Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының таныстырылымы
Абай атындағы кітапханада 18 сәуір күні Н.Назарбаевтың Алматы қаласында «ҚазАқпарат» баспасынан публицистика жанрында қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Шараны қала әкімінің орынбасары Н.В.Шарова бастап ашып, Елбасының жаңа туындысы ел Тәуелсіздігінің хроникасы іспеттес, 26 жыл ішіндегі оқиғаларды түрлі фактілермен талдап түсіндірген маңызды еңбек. Отандық және шетелдік қалың оқырманды қызықтырар туынды екендігін атап өтті.
Кітаптың тұсаукесерін заң ғылымдарының докторы, ҚазИГЗУ-нің Ғылыми жұмыс және жаңа технологияларды коммерциализациялау жөніндегі проректоры Матаева Майгүл Хафизқызы жүргізіп, кітапқа жалпы шолу жасады.
Елбасының жаңа туындысын талқылауға арналған тарихи-танымдық шараға Семей қаласындағы ЖОО-ның ғалымдары қатысып, еліміздің даму үлгісі мен маңыздылығын, даму эвалюциясы мен басты ұстанымдарын терең таныстырып, түсіндірді.
Еспенбетов Арап Сіләмұлы, филология ғылымдарының докторы, ҚР халық ағарту саласының озық қызметкері, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры:
– Ұлттық мүддені, ұлттық болмысты жоғары бағалайтын ұрпақ тәрбиелеу үшін Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын Тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық құқығымыз бар. Бұл кітаптан жас та, егде тартқан адам да, саясаткер де, жұмысшы да, яғни кез келген адам өзіне қажетті мақаланы тауып оқи алады. Бұл Қазақстан тарихы оқулығымен қатар жүретін оқулық болуы қажет. 90 жылдары елдің әл-ауқатының төмен кезінде Елбасымыз жасампаздық қабілетінің арқасында біздің жас мемлекетіміздің алға қарыштап дамуына зор еңбек сіңірді. Осындай тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, мемлекеттілігімізді қалыптастырудағы қиыншылықтар мен жетістіктерді бүгінгі жаңа туындының «Мемлекетіміздің дүниеге келуі», «Ұлы бетбұрыс», «Қияға құлаш сермеу», «Қалыптасқан мемлекет» атты бөлімдерінде баяндайды.
М.М.Түйебаев, Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университетінің әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, профессор:
– Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы егеменді Қазақстан мемлекетінің ширек ғасырдан астам тарихын саяси-әлеуметтік, философиялық тұрғыдан жан-жақты баяндаған, мемлекеттілікті нығайтудың «Қазақстандық даму» үлгісінің табиғаты мен мәнін ашқан, тағылымдық, тәрбиелік маңызы зор еңбек. Туынды әрбір қазақстандыққа рухани жаңғыруды өзінен бастау керек деген ой салады. «Мәңгілік қазақ елінің» болашағы тәуелсіздік дәуірінде қол жеткен жетістіктерімізді жаһандану кезеңінде бәсекелестікке қабілетті, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосып, мемлекеттілігімізді нығайтып, заман талабына сай ұлттық санамызды, ойлау жүйемізді дамыту қажет дегенді мегзейді.
Исин Амантай Исаұлы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы, белгілі тарихшы, ғалым, археолог, профессор:
– Бұл еңбектің үлкен методологиялық құны бар еңбек. Елбасы кітабында тәуелсіз еліміздің даму жылдары жан-жақты талданған. Əрбір төрт кезеңнің даму ерекшеліктері, мемлекет басшысының назарында болған басты мəселелер, ішкі жəне сыртқы саясаттың жүзеге асуы, ұлт құндылықтары қарастырылады. Қазақстанның қазіргі даму кезеңіндегі басымдықтар ұғындырылады. Елбасы тарихты біліп-танудың, мемлекеттік тілді дамытудың маңызын баса айтады. Елбасы тарихты зерделеуге үлкен мән береді.
Мұқатаева Айзат Амантайқызы, философия және саясаттану кафедрасысының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы:
– «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегіндегі көзқарас нақтылығы, пікір тереңдігі, тұжырымдама негізділігі, әдістеме ұтқырлығы – бәріміз үшін үлкен рухани азық.
Елбасының кітабын «Тәуелсіздік дәуірі» деп атауы да сондықтан. Мұнда тәуелсіздік алған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстанның жүріп өткен жолы тізбектелген. Яғни, осы уақыт аралығында орын алған елеулі оқиғалар мен фактілер жан-жақты талданып түсіндірілген. Олай болса, кітап мақсат-міндеттерімізді жүзеге асырудың басты құралына айналуы керек.
Қадыров Берік Қайыпханұлы, Қазақ инновациялық университетінің экономика ғылымдары бойынша PhD докторы:
– Бұл кітап егемен ел ретінде іргетасы қаланған мемлекеттің арғы-бергі тарихын танып-білгісі келетіндерге, соның ішінде, әсіресе студент-жастарға таптырмас еңбек. Кітап алдағы уақытта көптеген жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізулеріне көшбасшы болып, еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен сан алуан жолдарын, жетістіктерін, өзіндік Қазақстандық даму моделін келер ұрпаққа насихаттауда пайдасы зор болады деп ойлаймын. Кітаптың мазмұндық құндылығын ескере отыра, оны жалпақ қауымға қол жетімді ету мақсатында ЖОО-да 1 курс студенттеріне міндетті компонент ретінде жүргізілетін «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәнін оқытуда Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын оқу процесінде пайдалануға ұсынамын және кітапхана қызметкерлерімен қаламыздың білім беру мекемелерінде оқушылар, студент-жастарға Елбасының еңбектерін насихаттау мақсатында, көшпелі көрмелер ұйымдастырылып, түсіндіру шаралары қарастырылса бұл жас жеткіншектер үшін өз халқының даму кезеңін санасына сіңіріп өсуіне үлкен көмек болар еді»,-деген ойын айтты.
Шараға қаламыздағы зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ЖОО оқытушылары, кітапханашылар және кітапхана пайдаланушылары қатысып, Елбасының Тәуелсіздік жылдарында жазған еңбектерінен жасақталған «Тәуелсіздік дәуірі» тақырыбындағы кітап көрмесімен танысты. Қатысушылар арнайы дайындалған «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының макетінен кітаптың QR кодталған нұсқасын ұялы телефонға жүктеп, оқу мүмкіндігіне ие болды. Пайдаланушылар алдағы уақытта кітапты біздің кітапханадан және кітаптың электронды нұсқасын Елбасының жеке веб парақшасынан (http://personal.akorda.kz) және біздің кітапханамыздың сайтынан (http://www.semeylib.kz) алып оқи алады.