ХХ ғасырда Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: ашық сабақ
22 ақпан күні Абай кітапханасы «Жастар» колледжімен бірге «ХХ ғасырда Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін» тақырыбында ашық сабақ ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты: қазақ даласында ХХ ғасырда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларының өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу. Олардың өмір жолдарымен оқырманды тереңірек таныстыру, өткен тарихымыздан тағылым ала отырып, бүгінгі ұрпаққа әр кітап арқылы өнегелі тәрбие беру, оларды Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болуға баулу, олардың санасына тарихи шындықты жеткізу. Өткенді ескермей болашақты құру мүмкін емес. Сондықтан 1927-1953 жж. ақтаңдақтар ақиқатын түсіндіруге ұмтылу болып табылады. Сабаққа қаламыздың арнайы орта білім беретін оқу орындарының тарих пәнінің мұғалімдері арнайы қонақ ретінде шақырылды. Кітапхана қызметкерлері «Алаш қайраткерлері» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, студенттерге шолу жасап өтті. Көрмеден «Жазықсыз жапа шеккендер», «Дело №… Летопись горького времени», «Әлихан Бөкейханов», «Түнекте тұншыққандар», «Страницы трагических судеб», Т.Омарбековтың «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті», М.Қозыбаевтың «Ақтаңдақтар ақиқаты», Н.Дулатбековтың «Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері» және т.б. кітаптар орын алды. Сабақты бейне көрсетілім мен тақырыптық слайд толықтырды. Шара соңында студенттер бүгінгі сабақтан алған әсерлерімен бөлісіп, осындай Алаш қайраткерлерінің ұрпағы екендіктерін мақтанышпен айтатындарын жеткізді.