Абай және Пушкин

s09       А.С. Пушкиннің аса кесек көркем туындыларының бірі «Евгений Онегин» – шын мағынасында халықтық шығарма болды. Мұндағы басты кейіпкерлер төменгі таптан шыққан адамдар. Бірақ ең маңызды нәрсе – Онегин мен Татьяна, Ленский мен Ольга – осылардың қай-қайсы болмасын қарапайым халыққа қаншалықты жақындығы тұрғысынан бағаланады, олардың халық мүддесін түсіне білу – артықшылығы болса, халықтың ой-түсінігінен алшақтығы – осалдығы болып шығады. Мұны кезінде Белинский өте қисынды дәлелдеп көрсеткен болатын.

«Онегин» – Пушкиннің ең бір ішкі сыры молынан ақтарылған шығармасы, оның қиялының сүйікті перзенті, Пушкиннің тұлғасы «Онегинде» көрінгендей ақын тұлғасы мейлінше толық, жарқын және анық көрінетін туындылар өте сирек кезедеседі. Мұнда оның бар өмірі, барлық жан-сыры, барлық махаббаты да, сезімдері, ұғым-түсініктері, иедалдары да айқын көрініс тапқан» деген Белинскийдің пікірі көп жайды аңғартады.

«Евгений Онегиннен» алған үзінділерді Абай бір жүйеге түсіріп, өзара байланысты етіп береді.
Абай он бір буынды өлеңмен жазса да, аударманы Пушкин тексіне мағынасы жағынан өте жақын етіп бере білген, аударма түпнұсқаға жолма-жол сай келеді.

Как рано мог он лицемерить,
Таить надежду , ревновать,
Разуверять, заставить верить,
Казаться мрачным, изнывать.

Жасынан түсін билеп сыр бермеген,
Дәмеленсе, күндесе білдірмеген.
Нанасың, не айтса да, амалың жоқ.
Түсінде бір кәдік жоқ «алдар» – деген.

Осыдан-ақ Абайдың Онегин мінезіне тән қасиет-сипаттарды айнытпай, дәл бейнелейтінін байқаймыз. Осы өлеңде Онегинге берілген сипаттамалар – өр мінезділігі, ғашықтық сөзге жүйріктігі, көңіліне жаққан адамды елітіп әкететіні, ұнатпаған адамын қорлаудан тайынбайтыны алдымен Онегиннің өз басын, мінез-бітімін танып-білуге мүмкіндік берсе, сонымен қатар оның Татьянамен және Ленскиймен қарым-қатынасын түсіну үшін де мәні бар.

Мысалы,
Ғашық құмар, ақылмен бойыңды алып,
Жылы жауап есітер не қылсаң да.
Ел аулақта оңаша қолына алып,
Көңілдегі сабағын айтып тынар, – деген мінездеуге сай Онегин Татьянаның өзіне ғашық сезімін білдіріп хат жазғаннан соң, жар сүюге, үйленуге менің жайым келмейді, бүгін сені сүйсем, ертең жалығамын дей отырып, әлі жассың, өзіңе лайық емес адамнан сақ болғайсың деп біраз ақыл айтып, «сабағын» беріп тынады. Онегинге Татьянаның махаббат сезімін білдіріп хат жазатыны – романның сюжетіндегі ең бір түйінді жері. Абай «Татьянаның Онегинге жазған хаты» (Амал жоқ – қайттым білдірмей) деп сол «Я к вам пишу – чего же более» деп басталатын Татьяна хатын кейбір жерде сөз қалдырып кетіп еркін аударғанмен, Пушкин тексінің жалпы мағынасын дұрыс береді. Аудармада Татьяна бейнесі, орысша түпнсұқасының басты ерекшеліктері сақталып, шебер суреттелген.
Мысалы:
Зачем вы посетили нас?
В глуши забытого селенья
Я никогда не знала б вас,
Не знала б горького мученья, –

Келмесең егер сен бізге,
Сау болмас па ем, әлбетте?
Болмасам ашына мен сізге,
Түспес ем мұндай бейнетке,- деп қазақшалаған.

Беттер: 1 2 3