Абай және кітапхана

img27   Абай нәр алған рухани бұлақтың бірі ана сүтімен бойына сіңірген халық ауыз әдебиеті болса, келесі бір сарқылмас қазына – ол Шығыстың сөз зергерлерінің туындылары. Ұлттық және Шығыстық інжу-маржаннан мейірі қана сусындаған Абай үшін ендігі таңсық әлем орыс әдебиеті, сол арқылы қол жеткізген Батыс әдебиеті болды. Белгілі абайтанушылар зерттеулерінен біз оның орыс классиктерінен Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин т.б. шығармаларын терең үңіліп, танысқанын білеміз. Орыс тілі, орыс классикалық әдебиеті арқылы Абай Батыс әдебиетімен сусындап, Гете, Байрон шығармаларын аударған. Абайдың еркін аудармалары арқылы «Татьянаның әні» қырда шырқалып, Лермонтовтың «Теректың сыйы», «Қанжар» сияқты терең сырлы өлеңдері қазақ арасына кең тарады. Қазақ оқырманы Абай арқылы орыс классикалық туындыларымен, Батыс Еуропа әдебиетінің тамаша үлгілерімен таныс болды.

Ғұлама ақын Абай Құнанбаевтың қоғамдық кітапхананың оқырманы болғанын тарихта қалдырып, әлемге әйгілеген 1885 жылы Ресей империясының түрмелерін зерттеу мақсатында Сібір мен Алтайға саяхат жасаған американ публицисі Дж. Кеннан болатын. 1885 жылдың жазында Дж. Кеннан суретші Фрост екеуі Семейге келіп, Сібірдің алыс бір түпкірінде құм басқан қала ортасында, шағын ғана ағаш үйде орналасқан мұражай мен қорында Спенсер, Бокль, Льюис, Милль, Тэйлор, Дарвин, Уоллэс шығармаларымен әлемдік көркем әдебиеттің тамаша үлгілері, ресейлік мерзімді басылымдары бар жап-жақсы кітапхана көргенін, сот мекемесінде қызмет ететін А.А.Леонтьевпен әңгімелесіп кітапхананы жергілікті қырғыздар да пайдаланатынын естіген.

А.А.Леонтьев «… Мен осындағы Бокльді, Милльді, Дреперді оқыған бір қырғызды білемін. Бірінші кездескенде ол менен индукция мен дедукцияның арасындағы айырмашылықты өзіне түсіндіруді сұрады. Ол ағылшын философтарының және аталған авторлардың шығармаларын зерттеп жүр екен»- деп Дж. Кеннанды қайран қалдырады. Өзін таңдантқан Ибрагим Конобай (Ибрагим Құнанбаев) жайлы ол «Сібір және сүргін» кітабында жазады. Американдық саяхатшының Абаймен кездескісі келгенімен оның сәті түспеген.

Семейдің қоғамдық кітапханасынан Дж. Кеннан көрген Спенсер, Тэйлор, Дрепер, Уоллэс, Милль, Шекспир, Гете, Шиллер, Гейне, Байрон шығармалары мен орыс әдебиеті классиктерінің шығармалары Абайдың ой-өрісін кеңейтіп, дүниеге көзқарасын өзгерткен ғылым-білім университеті, таным баспалдақтары болды.

Белгілі ғалым, абайтанушы Қ. Мұхамедханов Семейдің қоғамдық кітапханасының орыс және әлем әдебиеті классиктері шығармалары, әртүрлі ғылым салаларынан кітап қорының мол болып «Вестник Европы», «Русский вестник», «Русская мысль», «Исторический вестник» т.б. ресей мерзімді басылымдарын алып отырған сол замандағы Сібір кітапханаларының ішіндегі ең бай болғанын жазады. Қазіргі кезде Семей қаласындағы Абай атындағы әмбебап – ғылыми кітапханасының сирек басылымдарының алтын қорын құрап отырған: Пушкин А.С. Сочинения. СПБ., 1887; Толстой Л.Н. Сочинения. М., 1889; Уэвелль В. История индуктивных наук. СПБ., 1867; Сочинения Платона. СПБ., 1863; Байрон Сочинения. СПБ., 1884; Херасков М. Эпические творения. ч.1.-М., 1786; ч.2. 1787; Кантемир А.Д. Сочинения. СПБ., 1868; Спенсер Г. Основания психологии. СПБ., 1876 Даль В.И. Сочинения. 1883; Беккер К. Всемирная история. СПБ., 1846; Карамзин Н.М. История государства Российского. СПБ., 1845; Илиада Гомера.-/ Пер. Гнедича Н. СПБ., 1829 тағы басқалары соның айқын айғағы. Бұл кітаптар XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген, әлемдік мәдениеттен шалғайдағы қазақы ауылдың төл перзенті Абай Құнанбаевтың білімге құмарлық шөлін басқан рухани бұлақ бола алды.

