«100 жаңа есім – 2021»: IV маусымның жеңімпаздарының бірі – Дулат Тастекеев

Кәсіпкер. Өзіме емес, өзеге болса дейтін атымтай азамат. Шығыс аймақта жол салған. Талай жанға қолдау көрсетіп келеді. Жыл сайын дарынды жастарға беретін арнайы стипендиясы бар. Ал, биыл Семейде талай жылдан бері тұрған мешіттің құрылысын аяқтап берді.
Қазақстанның кәсіпкері, меценаты, «TAS GROUP» компаниялар тобының негізін қалаушы және басқарушысы.

1999 жылы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын тәмамдаған.

2003 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген. Осы жылдан бастап республикамыздың банк және қаржы мекемелерінде түрлі қызметтерді атқарған.

2007 ж. Қазақ мемлекеттік заң университетін аяқтаған.

2009 ж. Францияның НЕС бизнес мектебінің түлегі.

2015 ж. Мәскеудің «Сколково» басқару мектебінің (Директорларға арналған практикум, компанияны басқару) курсын тәмамдаған.

2019 жылы Narxoz университетін «Іс басқару» мамандығы бойынша PHD докторанты атанған.

Дулат Тұрсынұлы – медицина, спорт және мәдениет саласындағы қайырымдылық жобаларының белсенді қатысушысы. Дулат Тастекеевтің бастамасымен Алматы облысында медициналық орталық салынды. 2016 жылы Шығыс Қазақстан облысында екі мешіттің құрылысы аяқталды. Тастекеевтер әулетінің толық қаржылай қолдауымен Тарбағатай ауданының Екпін ауылында заманауи стандарттарға сай келетін жаңа футбол алаңы салынып, ауыл мектебі мен басты жолды жалғайтын екі шақырымдық автомобиль жолы пайдалануға берілді (2016 ж.).

«Туған мектеп» акциясы аясында Екпін ауылында орналасқан І.Қабеков атындағы орта мектепте уақыт талабына сай мұражай мен тарих кабинеті ашылды. 2016-2019 жылдары Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында кәсіпкердің қаржылай қолдауымен «Туған жерге туыңды тік» халықаралық айтысы өтті, «Тарихқа толы Тарбағатай» альманахының төрт томдық жинағы және «Туған жерге туыңды тік» жинағы шығарылды (2018 ж.). Тастекеевтің бастамасымен Семей қаласында он жылға тоқтатылған орталық мешіттің құрылысы қайта жанданды. Тастекеев Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының Қамқорлық кеңесінің мүшесі болып табылады.

Әдебиеттер тізімі

Төлегенқызы, Ж. “Мақсатым – еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту”  // Семей таңы. – 2021. – 13 мамыр. – Б. 3

Дулат Тастекеев// https://kk.wikipedia.org/

Дулат Тастекеев  100 новых лиц Казахстана // https://100janaesim.ruh.kz/