Ол жылдары шаруашылығы күйреп, қашқан ақтар мен қуған қызылдардың майдан даласына айналып, жадап-жүдеген қазақ ауылдарының жағдайлары ауыр халде еді. Халық күйзелісі жанына сая бермеген Р.Мәрсеков Қиыр Шығыстағы Владивосток қаласына сапарға шығып, Американың «Мейер» фирмасынан Семей облыстық земствосы атынан 15 миллион сомның тауарын жергілікті шикізатқа айырбастап, бұқара халықты мұқтаж заттарымен қамтамасыз етіп, жоқшылықтан құтқаруға көмек көрсетеді.
Қазақстанда Большевиктік режим орнағаннан кейін өзге алаш зиялылары қатарлы ол да кеңестік жүйе мекемелерінде қызмет жасады. 1922 жылдың 5 көкегінен 4 маусымына дейін Семей губерниялық атқару комитетінің ақпараттық нұсқаушылар бөлімінде нұсқаушы тексеруші қызметінде болғанын өзі толтырған жеке қызмет ісінде жазған екен. Бұл Р.Мәрсековтың өз Отанында соңғы істеген қызмет орны.

Большевиктік үкімет тарапынан қуғын көріп, тәркілеуге ұшыраған Р.Мәрсеков 1923 жылы Қытайға өтуге мәжбүр болады. Соңғы анкетасындағы мәліметтерінде өз жасын 43-те, әйелі-Гүлназибұлбұл, Жанша атты ұлы, Гүлғасыл, Гүлрауза атты қыздары барын жазған. Үлкен балалары Гүлғасыл мен Жанша 1920 жылы 20 ақпанда Семейде қайтыс болған бірінші жолдасы Рахимадан туған. Екінші әйелі қазақтар арасында беделді татар байы Бекметьев Ғабдулғазиздің қызы – Бұлбұл-Гүлназдан кіші қызы Гүлрауза дүниеге келген. Басқан ізі аңдулы болған Р.Мәрсеков отбасын Қытайға алып өте алмаған.

Алғаш Алтай аймағына өткен ол, кейіннен Мамырбек төренің баласы Қызыр үкірдай ауылында тұрып Алаш партиясының ең басты мақсаттарының бірі-халықты өнер-білімге үйрету ісімен айналысты. Жүрген жерінде туған халқына сая бола білген ел ардақтысы Райымжанның беделі зор болды. 1936 жылы Шың Шицай үкіметі інісі Шерияздан екеуін тұтқындағанға дейін, орысша және төте жазумен бала оқытып, парасатты ел ағасы Қызыр үкірдайдың қолдауымен Байбосынқызы Нұржамалға үйленіп, отбасын құрып, Гүлихан, Гүлсипат, Сәлихан атты қыздары мен Жаһанхан атты бір ұл сүйеді. Толы аудандық үкіметке Алашордашыларды қамау туралы жарлық түскенін Қызыр төреден естіп, Құлжаға кетіп, бай татарларға жасырынып, атын өзгертіп, бұл арада да бала оқытумен айналысады. Артынан бала-шағаларын алдырғанымен көп ұзамай өзі тұтқындалып, Үрімжі қаласындағы Шың Шицай зынданына қамалған. Сол кезде аталған түрмеде жатқан інісі Шерияздан тамақ тасушылардан ағасының бар екенін сұрастырып, біліп отырған. Кейіннен ағасының із-түзсіз жоғалғанын естиді. Аштық пен қинаудан денсаулығынан айрылған Шерияздан алты жылдан соң аурулығы себепті түрмеден шығарылғанмен көп ұзамай дүниеден өткен, ал Райымжан туралы ешбір дерек болмаған.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Алаш. Алашорда. Энциклопедия / Құраст. Әнес Ғ., Смағұлова С.- Алматы: Арыс, 2009.- б.239.
Әбдешев М. Алаштың арысы-Райымжан //Ертіс өңірі.- 2007.- 31 қаңтар.- б.10.
Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық қоғамы және қазақ зиялылары //Абай.- 2004.- №1.- б.61-64.
Әлина Р. Райымжан Мәрсеков – алыстағы жылдардың қасіреті тағдыры //Дидар.- 1999.- 10 шілде.
Белгібаев М., Әділбекқызы Ж. Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесі //География және табиғат.- 2004.- №3-5.
Байғалиев Б. Адвокат Райымжан Мәрсеков //Түркістан.- 2003.- 16 қаңтар.
Бапанова Ә. Алаш арыстарының бірі – Райымжан Мәрсеков //Семей таңы.- 2007.- 30 тамыз.
Егізбаев Қ. Алаштың арысы – Райымжан Мәрсеков //Қазақ тарихы.- 1999.- №2.- б.38-43.
Жайнақов Ы. Райымжан Мәрсеков – атаусыз қалған алаштың арыстары //Қазыбекұлы Н. Ағалардан қалған із.– Алматы, 2011, б.75-82.
Жұмаділұлы Қ. Шыңжаңдағы қазақ зиялылары //Қазақ тарихы.- 1997.- №3
Қазақстан: Ұлттық энциклопедия.- Т.6.- Алматы, 2004.- б.427-428.
Қайса О. Алашта артық туған бір тұлға еді //Дидар.- 1999.- 3 тамыз.
Мәрсеков Р. Қазақ әдебиеті жайынан //Қазақ газеті.- Алматы, 1998.- б.154-157.
Мәрсеков Р. Көлбайдың сөзінен шындық табылар ма екен? //Қазақ газеті.- Алматы, 1998.- б.210-212.
Мәрсеков Р. Бюроға кісі жіберу //Қазақ газеті.- Алматы, 1998.- б.287-288.
Мәрсеков Р. Патшалық //Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009.- б.29-31.
Мәрсеков Р. Патшалық //Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009.- б.18-19.
Мәрсеков Р. Патшалық //Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009.- б.100-102.
Мәрсеков Р. Патшалық арасындағы заң //Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009.- б.194-195.
Мәрсеков Р. Қазақ қайда бара жатыр //Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009.- б.188-189.
Мәрсеков Р. Газетаға сөз жазушыларға //Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009.- б.13.
Мәрсеков Р. Жер мәселесі //Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009.- б.233-234.
Мәрсеков Р. Шын сөзге жан фида қылушыға //Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009.- б.137-138.
Сымағұлова С. Заңгер Райымжан Мәрсеков //Қазақ тарихы.- 1997.- №4.
Ыбырайымова М. «Сарыарқа» газетінде көтерілген мәселелер //Қазақ тарихы.- 1999.- №4-5.