Рухани жаңғыру: Latyn – құнды мұра: кең көлемді ретро-көрме
17 сәуір күні Абай атындағы кітапхананың мамандары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы кезекті іс-шарасын Бородулиха ауданында, өңірдің әкімшілік қызметкерлерімен, кітапханашы мамандарымен және кітапхана оқырмандарымен, ауданның зиялы қауымымен кездесті. Шараға жиналған қонақтарды кітапхананың алтын қорынан жасақталған «Рухани жаңғыру: Latyn-құнды мұра» тақырыбындағы кең көлемді кітап көрмесі қарсы алды. Көрмеден көрініс тапқан 1929-1940 жылдары латын қарпімен қазақ тілінде жарық көрген басылымдарға шолу жасалып, кітап авторларымен, кітаптар тарихымен, мазмұнымен таныстырылды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде ақпан айында қабылданған Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы, жаңа ұсынылған латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы жайында тың ақпараттар берілді. Қатысушылар көрменің QR-код сөресінен орын алған латын қарпіндегі сирек басылымдардың мәтінімен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының (semeylib.kz) сайтына орналастырылған түрлі ресурстар ұсынылып, мамандарға кеңес берілді. Алаш үкіметінің 100 жылдығына арнайы ұйымдастырылған «Алаш» электронды кітапханасының барлық айдарларын ашып, кітапхана қорына енген құнды құжаттар көрсетілді.
Шара соныңда қатысушылар кітапхана қызметкерлеріне осындай мәнді де мағыналы кездесу үшін ризашылықтарын білдіріп, болашақта да осындай шаралар болып тұрса деген ниеттерің білдірді.