Сарбаз. Ұстаз. Жазушы: кітап көрмесі
13 маусым күні Абай кітапханасында Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген ұстазы, көрнекті жазушы Камен Оразалиннің туғанына 105 жыл толуына орай «Сарбаз. Ұстаз. Жазушы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме Семей медицина университетінің студенттері мен кітапхана оқырмандарының назарына ұсынылды.
Оқырмандар қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығы, ұстаздық еңбегі жайында мол мағлұмат алды. Олар жазушының «Көктем салқыны», «Аттаныс», «Абай ауылына саяхат», «Абайдан соң» атты туындыларымен және 1950 жылы жарық көріп, қаламгерге халықтық танымалдылық әкелген алғашқы туындысы – «Жексен» повесімен танысты.
Сонымен қатар, көрмеде «Иртыш», «Рудный Алтай», «7 дней», «Спектр» сияқты газеттер мен басылым беттеріндегі жазушы әрі ұстаз Камен Оразалиннің өмірі мен шығармашылығы жайлы Ә. Нұршайықов, М. Сұлтанбеков, Л. Часныктың және өзге де замандастарының мақалалары оқырман назарына ұсынылды.