Құммен сурет салудың құпиясы: шығармашылық кездесу
28 наурыз күні оқу залының қызметкерлері «Ұлағат» клубының аясында кітапхана пайдаланушыларына құммен сурет салудың қыр-сырын үйрету, өнер иесінің шығармашылығын насихаттау мақсатында «Құммен сурет салудың құпиясы» атты Семей медициналық университетінің 4 курс студенті, құммен сурет салудың шебері, әуесқой жас суретші Шеризатова Асеммен шығармашылық кездесу ұйымдастырды.
ХХ ғасырдың 60-жылдары АҚШ-та бастау алған құммен сурет салу өнерін америкалық режиссер Кэролайн Лиф енгізген, оның дипломдық жұмысы ретінде қорғаған «Құм немесе Питер мен қасқыр» атты бірінші құмды фильмі жарық көреді.
Құммен сурет салу – өте қызықты, сонымен қатар пайдалы өнер. Сурет салудың басқа да түрлері секілді, аталмыш өнер адамның қиялын, кеңістікті қабылдауын, есте сақтау қабілетін дамытып, әсіресе балалардың дұрыс жетілуіне, саусақтарының епті болуына әсерін тигізеді.
Әйнек бетіне құммен түрлі бейнелерді түсіріп, жаңаша өнерді меңгеруге ұмтылып жүрген жастардың бірі – Семей Мемлекеттік медициналық университетің 4 курс студенті, жас әуесқой суретші Әсем Шеризатова. Әсемнің құммен салған ең алғашқы туындысы – «Ана шуағы». Сонымен қатар махаббат, табиғат, өнер тақырыбына арналған көптеген туындылары бар. Жас суретшінің құммен бейнелеу өнерінде ең мақтанарлық еңбегі – университетте өткізілген ұлы ғұлама, философ, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 – жылдығына арналған іс – шарада Шәкәрім қажының бейнесін суреттеу болды.
Шара барысында Әсем құмнан өте ғажайып әрі керемет түрлі бейнелер жасап, көрермендерге құммен сурет салып үйренудің әртүрлі әдіс-тәсілдерінен хабар беретін шеберлік-класын өткізді. Жас суретшінің қолынан туындаған туындысы «Кілт» авторлық әндерді орындаушылардың клубы мүшелерінің сүйемелдеуімен жалғасып, оқырмандарға ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар суретшінің әр жылдары бейнелеген сурет туындылары, өз қолымен жасалған сәндік – қолданбалы заттары мен бейнесуреттері, сонымен қатар бейнелеу өнері жайлы кітапхана қорынан алынған кітаптар мен мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар топтамаларымен жасақталған «Құммен сурет салудың құпиясы» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл шығармашылық шара жас оқырмандардың есінде қалары сөзсіз.