Өзіңе өкпелегенім – мұңданып төккен өлеңім
Өзіңе өкпелегенім –
мұңданып төккен өлеңім;
соншалық ашуланғаным –
жаныммен ашынғандағы үн;
қалғандай құрғап тамағым –
тіс жарып тіл қатпағаным;
сіміріп сағыныш зарын,
өзің деп алып-ұшқаным;
шайғандай тұнық бір ағын,
өкпені ұмыттырарың –
бәрін де татып келемін.
.. .Осы екен бақыт дегенің!
1976
***
Мен сені жүретінмін мақтан көріп
Мен сені жүретінмін мақтан көріп,
қызғыш боп, өсек айтқан жаттан қорып.
Өзгеше жұрттан бөлек жан дейтінмін,
жоқтай бір көлеңкесі таң кейпіңнің.
Аңқау да аңғал жансып жүретінсің,
сезімтал, сырды айтқызбай білетін шын.
Әрқашан ақ көңілмен қарсыладым,
ерсілеу қылығыңа сан шыдадым.
Жүрдім мен өзің жайлы ойым дырдай,
гулеген өсектерге мойын бұрмай.
Арам да достарыммен кетті алыстап:
сен мені бөліп алдың шеттеп ұстап.
Қайғырсаң, жүрді жаным жай таба алмай,
дұшпаннан бар кегіңді қайтарардай.
Мұңайсам, қайғы қостың үстемелеп,
бел бусам, дедің-ау сен: “Күш не керек!?”
Жарқ етсе бір жақсы ісім, теріс дедің,
мен сосын оның бәрін кері істедім.
Көрсетсем бір жат қылық, мақтадың кеп,
мән беріп оған бірақ жатпадым көп.
Білмедің түбі жырақ кетерімді –
өзің-ақ мені сұмдау етеріңді.
.. .Өзіңсіз қазір тіпті жайлы маған,
тек қана сенің үшін қайғыланам.
Бүйтпес ең, бар-жоғымды ескермес ең,
өзіңнен биіктігімнен сескенбесең…
1973
***
Жанарым талды-ау менің
Жанарым талды-ау менің
заңғар шыңдардың басына қарауменен
(көңілім, шырқап қалдың ба – жадаулау ең?!)
Сол биіктіктің көз жетпес ұшар басынан
лапылдап тұрған мен ылғи алау көрем.
Мен даланың қызы едім,
жазықтығында жатпайтын көз ілер қара
(жазира менің жанымның өзі де дала).
Асқар көрмеген мен шікқін биік дегенді
өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана.
Биіктіктегі дауылдар
елестететін шығар-ау майдан сындарын
(мен де бір самғап көрсем бе – қайралсын
жаным!)
Қайта келмейтін тұлғадай мынау жалғанға
қасқайып қалай тұрсыңдар, қайран шыңдарым!?
Ей, менің шырқау аспаным,
сұңғыла шыңнан өзің де бұлтармадың ба –
сүйгізіп жатсың шымылдық-бұлт аржағында!
Мен білсем, сонау шыңдарға көзім жетпейтін
демігіп әрең жетеді-ау сұңқарларың да!
Мен төменде тұрсам да,
қияларға тігер жанарда мұң тұна қалмай,
астан-кестен боп кеттім жыр құрагандай!
Тентектеу көңілім тынатын емес-ау енді
сонау заңғардың басынан бір құлап алмай!..
1970