Абай философиясы

img41 Ақын шығармалары 19 ғасырда да Қазақстанда демократиялық қоғамдық ойдың қалыптасып, дамуына негіз болған басты-басты идеялық үш қайнардан нәр алды:

1) қазақтың ауыз әдебиеті мен өткен замандардағы жазба ескерткіштерінен сусындаған алдыңғы қатарлы халықтық дәстүр;
2) ежелгі және орта ғасырдағы Шығыс ойшылдарының таңдаулы шығармалары;
3) орыстың материалистік философиясы мен демократиялық мәдениеті, сол арқылы дүниежүзілік (ең алдымен Батыс Европаның) философиялық ойдың жетістіктері.

Әуезов бұл идеялық бағыттарды бір-бірімен табиғи ұштасып, жалғасып кететіндігін айта келіп, Абай дәуірі үшін осылардың ішінде үшінші қайнармен, орыс классиктерінің шығармаларымен таныстықтың маңызы аса зор болғанын, Қазақстандағы қоғамдық ойдың болашақта жандана түсуіне ықпал еткенін атап көрсетті.
Ғалым Абайдың орыс әдебиетімен және философиялық озық ойымен байланысын оның аударған шығармаларының санымен немесе оған революционер демократтар идеясы ықпал етті деген қарапайым түсініктерді еске алумен ғана дәлелдемек болған «жеңіл-желпі, қара дүрсін пікірлерге» қарсы шықты. Ол Абай шығармашылығының өткен заман ойшылдарының теориялық мұраларымен байланысын анықтайтын мәселелердің тым тапшы зерттелгеніне өкініш білдірді; Абайдың орыс әдебиетіне ғана емес, сонымен қатар адамзаттың бүкіл рухани мәдениетіне қатынасын тұтастай даму үстінде «орыс және қазақ халқының байланыстарын сол кезеңнің мазмұнын анықтайтын саяси оқиғалармен тығыз органикалық байланыста карастыратынының» методологиялық маңызы аса зор. (Әуезов М. Әр жылдардағы ойлары.-Алматы, 1961, 148-149 6.)
Өз заманының ғұламасы болған Абай көптеген орыс жазушылары мен философтарының, әсіресе, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, И.А.Крыловтың, В.Г.Белинскийдің, А.И.Герценнің, Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың шығармаларын оқып, зерттеді, орыс революционер-демократтарының озық ойы, оның дүниетанымының қалыптасуына үлкен ықпал етті.
Ойшыл-ақын ежелгі заман философтары Сократ, Платон, Аристотель, сондай-ақ, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұраларымен де жақсы таныс болды; Батыс Европа философиясын, дәлірек айтқанда Р.Декарт, Б.Спиноза, Г.Спенсер, Л.Фейербах еңбектерін оқыды: «…өзінің рационалдық философиясын Абай кездейсоқ жасай салған жоқ, алдымен осындай бай мектептердің оқуынан өтіп алып, сөйтіп, бұларды өзінің творчестволық өңдеуінен өткізген соң ғана жасай алды» (Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. А. , 1969, т.15 , 141-б.).
Ол Ч. Дарвиннің даму теориясы мен анатомиялық ілім негіздерін білді. Абайдың жаратылыстану ғылымындағы білімінің кеңеюіне орыстың материалистік психологиясы, нақтырақ айтқаңда И.М.Сеченов пен К.Д.Ушинский еңбектері маңызды қызмет атқарды. Ақынның дүние-танымына сол кезеңде Семейде тұрған, саяси аударылған адамдарымен достығы игі әсерін тигізді. Олардың арасында Е.П.Михаэлис, Н.И.Долгополов т. б. демократтардың идеясында тәрбиеленген алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері бар еді. Абайдың көптеген өлеңдерінде терең философиялық ойлары, табиғатқа, таным, ақыл жайлы толғаныстары көрініс тапқан: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» т. б., 45 «сөзден» тұратын қара сөзбен жазылған «Ғақлиялары» – ақынның философиялық көзқарасының мәйегі, өзінің мәні мен тұжырымдарының тереңдігі жағынан ұлттық мәдениет шегінен әлдеқайда асып түсіп жатқан маңызды мұра. Бұл «Сөздер» қазақ хапқының сан ғасырғы тәжірибесінен (мәдениет, тарих, дәстүр, әдет-ғұрып, адамгершілік қасиеттер т. б.), адам және адамзат туралы ойларынан сусындаған.
Абай дүниетанымының бағыттарын зерттеуге Әуезов елеулі үлес қосты. Ол Абайдың көптеген өлеңдері мен 19 ғ-дағы көрнекті орыс ойшылдарының шығармаларын салыстыра зерттеу арқылы олардың терең тамырластығын ашып берді.

«Дүние – үлкен көл,
Заман – соққан жел,
Алдындағы толқын – ағалар,
Артқы толқын – інілер,
Кезекпенен өлінер, Б
аяғыдай көрінер…»

Беттер: 1 2 3 4