Ол білім қуған қазақ жастарының жағдайын назардан тыс қалдырмай қаржылай да, рухани да демеушілік жасаудан тартынбаған. Омбы, Семей қалаларында оқитын қазақ жастары ұйымдастырған шара-кештерге қатысып, әр түрлі тақырыпта баяндамалар жасаған.
1915 жылғы «Қазақ газетінің 28 наурыздағы 114 санына М.Әуезов М.-деген бүркеншік атпен жазған мақаласында: «13 февральда Семейдегі саудагерлер клубында қазақтың жас талапкерлерінің ыждаһатымен мұсылман атынан жаралыларға деп ашылған науқасхананың һәм қазақ мұқтаж оқушыларының пайдасына болған қазақша әдебиет кешінде болғандарды жазбақшымын…» дей келіп, кешті Райымжан Мәрсековтың қазақ әдебиеті туралы баяндамасымен ашқанын, одан соң Н.Құлжанов сөйлеп, Біржан-Сара айтысы қойылып, Сара қыз-Қозыбағаровтың жамағаты Тұрар ханым, Біржан-семинарияда оқитын шәкірт-Жүсіпбек мырза Аймауытов және көріністен соң күй шертіліп, ән айтылып, Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің өлеңдері оқылып кеш өте көңілді өткенін және «…Бұл әдебиет кешін бас болып істеуші Назифа ханым мен Нұрғали Құлжановтар еді. Бұларға қазақтың жас талапкерлері қосылып һәм құрметті қажыларымыз, ақсақалдарымыз бәйбішелерімен ойынға келіп, бар ықыластарымен жаһұтдас болып, әдебиет кеші көркем де, қызық та болып өтті. Бұл кеш жалғыз қазақтарға емес, барша келген адамдарға бір түрлі көңілді көрінген. Орыстар болсын, ноғай бауырларымыз болсын, біз әдебиет кешінің мұндай қызықты болып шыққанын білмейміз десті… Ойыннан жиылған ақша 817 сом болды»- деп жазған.

1915 жылы 13 февральда болған осы кеш жайында жоғарыда аталған газетте «Семейден» атты мақаласында Нәзипа Құлжанова түскен қаржыға есеп бере келіп, «320 сомын Семей облысынан орысша һәм мұсылманша оқушы мұқтаж 12 қазақ жастарына былайша бөлдік: Студент-технолог Әлімхан Ермековке 100 сом, Студент Халел Ғаббасовқа –40 сом, … семинарист Жүсіпбек Аймауытовқа-10 сом, екі класты школдағы Тақымжан баласына-10 сом һәм сол школда оқушы Мұстамбай баласына – 10 сом»- дей келе, кешті ұйымдастыруға көмектескен адамдарға алғыс сезімін білдірген.

Бұл кеште сөйлеген сөзін: «…Мұндай жиынның болуының, осындай ізгі іс жасауының қазақ ортасында бұл тұңғышы да шығар …- деп өз сөзін бастаған Р.Мәрсеков қазақ әдебиетіне анықтама беріп, жанрларын атап,-…Бірінші дәуірі-ескі замандағы қазақ арасына жазу таралмай тұрғандағы кез. …екінші дәуірі жазудың халық арасына көбірек таралған заманы. …Абай марқұмнан бері қарай қазақ әдебиетінің үшінші дәуірі басталды…»- деп үш дәуірге бөле қарастырған. Шәкәрім қажының «Қалқаман-Мамырынан» Абай мен Ыбырай Алтынсарин өлеңдерінен мысалға үзінді келтіріп, шешендік өнер иелері қазақтың үш биі мен ақын, жырау, күйшілер жайынан сөз қозғап, әдебиет тарихына қысқа шолу жасайды. «Қазақ әдебиетін көркейтіп, түрлендіріп, сөз қадірі кетіп бара жатқан уақытта сыртына өң беріп, ішіне жан кіргізіп, сөз қадірін танытқан осы Абай болды… Абайдың һәм Алтынсариннің өлеңдері қазақтан шыққан жас ақындарға үлгі болды»- деп жоғары баға беріп, болашақта «сөз қадірі ұлғайып…өзге жұрттар қандай болса, бізде де сондай болар» -деген үлкен үмітпен сөзін аяқтаған.

