«Мәңгілік Ел – болашаққа бастар жол»: кең көлемді кітап көрмесі
9 желтоқсан күні Семей қаласындағы арнаулы оқу орындарының бірі – Құрылыс колледжінде Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шаралар аясында «Ұлы дала елі – Мәңгілік Ел» тақырыбында облыстық мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараға Абай атындағы кітапхана қызметкерлері ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне арналған «25 жұлдызды күн» шаралары шеңберінде ұйымдастырған «Біріңғай ұлт болашағы. Ұлы дала дәстүрі», «Мәңгілік мәдени мұралар», «Болашаққа ұмтылған Қазақстан» атты үш бөлімнен тұратын «Мәңгілік Ел – болашаққа бастар жол» тақырыбында кең көлемді кітап көрмесімен қатысты. Шараға қатысушылар Ұлы Даланың қазақ тарихында аттары алтын әріппен жазылар даңқты ұл-қыздары, ел тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күрескен тарихи тұлғалар мен тәуелсіздігіміздің шежіресіндей ел дамуының басты қадамдарын паш ететін дәстүрлі әдебиеттер, электронды басылымдармен жақын танысты.
Көрмеге қойылған басылымдар бүгінгі күні еліміздің экономикасы, өнері, мәдениеті, ғылымы, өнеркәсібі салаларының дамуының әрбір сәтті қадамдары Қазақстанды шаңырағы мықты, қабырғасы берік, көпұлтты, татулығы ұйыған, берекелі, іргелі – «Мәңгілік Ел» ретінде әлемге танытып отырғаны туралы ақпарат береді. Көрмеге жалпы 50-ден аса кітап, баспасөз басылымдары, электронды әдебиеттер қойылды.
Шараға қатысушы қаржы-экономикалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Ж. Бақтиярова, байланыс және радиотехника колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Т.
Есимбаевалар:
– Тәуелсіздік – ол қасиетті, қастерлі ұғым. Ол жай ғана тәңірдің сыйы емес, ата-бабамыздың ғасырлар бойы күрескен, азаттық жолындағы қанды, дауылды жорықтарының нәтижесі болып табылады. Сондықтан Тәуелсіздіктің әрбір күнінің, әрбір айының, әрбір жылының тарихын жас ұрпақ білуі керек. Бүгінгі шараға осындай кітап көрмесінің ұйымдастырылуына өте қуаныштымыз, қойылған кітаптардың жастарға берері мол,- деп өздерінің жүрекжарды ойларын білдірді.