Семей қаласы Еуразияның тура жүрегінде орналасқан. Оның географиялық орталығы Гринвич бойынша шығысқа қарай 50 градус ендік пен 80 градус бойлықтың қиылысқан тұсында, Семей қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан. Қаланың пайда болуы Қазақстанның Ресейге қосылу тарихымен тығыз байланысты Семей қамалынан басталған. Доржынкит – қазіргі Семей қаласы тұрған жерде, Ертістің оң жағасында, дөңестің үстіне орналасқан. Ертіс бойында мұндай көне қалалар көп болған екен. Абылайкит, Қола-Балғасын, Тұзқала, Қарақала т.б. қалалардың жұрнағы көп кездеседі.
Алыс-жақын елдерден келетін сауда айналымы ғана емес, ғылым мен мәдениеттің рухани орталығы болған Семей қаласының іргетасы 1718 жылы қаланды. Семей қаласы 1718 жылы Ямышев көлі жанынан салынған бекінісі бой көтерген уақыттан бастап, Семей қаласының дүниеге келген күні болып есептеледі. ХІХ ғасырда Семей қаласын зерттеуші ғалымдар Миллер, Н.Абрамовтар «Семь палат», «Жеті шатыр» атануына назар аударып, өздеріне дейін жазылған деректерді іздестірді. Оларды оқып, зерттей отырып, бұл өзі қалмақтардың тастан қаланған жеті құрылысы екенін, 1660-1670 жылдары жергілікті феодалдардың өзара шайқасы кезінде бұл құрылыстардың бүліншілікке ұшырағандарын айтып жазған жазған еңбектері бар. Тобыл қаласының архив мекемелерінен әкелінген Семей қаласы туралы құнды мәліметтер Абай мұражайында сақтаулы. «Тобольская губернская ведомости» газетінің 1861 жылғы 11-санында Н.Абрамовтың «Князь Матвей Петрович Гагарин» деген зерттеу еңбегінде Семей қорғанына «Семь палат», «Жеті шатыр» деген аттың берілуін, оны қалмақтар өз тілінде «Зордшинкинд» деп атағанын жазады. Олай аталуы туралы зерттеуші Миллер Тюменнің ескі архивтерінің ішінен 1616 жылы 25 қазанда патшаға жазылған Грамотада жеті шатыр туралы айтылады. 1718 жылы Семей қамалын тұрғызуға жіберген Чередов пен Бухгольц Жеті шатырдың тас сарайларының биіктігі мен әшекейлеріне таң қалады. Чередовтың айтуынша Жеті шатырдың құрылыстары Бұхар мазарының стилімен салынған. Онда ғажайып суреттер, таңғұрт тілінде жазылған кітаптар, қолжазбалар болған. Бұл жазулардың бір тобын 1718 жылы Бухгольц Петр 1-ге сыйға тарқан екен. 1776 жылы жаңадан қала тұрғызыла бастағанда, бұрынғы Ертістің тас сарайлары түгел қирап біткен, олардың орнын жаңадан тұрған үйлер басып кеткен. Алайда сарайдың екеуін сақтап қалу мақсатымен капитан И.Анреев біреуін ас үйге, екіншісін нан пісіретін тамға айналдырды. 1733 жылы профессор Г.Миллер тамның қабырғасы мықты екенін коп суретке түсіріп алған. Жеті шатыр сарайлары мен үйлері кірпіш пен тастан салынған.
Доржынкит қаласы маңындағы обаларға (қорымдарға) қарағанда бұл арада Жібек жолының Қазақстан жерімен өтуі кезінде, яғни 6 ғасырда көне қалалар болған. Бұл ойды мақала соңындағы мәлімет дәлелдей түседі: ”Жеті шатыр қаласының қалдығын қазушылар өткен ғасырда көп болған. Оған 1858 ж. Ф.Достоевский мен А.Евангель де қатысқан. Әсіресе, В.Радлов, Ф.Педашенко, ағайынды Белослюдовтар терең зерттеп, бағалы материалдар жинаған. Бұлардың зерттеуі бойынша үш дәуірдің тұрмысын сипаттайды: қола дәуірі, тайпалар одағының кезі, феодализм дәуірі. Мақала авторы деректерді зерттей отырып, қаланы 1600 жылы тұрғызылуы мүмкін дейді.
Орыс әскерінің 1716 жылы Ямышево маңында қалмақтар кейін шегініп, 1718-20 жылдары еш бөгетсіз ішке еніп кетуіне қарағанда, орыс мемлекеті мен жоңғар мемлекеті арсында келісім шарт болған сияқты.
