Уақап Қыдырханұлы-публицист, журналист, исламтанушы: көрме-портрет
19 қазан күні Абай атындағы әмбебап кітапханасында қалам қуатымен қалың қазаққа танылған төр Алтайдың түлегі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының үш мәрте иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Зайсан ауданының Құрметті азаматы» Уақап Қыдырханұлының 85 жасқа толуына орай «Уақап Қыдырханұлы – публицист, журналист, исламтанушы» атты көрме-портрет оқырмандардың назарына ұсынылды.
Танымал исламтанушы еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Құран Кәрімнің түсіндірмелі-мағыналық тәржімасын қазақ тіліне аударды, оның жетілдірілген жаңа нұсқасы 2002 жылы «Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың халыққа сыйы» ретінде екінші рет басылып, тегін таратылды.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2016 жылы қаламгерге мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия тағайындады, ал 2017 жылы Қазақстан Жазушылар Одағы Халықаралық «Алаш» сыйлығымен марапаттады. Ұлт мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан абыз қарияның басты арманы – жер жүзіндегі қазақтардың басын қосу, жинақталып қалған руханият, этнографиялық, шежіре сияқты ілімдерді халықтың керегіне жарату.
Қарымды қаламгердің көрмеге қойылған кенді Алтайдың тарихы, өндірісі, еңбек саңлақтары жайында көркем туындылары, «Шаңқай түс», «Таң нұры», «Тасқайнат», «Алтын ай» атты әңгіме-повестер жинағы, «Сағыныш саздары» атты диаспоралық шежіре кітабы, мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған «Алтай әуендері» атты бір топ өлеңдері, «Зайсанның бары мен зары», «Шерменде ақын, шексіз мұң», «Қазақстаным – қара шаңырағым», «Жақсы күн» т.б. мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған мақалалары, шынайылығымен, ой тереңдігі, тіл тұнықтығымен оқырмандардың назарын өзіне аудартты.