаев К. Байырғы өнер ордасы // Семей таңы.-1987.-19 декабрь.
Өнерге қамқор жан: (Театрдың бас директоры Я.В.Горельников – 50 жаста) // Семей таңы.-1997.-6 қараша.-2 б.
Шыңғысұлы Б. Артистке арналған кеш: (В.Забаруков туралы) // Семей таңы.-1973.-11 январь.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13