1718 жылы Семей қорғаны салынып біткеннен кейінгі дәуірде Семей аймағына бекіністер салуға жіберген патша өкіметінің адамдары өзара келіспей, жауласқан кездері де болды.
1715 жылдары Ямышев қорғанына жіберілген полковник Бухгольц бұл аймақтың байлығын өз мақсатына, яғни алтын кенін ашып, өнімін өзі пайдаланған генерал-губернатор князь Гагаринді Петербургке Екатерина патшаға хабарлайды. Оны патша үкіметі тұтқындап, дарға асып өлтіреді.
1783 жылдан Семей бекінісі уездік қала дәрежесіне көтеріледі. Бұдан кейін 1796-1822 жылдардың арасында Семей уезі Тобыл губерниясы, Омбы облыстарына бағынған кезеңдерді басынан өткізді.
1850 жылы Семей қаласында ең алғашқы баспахана ашылды. Оған жабдық алуға сол кездегі бірінші гильиялы көпестер С.Мусин, Ф.Афонин, С.Самсонов және Б.Еспаев өз қалталарынан ақша шығарып молынан болысты. Қазірде сол баспахана мұражайы бар.
1852 жылы түйенің, айдың, бес жұлдыздың белгісі салынған Семейдің гербі белгіленді.
1854 жылдан Семей жеке облыс болып құрылды. Осы жылы Семейде 1-гильдиялы –1 көпес, 2-гильдиялы –9 көпес, 3-гильдиялы –97 көпес болды.
Жан-жақты сауданың дамуына байланысты «Тамжня» мекемесі құрылды. Осыған орай 1755 жылы қалада полиция басқармасы ашылды.
1855 жылы қалада 2 жәрмеңке ашылды, олар 25 мамыр – 10 маусым аралығында және 15 желтоқсан-1 қаңтар аралығында өтіп тұрды.
Семей қаласы – орыс елінің қазақ даласымен, Орта Азиямен, Батыс Қытаймен саяси, экономикалық, мәдени байланыс қатынастарының өзекті орталық қаласына айналды.
Сол кездегі қаланың негізгі өнеркәсібі – былғары тері илеу зауыттары, сабын қайнататын зауыттар, ұн-диірмен, сыра зауыты т.б. жеңіл өнеркәсіп түрлері болды.
Семей – сауда-саттықтың ірі орталығы болды. Бұл туралы Омбы қаласында көлемді архив томдары бар. Онда Семей саудагерлерінің әрқайсысына анықтамалар жазылған. Солардың ең бастылары: Плещеев, Арафьев, Мусиндер, Баймұратов, Каукенов т.б. туралы жазылған.
1760 жылы Семейде азиялық көпестермен және шекаралық шептерге таяу көшіп-қонып жүрген қазақтармен сауда байланыстарын ұлғайту үшін айырбас, сауда сарайы салынды. (1778 жылы ол Ертістің оң жағалауына көшірілді). Семейде айырбас сарайының ашылуына тек орыс саудагерлері ғана ықпал еткен жоқ, айырбас сауданың дамуына Әбілмәмбет ханның баласы Орта жүздің сұлтаны Әбілфайз да ықыласты болды.
Семейдің сауда орталығы ретіндегі маңызы әсіресе 1804 жылдан бастап Батыс Қытаймен арадағы сауданың жандауына байланысты өсе түскенін көруге болады. Профессор Ж.Қ. Қасымбаевтың деректері бойынша 1891 жылы Шығыс Қазақстанда 14 жәрмеңке жұмыс істеген, олардың жалпы түсірген жалпы табысы 1736800 сомды құраған. Олардың ең ірісі Қоянды жәрмеңкесі болған. Семей қаласының мәдени орталық болып қалыптасуы
1868 жылы ақ патша жарлығымен Омбы округінен бөлініп жеке Семей округі болып құрылуынан басталды. Сол жылдары Семей шаһарында орыс-қырғыз балары оқитын приходская мектебі ашылып, Семей өңіріндегі көкірегі ояу кейбір ауқатты қазақтары балаларын осы мектепке бере бастаған. Семей қаласында баспахана үйі де болды. «Ярдам» атты баспаханадан ақын Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік», Шәкәрім ақынның кітаптары жарық көрді.
1883 жылы «Сибирская газетінің» 47-санында «Семейден хабар» деген айдармен Семейде тұңғыш рет ашылған қоғамдық кітапхана мен музей туралы хабарлар беріп тұрды. Алғашқы кітапхана, музей, телеграф, пошта, теміржол бекеттері осы Семейде салына бастағандықтан, Семей Сібір мен Орта Азия халқы бас қосып, сауда жасайтын тоғыз жолдың торабы болып, қайнаған өмірдің ортасы болды.