1908-1912 жылдары Р.Мәрсеков Омбы сот палатасының шақыртуымен сонда қоныс аударып, адвокатурада қызмет жасады.
Ал 1912 жылы Райымжан Мәрсековтьң отбасымен қайта көшіп келуін Семей халқы жақсылыққа балап, қуанышпен қарсы алған. Р.Мәрсеков білікті заңгер-маман ретінде көпшілікке танылып, қараңғылықтан жапа шегіп, жалған айыптан жазалы болғандарға бостандық әперген.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен елге пана, исі қазаққа тұлға болуды мақсат тұтқан арыстарымыз Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ж.Ақпаев, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедовтермен бірге Райымжан Мәрсеков те Алаш автономиясын құруға бар жан-тәнімен кіріскен.
Қалың елі қазағының сауат ашу, қоныстану, жер мәселесі, шаруашылық, ел билеу ісі, сайлау, тіл, дін сияқты саяси-әлеуметтік өзекті мәселелеріне үн қоса отырып Р.Мәрсеков жас Алашорда үкіметінің Семей облыстық басшыларының бірі болды. Барлық алаш қызметкерлері Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында қызмет жасады. Р.Мәрсеков те Семей облыстық Қазақ комитетінің төрағасы қызметін атқарып, облыстық атқару комитетінің мүшелігіне сайланған. Сонымен бірге ол жаңадан құрылған Облыстық қазақ сотының төрағасы лауазымын қоса атқарған.

Р.Мәрсеков 1917 жылы 27-сәуір-мамыр аралығында өткен Семей облысының қазақ съезін ұйымдастырушылардың бірі болып, күзде Алаш партиясы атынан Бүкілресейлік Құрылтай жиылысына депутат болып сайланды.

Ол С.Сейфуллин тілімен айтсақ «Алашорданың ресми тілі» болған «Теңдік» серіктестігінің демеуімен Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» (1917-1919) газетіне Х.Ғаббасов, Р.Марсеков редакторлық етті. «Сарыарқа» газеті «Алаш» партиясының бағдарламасы, қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қазақ жеріне қоныстанған орыс шаруалары мен қазақтар арасындағы қарым-қатынас, құрылтай жиналысы, қазақ елінің мәдениеті, тіл, оқу-ағарту ісі сияқты өзекті мәселелерге қалам тартқан Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, Р.Мәрсеков, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Б.Малдыбаев, Ж.Ақпаев, М.Тұрғанбаев, Б.Сәрсенов, Т.Құнанбаев т.б. мақалалары жария көрген.

Алашорда төрағасы Ә.Бөкейхановтың 1918 жылдың 25 маусымындағы «Әскери полк туралы» Жарлығына сәйкес Р.Мәрсеков алаш милициясын құру ісіне басшылық етті. Милиция қатарына әр облыстан 30 бен 35 аралығындағы 30 ерікті адам жинау үшін уездерді аралады. Осы жылы шілденің 13-інде Алашорда үкіметінің қазақтан шыққан большевиктерді жазалау мақсатында құрған ерекше қазақ соты мен тергеу комиссиясының мүшесі болды.

Түпкілікті жеңіске жете алмаса да штаб-капитан Хамит Тоқтамышов басшылығымен бұл полк өзінен күші де, саны да басым қызылдармен ерлікпен шайқаса білген.
Ал 1918 жылы Семей облыстық Земствосының төрағасы Р.Мәрсеков Сібір Үкіметінің «Алашорда» милициясын Ресей ішкі істер Министрлігіне бағынуы жөніндегі озбыр шешімін қабылдамай, Уақытша үкіметтің жоғарғы инстанциясына хабарлайды.

Р.Мәрсековтың іскерлігі 1916-1917 жж. аласапыранда босып, шекара асуға мәжбүр болған қазақтар мүддесін қорғауда айрықша танылған. Алашорда қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Садық Аманжоловты Қытай жерінде тұрып жатқан қандастарының тұрмыс жағдайымен таныстыру үшін Шәуешекке бастап барған. Бұл сапар өз нәтижесін беріп, босқан қазақтардың біразы атамекенге қоныс аударған.
Осы сапарында алаш басшылары сондағы қазақтың игі-жақсыларымен түскен суретінің өзі бір тұнып тұрған тарих. Бауыржан Момышұлының жеке архивінен алынған бұл суретте табылмай жүрген Р.Мәрсековтің де бейнесі сақталған және бір шетінде елеусіздеу болып түскен өнер дүлдүлі Әсет Найманбаевтың бейнесі бар. Бүгінгі күні бұл сурет асқан өнер иесі Әсеттен қалған жалғыз бейне. Суретті түсірген Мұхамеджан Әбдулкәрімұлы Юсупов қуғын көріп, 1938 және 1951 жылдары түрмеге қамалып, өміріне қауіп төндіре жүріп нан салатын пештің көмейіне, етігінің қонышына, құранның қорабына салып жасыра жүріп фото суретті аман алып қалғанын қызы Никар Бафина жазады.