img38   Мәдениет орталықтарынан алшақ жатқан Семей үшін қоғамдық кітапхананың маңызы зор болып, ол енді тек қаланың ғана емес, бүкіл Семей өңірінің озық ойлы азаматтары бас қосатын мәдениет ошағына айналып, ақыл-ой дамуына үлес қосты. Кітапхана іргетасы қаланған кезден бастап сақталған, Абай алақынының табы қалған бұл кітаптар Абайдан кейінгі зиялы қауым өкілдері үшін де таным баспалдақтары болып табылады.

Михаэлис арқылы Абай С.С.Гросс, А.Л.Леонтьев, Н.И.Долгополовтармен танысады. Олар Абайдың 40-тан асып, кемеліне келген, Шығыс, Батыс әдебиеті мен ойшылдарын жақсы білген, қоғамдық қызметке қызу араласып, толысқан шағында таныс болып, оның біліміне, парасатына тәнті болған. Михаэлис, Долгополов тағы басқа достары Семей полицмейстерінен рұқсат алып, Абай ауылына қонақ боп, қымызбен емделіп, өздерінің қазақ тарихына, әдет-ғұрып заңдарына қатысты зерттеу еңбектеріне одан құнды мәліметтер, ақыл-кеңестерін алып отырған.  Тұрағұлдың, Кәкітайдың естеліктерінен біз Долгополовты Абайдың Шаған өзені бойындағы «Қоңыр әулие» үңгірімен және басқа да тарихи – мәдени ескерткіштермен таныстырғанын білеміз.

1884 жылы әскери губернатор рұқсатымен жаз айында Абай ауылында болып, А.Л. Блекпен бірлесіп дайындап жатқан «Материалы для изучения юридических обычаев киргиз» зерттеуіне мәлімет жинаған С. С. Гроссты ақын өзі ертіп жүріп, тобықты елінің салтын көрсетіп, түсіндіргенін, ерекшелігі бар көршілес рулардың салт – дәстүрімен таныстырғанын оның інісі Кәкітай еске алады.

П. Д. Лобановский Абайдың көзі тірісінде қарындашпен суретін салып, тарихта қалдырған. Портретке ол: «Семей уезі Шыңғыс болысының қазағы. Қазақ даласына ерекше белгілі Құнанбай Өскенбаевтың (ол 1886 жылы өлген) баласы. Өзі де жергілікті мөлшерде әйгілі адам, өз халқының әдет-ғұрпының білгірі, қазақтар ортасында үлкен ықпал иесі, 45 жаста» – деп түсініктеме жазған. 1887 жылы бұл портрет Сібір – Орал ғылыми – өндірістік көрмесіне қатысады.

img44    Абайдың орыс достары, пікірлестері жайлы айта келе М. О. Әуезовтің мына бір сөзімен ойымызды түйіндейік: «Абайға әсер еткен дүниелер көп… бірақ Абай деген сол әсерлердің жиынтығы емес, бәрінен қорытылған асылы, жаңа бітім, тың тұлға».
Абайды өлкетану мұражайының шаңырағын көтеріп, керегесін керіп, уығын шанышқан деуге болады. Ол жасауымен сыйға тартқан қазақтың киіз үйі бастатқан 50-ден аса мәдениеті мен тұрмысына байланысты заттары негізінде мұражайдың этнография бөлімі құрылған.
Абай нақты қандай кітаптарды оқыды деген мәселеде біз абайтанушы ғалымдар еңбегіне сүйенсек, кітапхананың сирек қорында сақталып отырған дерек көздері Абайдың қоғам қайраткері ретінде бейнесін ашып, жарық сәуле түсіреді.

Беттер: 1 2 3