Сонау Бұхарадан өзбек көпестері келетін. Сібірден орыс көпестері құндыз терісін әкелетін. Шығыстағы Қытайдан әкелінген жібек маталар мен фарфор ыдыстар осы Семей базарынан табылатын Мал базарында мыңдаған қой-ешкі, қара мал мен жылқы табындарын саудаға салуға қазақтар сонау Қарқаралы, Ақсуат, Аякөз бен Үржардан айдап әкелетін. Қытай саудагерлері мұнда әкелген ыдыстары мен маталарын малға айырбастап ұзақ керуенмен Қашқар, Кашмир, Тибетке дейін сапар шегетін. Сол кездегі орыс саяхатшылары Семенов Тян-Шанский, Янушкевич, Паллас, Коншин, Ш.Уәлиханов Семей елі, елі туралы мол естеліктер, жылы лебіздер қалдырған. Семей қаласының Октябрь революциясына дейін өсіп өркендеу жолындағы тарихын баяндайтын архив жазбалары еліміздің көптеген қалаларынан кездесіп отырды.
Қаламыз дүниеге 1718 жылы келгені жөніндегі көптеген кітаптар мен деректер Петербург, Омск, Тобольск қаларындағы архивтерде сақталған. Ұлы Отан соғысы семейліктер үшін де ерекше сын болды. Семейде 1941 жылы бірнеше дивизиялар жасақталды. Семейліктер майданда Отан қорғау жолында ерлікпен шайқасты, сөйтіп 44 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қала кәсіпорындары өз жұмысын майдан мүддесіне сай құра білді. Эвакуациямен келген тектес кәсіпорындар жергілікті кәсіпорындармен бірікті. Семейге Осташков былғары заводы орналастырылды. Үш фабрика (Киев, Азов және Артем ) негізінде Семей аяқ киім фабрикасы құрылды. Клинцов жұқа шұға комбинаты мен П.Алексеев атындағы шұға фабрикасының жабдықтары Семей шұға комбинатына берілді. Қала еңбекшілері Ұлы Отан соғысының алғашқы үш жылында ғана майданға 71 вагон азық-түлік, 150 мың дана жылы киім, 35 мың пар пима, 11 мың посылкалар жіберді. Осынау сын кезеңде сол кездегі М.И.Калинин атындағы ет-консерві комбинатының коллективі ерекше еңбек үлгісін танытты. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Семей қаласы көп өзгерді . Ертіс жағалауындағы көп қабатты үйлер, соңғы жобамен салынған аэропорт, темір жол, өзен вокзалы, театр үйі, кинотеатрлар, неке сарайы, «Рахат» тұрмыс қажетін өтеу үйі, орталық мейманхана т.б. құрылыстар сол кездегі Семей қаласының ажарын аша түсті. Бүгінгі Семей қаласы Республикамыздың ірі мәдениет орталығы. Қалада Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық мұражайы, Невзоровтар отбасы мұражайы, Ф.Достоевскийдің әдеби мемориалдық музейі, Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры, Ф.Достоевский атындағы орыс драма театры, Абай атындағы әмбебап ғылыми кітапхана тағы басқа да мәдени орындары бар.
Бейсенбаев М. Жеті шатыр немесе Семь палат // Семей таңы.-1998.-20 тамыз.-10 б
Бейсембаев М. Семей қаласы қалай салынған? // Семей таңы.-1988.-12 ноябрь.
Бейсенбаев М. Ертістің арғы жағы, сол қанаты: (қаланың 270 жылдығына) // Семей таңы.-1988.-1 октябрь.
Қазбалинов Т. Генерал-губернатор Колпаковский //Ертіс өңірі.-2005.-3 қараша.-11 б.
Қазбалинов Т. Ең алғашқы баспахана // Семей таңы.-2004.-3 қыркүйек.-14 б.
Қазбалинов Т. Тарихы бай шаһар // Семей таңы.-2006.-12 қазан.-3 б.
Қазбалинов Т. Семейді дамытушылар // Семей таңы.-2006.-10 тамыз.-6 б.
Мүфтиұлы М. Семейдің тұңғыш қазақ топографы // Ертіс өңірі.-2004.-2 желтоқсан.-2 б.
Семей // Шығыс Қазақстан.-Суретті кітап.-Алматы,2007.-352 б.
Семей қаласы осылай салынған // Шығыс Қазақстан облысы сәулет және монументальды ескерткіштерінің тізбесі.-Өскемен, 2005.-233 б.