Семей – тарихы бай қала. Семейдің бауырында атақты дүлділ азаматтар, ғылым, әдебиет және өнер қайраткерлері өсіп, қаланың дамуына өз үлестерін қосты. Осы жерде 1917 жылы «Алаш» партиясы мен Алаш-орда үкіметі құрылған. Алаш қайраткерлері Семей жерінде өмір сүріп, ағартушылық қызметпен айналысқан.

Біз Алаш қайраткерлерінің ағартушылық идеяларын насихаттап, Алаш арыстарының жазықсыз ұмытылған есімдерін өскелең ұрпаққа жеткізуді көздейміз.
Сондықтан, Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы Семей өлкесінде болған Алаш зиялыларының еңбектерін «Алаш арыстары» жобасы арқылы пайдаланушыларға кеңінен ұсынуды жөн көрді.

Жобаның мақсаты – Алаш қайраткерлері ту еткен ұлттық сананы көтеру, Алаш зиялыларының сан-салалы мұрасын насихаттау, Алаш қайраткерлерінің туған тілі мен тарихын, өнері мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесін зерделеу, Алаш тарихының дерекқорын кеңейту, материалдар жинау, шетел ғалымдарымен тығыз байланыс орнату.

Бұл жоба арқылы кітапхана:
– Алаш тақырыбына байланысты жаңа басылымдар мен жаңалықтарды қадағалайды;
– Алашорда үкіметі мен Алаш қозғалысының тарихы туралы ақпарат іздеген оқырманға көмек көрсетеді;
– пайдаланушылар жіберген материалдарды рубрикаға орналастыру үшін «Алаш туралы сен не білесің?..» атты арнайы бөлім ашады.

Бұл жоба тарихшыларға, өлкетанушыларға, оқытушылар мен студенттерге Алаш қозғалысы, қазақ зиялылары, Қазақстанның және Семей қаласының тарихы қызықтыратын жандарға көмекші болады деген сенімдеміз.

Жобаны жасауда төмендегі бірегей құжаттар: «Семипалатинск-Семей», «Абай», «Шәкәрім», «Әуезов М.О.», «Мұхамедханов Қ.», «Сирек қор» дерекқорлары және кітапхана қорындағы, қаланың мәдени-тарихи мекемелеріндегі құнды материалдар пайдаланылды. Рубрикада Алашорда үкіметіне қатысты құжаттар мен фотоматериалдар жинақталған. Жергілікті және шетел ғалымдарының ғылыми жұмыстары қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.

Алдағы уақытта сирек құнды тарихи материалдарға қолжетімділік кеңейтілмек.

Сайт рубрикасындағы материалдар келесі бөлімдер бойынша ұсынылған:

Алаш тарихы

Алаш қайраткерлері:

Ақбаев Жақып
Әлімбеков Имам
Бөкейханов Әлихан
Ермеков Әлімхан
Ғаббасов Халел
Күдерин Жұмахан
Қозыбағаров Ахметжан
Мәрсеков Райымбек
Мұстамбаев Ыдырыс
Сәрсенов Биахмет
Тұрғанбаев Мәннан
Тынышбаев Мұхаметжан

Алаштың асыл мұралары
Алаш туралы не білесің?..