Абайтану

img28Қазақ әдебиетінің аса қуатты арнасына айналған абайтанудың ғылыми тұрғыдан зерттелу кезеңін үш салаға бөле қараудың қажеттілігі туды.

– Бірінші кезеңі, яғни абайтанудың алғашқы дәуірі ресми түрде баспасөз бетінде 1889 жылдан басталып 1934 жылмен аяқталады.
– Екінші кезең 1934-1961 жыл аралығындағы абайтанудың Мұхтар Әуезов бастаған соны танымдарының заманымен аяқталады.
– Үшінші кезең 1961 жылдан кейінгі Абай мұрасын тереңдей танып зерттеу дәуірімен жалғасады.

Абай қайтыс болысымен – ақ оның ақын шәкірттері Абай өлеңдерінің тұңғыш жинағын жариялауға кірісіп кетті.
Ә.Бөкейханов пен Кәкітай Ысқақұлы ең алғаш рет Абайдың өмірбаяны мен ақындық өнердегі басты ерекшеліктері, орыс және осы арқылы европалық әдебиетпен қарым-қатынасы алғаш рет сараланып, ақындық кітапханасының жайы біршама анықталғаны бар. Кәкітай Абайдың ақындық өнерге шынымен бет бұрғаны сексенінші жылдар озық ойлы орыс әдебиетімен танысуында жатқанын қадай айтты.
«Қазақ» газеті Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына орай қазақ елінің ұлы ақыны Абайдың өмірі мен ақындық өнерін таныту мақсатында ертерек қамданып, арнайы мақалалар циклін жариялауды қолға алды. Газеттің редакторы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласының жариялануы абайтану тарихына елеулі рухани құбылыс ретінде қабылданды.
Қоғам қайраткері А.Байтұрсынов Абай мұрасын исі қазақтың танып білу керектігін уақыт талабы ретінде бағалады. «Қазақ» газетінде жарияланған М.Дулатовтың, Н.Төреқұловтың мақалалары да Абайды қазақ халқының рухани данасы, жаңа бағыттағы әдебиеттің көш басшысы, шебер аудармашы ретінде танытып бағалауынан авторлардың білім деңгейі биік жатуын көреміз.
Семей қаласында 1918 жылы жарық көре бастаған «Абай» журналында ақын шығармаларын танып білу, халықтық таным тұрғысынан бағалау мақсатында зерттеулік мақалалар мен Абай шығармаларынан үзінділер жариялап жатты. «Екеу» деген бүркеншік атпен Абай өмірі мен шығармашылығы жайында зерттеулік мақалалар жазған Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов сол кездегі абайтану тарихында ерекше дараланып шықты.
Екеудің «Абай » журналында басылым көрген «Абайдың ақындық өнері мен һәм қызметі» және «Абайдан соңғы ақындар» деп аталатын мақалаларында түйген ортақ танымнан туындаған ойлары, негізінен, Абайдың қарасөздері мен аудармашылық өнеріне әдебиет ғылымы тұрғысынан терең талдаулар жасаған. Өйткені Абайдан кейінгі қазақ ақындарының шығармаларын жанры жағынан талдап жіктегенде Мағжан мен Сұлтанмахмұтты лирик ақындар тобына жатқызса, А.Байтұрсынов мен С.Дөнентаевты халықтық сарындағы ақындар тобына қосады да, Абайдың ақындық дәстүріне еліктеген, шәкірт ақындар ішінен «Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абай өлеңіне сырттай болса да ішкі мағынасымен еліктеген кісі «Шәкәрім» деп Абайдың дүниетанымына тереңірек бой ұрған ерекшелігін сол тұста-ақ дөп басқан.
Абай мұрасын орыс тілінде танытып бағалауда Ә.Бөкейханов пен ағайынды Белослюдовтар, әсіресе С.Сәдуақасов тарапынан жарияланған мақалалардың Абайтану тарихында өзіндік орны бар, болашақ зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар берерлік өзіндік танымымен ерекшеленетін еңбектер. Абай мұрасын орыс қауымына танытып насихаттауда дер кезінде елеулі үлес қоса білді. Абай мұрасын тану жолында ақын шығармаларының баспасөзде біршама жариялануы елеулі мәні бар құбылысқа айналды. Бұл әрекеттер өткендегі ресми баспасөз орны мен ішінара ақын өлеңдерін баспасөз арқылы жариялауға ат салысқан адамдардың Абай мұрасына қатысы мен сол жарияланған Абай шығармаларының текстологиялық жайы қалай еді деген сұраққа жауап та бере алады.

Абай мұрасының бірегей білгірі академик М. Әуезовтің:«Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған… Абайдың өмірі мен ортасын еңбектерінің әр алуан сипаттарын, өз шамасынша, көпшілікке мәлімдеп отырған үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді еске алуымыз керек» – деген пікіріне сай Абай дәуірінде-ақ баспасөзде жарияланған кейбір өлеңдері мен ол туралы азын-аулақ деректердің ақын мұрасын таныту мен бағалауда елеулі мәні барлығы арнайы сөз етуді керек етеді. Бұл жолда азды-көпті еңбек етіп, Абай мұрасын танытуда, бағалауда өзіне тән үлес қосқан : Ә.Бөкейханов, Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауһари әл-Омскауи, Кәкітай Ысқақов, Сұлтанмахмұт Тоайғыров, Самат Әбішұлы сияқты революцияға дейінгі қазақ қауымының қоғамдық ой-санасының демократиялық-ағартушылық бағытындағы интеллигенттер тобы еді.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10