Құрманбай Марат Серікжанұлы 1961 жылы Семей қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. №5 орта мектепті 1979 жылы бітіріп, еңбек жолын ет-консерві комбинатында бастаған. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген соң бұрынғы жұмыс орнына оралды. 1985 жылы Жоламан кентінің көше комитетінің төрағасы болып сайланды. 1989 жылдан 1993 жылға дейін Семей қалалық кеңесінің депутаты болды. Осы жылдары Жоламан кентінде алғашқы қазақ орта мектебінің салынуы туралы көтерген мәселе оң шешімін тауып, №21 орта мектепте бір мыңнан астам қазақ балалары білім нәрімен сусындауда.
2004 жылы № 21 сайлау округі бойынша Семей қалалық мәслихатының депутаттығына сайланды. Бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. Марат Серікжанұлы өзі оқыған білім ордасы №5 мектепке де қашанда көмек қолын созып отырады. Оқушылардың ақпараттық сауатын жетілдіруде, мектепте информатика кабинетін ашып, компьютермен жабдықтады. Сабақ берген ұстаздарына деген өз қамқорлығын, құрметін қашанда назардан тыс қалдырмайды. Осы кітаптың баспадан шығуына тікелей ат салысуы оның туған еліне, оқыған мектебіне деген тағзымы деп білуге болады. 1987 жылы политехникумды, 1994 жылы Мемлекеттік басқару академиясын «Экономист» мамандығы бойынша, ал 2001 жылы Қазақ Мемлекеттік заң академиясын «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
1991 жылдан бизнеспен айналысады. «Гранит» кооперативінде делдал болып жұмыс істеді, кейіннен «Олжа» деп аталған өз фирмасын ашты, фирманың негізгі міндеті – жабық базардың құрылысын аяқтап, пайдалануға беру болатын. 1993 жылдан «Семей Базары» ЖШС президенті. Ал, 2008 жылдың 2 маусым айынан бастап «Семей Базарының», «АҚШЫҢ» КОРПОРАЦИЯСЫ» деп атауының өзгеруіне байланысты, «Азамат» күзет қызметін, «Семей Вет» ветеринарлық лабораториясын, «Жан Жақ» кешенін, «Жаңа Құрлыс Сервис» компаниясын, «АҚШЫҢ» дәріханасын және сауда орталығын біріктірген «АҚШЫҢ» КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ» президенті.
Құрманбай Марат Серікжанұлы «Нұр Отан» партиясының атынан Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутатығымен қатар, Қазақстан Республикасы сауда кәсіпорындары мен қызмет көрсету саласы қауымдастығының вице-президенті, ШҚО кикбоксинг және тай бокс Федерациясының және «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті. Қазақстанның саясаты мен экономикалық өркендеуіне қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен үш мәрте марапатталған.
Шығыс Қазақстан халықтарының тарихи, мәдени және рухани мұрасын дамытуға қосқан үлесі үшін «Алғыс» медалінің, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегі және мемлекеттік қызметтегі жеткен табыстарына «Ерен енбегі үшін» медалдарымен марапатталған. Шығыс Қазақстан облысы бойынша «2003 жылдың үздік меценаты», 2008 жылы «Білім меценаты» деп танылып, жыл сайынға «Ізгілікті ниет» марафонына белсенді қатысқандығы үшін Шығыс Қазақстан облысы бойынша мейірімділік саласында «Жыл адамы» деп танылып облыс әкімінің Дипломы мен қайырымдылық кубогін алды. Бүгін де Марат Серікжанұлы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері» және 2009 жылы 28 желтоқсанда «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағын иеленді.
Марат Серікжанұлының меценаттық танытуының негізінде Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдық тойы қарсаңында «Шәкәрімтану мәселелері» атты 5 томды, сериялық ғылыми жинақ, «Киелі Қобыз құдыреті», «Ядролық сынақ аймағы кеше және бүгін», «Туған жерге тағзым», «Төлеужан Ысмайыловқа 80 жыл», «Тәбәрік» атты және тағы да басқа көптеген кітаптарды шығартумен қатар, түрлі қоғамдық және қайырымдылық жұмыстарымен тұрақты айналысады. Мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қоғамдық ұйымдар мен қорларға, ардагерлер Кеңесіне, сәбилер мен балалар үйлеріне, спортшыларға, мектептерге, ұлттық орталықтарға, мәдениет және ғылым қайраткерлеріне үнемі демеушілік көрсетіп жүрген қазақ меценаты.
Әдебиеттер:
1. Атқарған ісі халық назарында: “Ақшың” корпорациясының президенті, облыс мәслихатының депутаты Марат Құрманбайұлы туралы // Ертіс өңірі . – 2015. – 25 қараша. – Б. 9
2. Облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар бағдарламалары : НҰР Отан ХДП атынан облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат // Семей таңы . – 2012. – 10 қаңтар. – Б. 2.
3. Қасымжанұлы С. Ел сенімі жауапкершілік жүктейді // Ертіс өңірі. – 2016. – 9 наурыз. – Б. 3
4. Қасымжанұлы С. Тағдыр тезіне төтеп берген текті әулет // Ертіс өңірі . – 2016. – 4 мамыр. – Б. 11
5. Қасымжанұлы С. 64 баланы қуанышқа бөледі // Ертіс өңірі . – 2016. – 31 тамыз. – Б. 3
6. Қасымжанұлы С. “Ақшың” асқан аулар // Семей таңы . – 2013. – 12 наурыз. – Б. 7
7. Құрманбай М. Жеткен жетістігім атқарған ісімнің халық ойынан шыққандығы // Семей таңы . – 2011. – 20 қыркүйек. – Б. 3