Тарихи-мәдени орындар

Ерлік Даңқы музейі (Музей боевой славы)
119    Музей -Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 40 жылдығы қарсаңында 1983 жылы Семей қалалық соғыс ардагерлері кеңесінің қоғамдық бастамасымен ашылған болатын.
1985 жылы 30 наурыздан Мәдениет Министрлігінің шешімімен ресми түрде тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі болып жұмыс істейді. Қалалық Мәдениет үйінде орналасқан Ерлік Даңқы музейі неміс фашист басқыншыларына қарсы күрескен шығысқазақстандықтардың ерлігін паш етеді. Музей екі экспозияциядан тұрады. Онда Қарулы Күштер Армиясының тарихы мен даңқын сипаттайды. Мәскеу, Ленинград, Курск, Прага, Будапешттен Берлинге дейін болған қантөгіс шайқастарынан сыр шертеді.
Музейдегі экспонаттар Семей өңірі жауынгерлерінің ерлік істерін, ел мүддесі, ұрпақ қамы үшін істеген ізгілікті іс-әрекеттерін шынайы бейнелейді. Ондағы экспонаттар – фотошежірелер, жауынгерлердің туыстарына жазған хаттары, соғыс даласында жазған күнделіктері, солдат формалары, соғыс құралдары – өткен ХХ ғасырдағы қанқұйлы соғыстан қалған белгілер. Бір бөлімі толықтай – соғысқа қатысқан жерлестеріміздің кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық ерлігі туралы мәліметтер береді. Біздің қаламызда екі дивизия жабдықталып соғысқа аттандырылған болатын. Олардың бірі 238 дивизия жауынгерлері ең алғаш жау қолынан Мәскеу, Рига қалаларын азат етуге қатысты, соңынан ерлік жолын Прибалтиканы алумен аяқтады. Кейіннен 30 -гвардияшылар атағын алды. 1941 жылдың соңы мен 1942 жылдың басында құрылған 8-дивизия Днепр бойындағы қалаларды азат етіп, Чехославакиямен аяқтады. Екі дивизия да ерлік істері үшін Қызыл Ту орденімен, 8-дивизия ІІ дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. Соғыс кезінде жараланғандарды тез арада айықтырып, армия қатарына қосу мақсатымен арнаулы госпитальдар ашылды. Ең ірі эвагоспитальдар Семейде болды. Олардың саны алтау болды. Мұндағы ЭГ-3593 эвагоспиталь Қазақстандағы протездік бағытындағы жалғыз арнайы мекеме болды, өйткені қол-аяғынан айрылған (ампутация) Кеңес Армиясының командирлері мен жауынгерлері жеткізілетін.
Музейдің бір ерлік тақтасы Кеңес Одағының Семейлік батырларына арналған. Барлығы – 52 адам. Өкінішке орай олардың бәрі бұл өмірде жоқ. Музей келушілерге отансүйгіштік, патриоттық таным-тәрбие беруде маңызды роль атқарады.

Әдебиеттер:

Ақбергенов К. Семейлік 8-дивизияда // Семей таңы.-1995.-4 ақпан.
Семей әндері шарықтады: (тарихи-өлкетану мұражайының көрме залында) // Семей таңы.-2005.-22 сәуір.-14 б.
Сләмұлы А. Семей өңірі еңбекшілері отты жылдарда // Семей таңы.-2005.-22 сәуір.-14 б.
Ілияс Ә. Әскери Медицина отты жылдарда // Семей таңы.-2005.-29 сәуір.

«Еураз-шоу» ән-би театры

«Еураз-шоу» ән-би театры – 1995 жылы еліміздің көрнекті ғалымдары мен әртістерінің ықпалымен ұйымдастырылды. Еуропа және Қазақ мәдениетін, әнін және биін көрермендерге танытуда ұжым мүшелері белсенділік танытып жүр. Шығармашалық жетістіктері:
1998 жылы Қазақстанның солтүстік астанасы Астана қаласының ашылу рәсіміне қатысты.
1999 жылы Алматыда өткен халықаралық би фестиваліне шақыру алып, өнерлерін көрсетіп қайтты.
2000 жылы Алматы қаласында өткен «Транс Арт» атты бірінші халықаралық сахна өнері фестиваліне қатысып қайтты.
2003 жылы Барнауылдағы Қазақстанның Ресейдегі мәдени күндеріне арнайы қатысып өнерлерін көрсетті. «Еураз-шоу» ән-би театрында жоғары дәрежелі маман иелері еңбек етеді. 

Мекен-жайы:
ШҚО, Семей қаласы,
Б.Момышұлы көшесі, 43
Телефон: 52-19-22.

Әдебиеттер:

Асылжанқызы П. «Еураз-шоу» ән-би театры // Семей таңы.-1998.-20 тамыз.
Сейсенбина Ә. «Еураз-шоу» ауыл сахнасында // Семей таңы.-22 маусым.-4 б.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13