Семей жұртшылығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатын қолдай отырып, Ұлт Көшбасшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «Мәңгілік Ел» идеясын Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы ретінде жаһандық күрделі жағдайда татулықты сақтап, ел игілігі үшін аянбай еңбек етуде.
Қазіргі уақытта Семейде 300 мыңнан астам халық тұрады. Оның ішінде оқушылар мен студент жастардың саны 100 мыңнан асады. Осы жастарды салауатты өмір салтына баулу үшін қалада 380 спорттық құрылым жұмыс істейді.
1991 жылы Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алып өз алдына жеке дербес мемлекет болды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы қаулысымен Семей облысы толығымен Шығыс Қазақстан облысының құрамына кірді. Семей қаласы Семей өңірінің орталығы болып аумағына Абыралы ауданы, Шаған, Шульба поселкалары кірді.
1991 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Семей атом полигоны жабылды. Полигонының жабылуы қала халқы үшін, бүкіл ел үшін зор, баға жетпес қуаныштың алғашқысы еді.
2000 жылы 16 қазанда Семей қаласында іске қосылған аспалы көпір бүкіл қазақ елі үшін тарихи маңызды құрылыс болды. Көпірдің ашылу рәсімі Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен ұйымдастырылды. Көпір тек семейліктер мен Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия мен Батыс Сібірді байланыстыратын халықаралық маңызы зор жол торабы болып отыр.
Жастарды көркемөнерге, спортқа баулуда, жастардың шығармашылық қиялдарын оятып, шабыттандырып, көркем эстетикалық тәрбие беруде мәдени орындар ашылды. Соның бірі – 1991 жылдың 9 тамызында заман үлгісіне сай қалада бірден бір мәдени орталық «Еңлік- Кебек» кинотеатрының ашылуы, 1992 жылы 31 қазанда «Балалар мен жастардың шығармашылық сарайының» ашылуы семейліктер үшін көптен күткен қуаныш болды. Нәтижесінде талантты жастарымыз шетелдерге шығып өнерлерімен таныла бастады.
2007 жылы 21 маусымда қаланың «Семипалатинск» атауы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен «Семей» деп өзгертілуі семейліктерді қуантты.
2008 жылы ақын Шәкәрім Құдайбердиевтің туғанына 150 жыл толуына орай Шәкәрім ескерткіші, ән-өнерін асқақтатқан ән атасы Әміре Қашаубайұлының 120 жылдық мерейтойына орай ашылған ескерткіш, полигон құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі, жауынгер-ауғандықтарға арналған ескерткіш, Халық қаһарманы Қ.Рысқұлбековке, азаттық үшін күрескен бабамыз Қабанбайға арналған ескерткіштердің ашылуы семейліктер мен қала қонақтарының барып тағзым етер орындары.
Бүгінгі таңда қала жыл сайын өзгеріп, гүлденуде. Қаламызды абаттандыруда, жолдарды жөндеу мен көгалдандыру жұмыстары өз нәтижесін беріп, қала көркейе түсуде. Қала ежелден рухани мәдениет орталығы екенін дәделдеді.
Жастардың білім алуына да толық жағдай жасалған, нәтижесінде 2009 жылы қыркүйекте қалада Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың физика-математика бағытындағы зияткерлік мектебінің ашылуы үлкен қуаныш болды.
2010 жылы 7 қазанда Семейде тағы бір еңселі монументалды стелла бой көтерді. Ол «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған!» деп ұлтымыздың ғасырлар бойғы арман-мүддесін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген, Абайдың ақындық мектебін жазып, қазақ әдебиеті тарихының биігіне көтерілген қайсар ғалым Қайым Мұхамедханұлының туғанына 95 жыл толуына орай ашылды.
2011 жылы Семейде Қарауыл бағытына барар жолда «Абай стелласы» ашылды. Болашақта Семейді жаңашыл тұрғыдан айқындайтын жерлердің бірі – Полковничий аралы. Қырық жыл бойы сынақ аралына айналған Семейдің зобалаң жылдарын бейнелейтін жәдігер қалдыру мақсатында «Бейбітшілік стелласының» іргесі қаланды.
