Сыдықұлы БәтташБәтташ Сыдықұлы 1929 жылы Абай ауданы, Саржал ауылында дүниеге келді. 1944 жылы Абай ауданының орталығы Қарауылдағы орта мектепте екі жыл оқиды. 1946 жылы екі жылдық мұғалімдік институтқа түсіп, 1948 жылы оны ойдағыдай аяқтады. Сол жылы жолдамамен Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданына барып, Құйған орта мектебінде, кейіннен Жолнұсқау жетіжылдық мектептерінде мұғалімдік қызмет атқарады.
1951 жылы Семей педагогикалық институтын аяқтасымен облыстық комсомол комитетіне нұсқаушы болып орналасты. Елуінші жылдардың аяғынан Абай ауданында Саржал орта мектебіне мұғалім, кейіннен мектеп директоры қызметтерін, 1962 жылы Абай атындағы ұжымшарда басқарма бастығының орынбасары, кейіннен Абай аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарып, ұйымдастырушылық қабілеті ұланғайыр, білімі зор, өмірден тоқығаны мол басшы, қарапайым адамның мұң-мұқтажын сергек сезінетін, ерекше бір тұлға ретінде танылды.
1976 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Семей облыстық телевидение және радио комитетінің төрағасы қызметтерін атқарып келді.
Осы жылдарда облыстық партия комитетінің пленум мүшесі, облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. Облыстық партиялық бақылау комиссиясындағы штаттан тыс мүшелерінің бірі болды.
Бәтташ Сыдықов табан аудармай Абай ауданында 20 жылдай басшылық қызметте болды. 1990 жылдары белді бекем буып, Семей облыстық «Қазақ тілі» қоғамының іргетасын қалауға белсене қатысты. Расында, еңбегі жеміссіз қалған жоқ,әсіресе қала бойынша қазақ мектептерінің саны көбейді, №37 қазақ орта мектебінің ашылуына тікелей Бәтташ Сыдықұлы көп еңбек сіңірді. Бәтташ Сыдықұлы «Семей қаласының құрметті азаматы».

Әдебиеттер:

1. Бәтташ Сыдықұлы // Семей таңы.- 2007.- 25 қаңтар. — Б. 14
2. Мырзаханов А. Ұлағат // Семей таңы . – 2016. – 4 наурыз.- Б. 2
3. Мырзаханов А. Шешендік сөз өнері орталығы Бәтташ Сыдықұлы
атында // Семей таңы. – 2016. – 11 наурыз. — Б. 1
4. Рамазанұлы Д. Ұлтжанды азамат // Семей таңы. — 1999. — 2 желтоқсан.- Б. 3