Жүрекке ыстық сүйікті қалам: музыкалық-поэтикалық кеш
Студенттердің бойында отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыра отырып, патриоттық сезімдерін ояту, туған қаласын құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында 26 қыркүйек күні Абай атындағы кітапханада қала күні мерекесіне орай «Жүрекке ыстық сүйікті қалам» атты музыкалық-поэзиялық кеш өткізілді.
Кешке Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенттері мен Д. Бабатайұлы атындағы ақындар мектебінің ақындары, Қазақ Инновациялық Университетінің студенттері мен М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттері қатысты.
Семей қаласының қазақ халқының тарихи-рухани, мәдени дамуында атқаратын ролі орасан зор. Шара барысында Семей тарихы туралы ғалым Асан Омаров құнды деректермен бөлісіп, Семей қаласының тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Құсайынов Мирас өлке тарихына қатысты тарихи деректер жайында баяндады.
Кеш барысында Семей тарихына қатысты Семей телерадиокомпаниясы ұсынған бейнематериал ұсынылды.
Қазақ Инновациялық Университетінің студенттері «Абай жаққан бір сәуле сөнбесін деп» әдеби монтажды орындап, Қазақ Инновациялық университетінің студенті Айтхожина Махаббат «Атамекен» әнін, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің 1 курс студенті Нағашыбек Жәнібек «Туған жер» әнін тамылжыта орындады. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің Д. Бабатайұлы атындағы ақындар мектебінің ақындары Семей туралы өлеңдерін оқып, «Туған жер – алтын бесігім» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кеште өнер көрсеткен барлық өнерпаздар алғыс хатпен марапатталды.