Халықты жұмыспен қамтуды арттыру үшін 2011 жылы Семей қаласының 2012-2015 жылдарға даму бағдарламасы, «Жұмыспен қамту 2020» және «Жол картасы» бағдарламалары бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды. 2013 жылы Семей қаласын кешенді дамытудың жоспары жан-жақты орындалып, шағын және орта бизнесте айтарлықтай табыстарға жетті. Осы жылдың 28 маусымында Елбасы Семейге келген іс сапарында қалада атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. «Семей инжиниринг» АҚ кәсіпорынның қайта жандана бастағанына назар аударды. Елбасы өз сөзінде Семей қаласын дамытуға бағытталған кешенді бағдарлама негізінде іске асып жатқан жұмыстарға қомақты қаржы бөлінгенін атап өтті.
2013 жылы 21-22 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан футболының 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, ел Үкіметінің және Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен мерейтой аясында ауқымды іс-шаралар өткізілді. Осы орайда Семейде «Қазақстан футболына – 100 жыл» көшесінің рәсімі өтті.
2014 жыл қаламыздағы денсаулық сақтау саласы үшін сәтті болды деуге негіз бар. Жаңа медициналық мекемелер ашылды, емханалардың жабдықталу деңгейі жақсарды, Елбасы Жолдауларында көрсетілген міндеттер, денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынған жұмыстар нәтижелі атқарылды.
2011-2014 жылдар аралығындағы тұрғын үй бағдарламасы Семейде серпінді. Соңғы үш жылда қалада 22 көп қабатты тұрғын үй құрылысы мен 900-ден астам жеке тұрғын үйлер салынды. Қаланың аграрлық секторында қазіргі уақытта 628 шаруа қожалығы, 2 өндірістік кооператив, 17 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 11 саяжай кооперативі және тұрғындардың 32,0 мыңнан астам жеке ауласы бар. Өңірге қарасты шаруашылық құрылымдарының басым бөлігі белсенді жұмыс атқаруда.
Өңірде құс етін өндірумен айналысатын бірегей кәсіпорындардың бірі – «Шығыс Бройлер» ЖШС. 2012 жылдан бастап кәсіпорын жұмыртқа бағытынан бройлерлік, яғни құс етін өндіру бағытына толығымен ауысты. Сондай-ақ бұл бағытта жұмыс істейтін тағы бір кәсіпорын – «Прииртыш бройлер құс фабрикасы» ЖШС. Семейде кондитерлік және кулинарлық өнімдерді шығару жақсы жолға қойылған. Осы орайда жаңа заманауи кәсіпорын «Кондиз» ЖШС-сі әлемдік стандарттарға сай құрылған. Фабрика өндірістік мүмкіндіктері бойынша қаланың ірі фабрикалары арасында лайықты орын алады. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 14 400 тоннаны құрайды.
2015 жыл атаулы күндерге толы болды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ел Конституциясының 20 жылдығы, Абайдың 170 жылдығы құрметіне арналған мәдени шаралар қала өмірін мейлінше жарқын етті.
2016 жылы Семей жұртшылығы Елбасымыздың саясатын қолдай отырып, қойылған міндеттерді өз дәрежесінде орындады. Семей жұртшылығы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығын, Қайым Мұхамедханұлының 100 жылдығын, Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығын, Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы оқиғаларын атап өтті.
Бүгінде Елбасының қолдауымен Қазақстанның әр өңірінде баспанамен қамтамасыз ету шаралары жалғасуда. Сондай игі істер Семей шаһарында да жүзеге асырылып жатыр. Шаһарда жаңадан бой көтерген бірқатар әлеуметтік нысандар халық игілігіне берілді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Семей қаласындағы бірегей білім ордасы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Қарағайлы ықшам ауданындағы мектепте енді 720 бала білім ала алады. Заманауи мектептің айрықша тұстары көп. Білім ошағында нано, биотехнология, робот техникасы сынды бағыттар терең зерттелмек.
Семей қаласында жеке студиялардың жұмыстары жанданып, бойында өнері бар таланттардың жарыққа шығуына өз үлестерін қосып келе жатыр. «Дариға – ай» жастар театры, қалалық мәдениет сарайының ұжымы сияқты мемлекеттік мекемелерден өзге, «Мәдениет» агенттігі, «Серілер», «Той – думан» той орталықтарында шеберліктерін шыңдап жүрген жас таланттар өңіріміздің болашағы.
Бүгінгі күні Семей өңірінде 80 ұлттың өкілі тату өмір сүріп жатыр. 2014 жылы наурыз айында Семейде жергілікті этномәдени бірлестіктер өкілдерінің басын қосқан «Қазақстан наны» атты ерекше фестиваль өтті. Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХХІ сессиясына орай қалалық Достық үйінде ұйымдастырылған шараға шаһардағы 16 ұлттың мәдени орталығы қатысты.
Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық – мұражайы қазақтың бас ақыны Абайдың мұрасын көпшілікке танытуда тынбай еңбек етіп келе жатыр. Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербор қалаларында, Омбы архивтері мен Қазан қаласындағы кітапханаларында жұмыс істеген мұражай қызметкерлері жыл сайын еліміз бен шетелдердің мұрағаттарынан құнды деректермен оралып жүр.
Семей өңірінде талаптанып жүрген спортшылар жетерлік. Солардың ішінде ел шетел ареналарында ел намысын қорғап жүрген ұлттық құрама майталмандары, грек-рим күресінен жастар арасында екі дүркін Әлем чемпионы күміс жүлдегері А.Жүрсімбаев пен жастар арасындағы Әлем чемпионатынды екінші орын алған Н.Қойжайғанов, талантты балуан А.Еңсеханов, Е.Қоңыратовтар бар. Семейлік балуан Айбек Нұғымаров – Қазақ күресінен екі дүркін ел чемпионы, Азия чемпионы, Әлем кубогінің иегері, Әлем чемпионы және Қазақстан барысы. 2013 жылы «Қазақстан барысы» турнирінде қарсылас шақ келтірмеген Айбек Нұғымаров жыл соңында қазақ күресінен Минскіде өткен әлем чемпионатының да алтынын қанжығасына байлады.
2016 жылы желтоқсан айында «Семей қаласы бойынша №1 ШҚО Олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ іргесінде бой көтерді.
Семей қаласының географиялық жер жағдайына келсек, ол Еуразияның кіндігінде, Түркістан-Сібір темір жол магистралдарының қиылысында, Ертіс өзені жағалауында, автомобиль және әуе жолдарының торабында орналасқан. Мұның өзі халықаралық туризмді дамытуға орасан зор мүмкіндік береді. Туристер осындай саяхаттар барысында Бөрілідегі М.Әуезовтің мұражай үйін, Еңлік-Кебек ескерткішін, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мазарлары кешенін, сондай-ақ, мұндағы Евразия кіндігі осында орналасқандығын бейнелейтін белгі-ескерткішті, әсем Шыңғыстауды, Қоңыр әулие үңгірін көріп, тамашалайды. «Семей қаласы XX ғасырдың басында қазақ мәдениетінің ошағы болғаны анық» – деп бағалаған болатын Президент Н.Ә. Назарбаев.
Жалпы, семейліктердің есінде тәуелсіздік жылдары талай-талай маңызды оқиғалар қалды. Ендігі мақсат – Тәуелсіз елімізді Мәңгілік Елге айналдыру үшін семейліктердің шығатын асулары бен бағындыратын белестері алда болмақ.
Әдебиеттер тізімі:
Асылжан П. Елбасы қаланың «Семипалатинск» атауын «Семей» деп өзгертуді ұсынады // Семей таңы. – 2007. – 21 маусым.
Құсайын М. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының Семей өңірінің ақпараты бойынша дайындағын // http://akimsemey.gov.kz/
Құсайын М. Бизнестің дамуына жағдай жасалуда // Семей таңы. – 2015. – 23 қаңтар. – Б.1
Құсайын М. Өнеркәсіптің дамуында оң өзгерістер бар // Семей таңы. – 2014. – 7 қазан. – Б.2
Құсайын М. Тәуелсіздікке барар жолда // Семей таңы . – 2016. – 15 сәуір. – Б.2
Мұратқалиұлы Ж. Атқарылған іс аз емес // Семей таңы. – 2016.-22 шілде. – Б.2
Мұратқалиұлы Ж. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажет // Семей таңы. – 2016. – 30 қыркүйек. – Б.2
Мұратқалиұлы Ж. Жас өрендер Семейдің тарихымен танысуда // Семей таңы. – 2016. – 25 қазан. – Б.2
Мырзаханов, А.Өңір дамуының өзегі – инвестициялық тарту // Семей таңы. – 2016. – 12 шілде. – Б.1
Семейліктерге серпін берген мешін жылы // Семей таңы. – 2016. – 22 желтоқсан. – Б.3
Сәрсенғали, Ә. Семей медициналық кластерге айналып келеді // Семей таңы. – 2014. – 11 қараша. – Б.2
Сүлеймен, Ж. Айбек – төрт дүркін әлем чемпионы // Семей таңы. – 2016. – 30 қыркүйек. – Б.2