Аухадиев Қойгелді (1907-1943)

g4

Аухадиев Қойгелді 1907 жылы Семей облысы Көкпекті ауданы Өрнек ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін «Талапкер» ауыл шаруашылық артелінде төраға болып қызмет істеген.

1942 жылдан армия қатарында болды, танкіге қарсы 10-шы гвардиялық атқыштар полкінің командирі /6-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы, 60-шы армия, Орталық майдан/, гвардия кіші сержанты Аухадиев 1943 жылы 23-24 қыркүйек ұрыстарында ерекше көзге түсті: оның жауынгерлік тобы Нижние Жары ауылы маңындағы Днепрден / Гомель облысы, Брагин ауданы/ өтіп, жаудың бірнеше танкісін жойып, соғыс құралдарын істен шығарды. Батыл әрі ержүрек Қ. Аухадиев арғы жағалауға бірінші болып өтіп, негізгі күштің өтуіне жол ашып берді. Оның жауынгерлік есебінде 3 қираған және 2 өртенген танк, 3 оқ-дәрі тиелген жүк машинасы, «Фердинанц» өздігінен жүретін зеңбірек және 5 станокты пулемет. 1943 жылы 29 қыркүйекте сұрапыл шайқаста қаза тапты. Киев облысы Чернобыль ауданы Паришев ауылында жерленген.

Кеңес Одағының Батыры атағы 1943 жылы 16 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен қаза тапқан соң берілді. Қойгелді Аухадиев Ленин орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. А.К. Гордиенко «Днпровские были» (М.Воениздат,1967) кітабында Припять өзенінен (Белорусь пен Украинадағы өзен, Днепрдің оң саласы) өту кезіндегі Қ. Аухадиевтік көрсеткен айрықша ерлігін суреттейді.

Көкпекті ауданының Үлкен Бөкен ауданында батырға мүсін, ал Көкпекті ауданы Теректі ауылында ескерткіш орнатылған. Колхоз атаулары,  Көкпекті ауылында көше, Теректі ауылында мектеп Қойгелді Аухадиев есімімен аталады.

Әдебиеттер:

1.Отан батырларын мадақтайды. Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары: фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.25

2.Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында: библиографиялық құрал. – Семей, 2015. – Б.12-13

3.Совет Одағының қазақстандық батырлары.  – Алматы: Қазақстан, 1969. – Б.475

4.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Б.191

5.Ұлы Отан соғысы: қазақтан қанша батыр шықты? // Егемен Қазақстан. – 2011. – 7 мамыр. – Б.4-5