mustКеңестік құрылыс басталып, соның артынша-ақ орнаған тоталитарлық жүйе басшылығымен ашық күреске шығып, ұлт мүддесін бәрінен де биік қойған қайраткер тұлғалардың бірі – Ыдырыс Мұстамбаев болатын. Ол әрі Алаш қозғалысының қайраткері, әдебиет сыншысы, абайтанушы.

Мұстамбаев Ыдырыс 1898 жылы Алаш қаласы Семей губерниясына қарасты Заречный-Слабодкасында (қазіргі Семей қаласы Жаңасемей бөлігі) дүниеге келген. Ыдырыстың әкесі Мұстамбай Жауғашұлы әкесінен ерте жетім қалып, жалшылықта болады. Бірде Семейдің ірі көпесі Тінібай байдың саудагерлеріне жалданып, олардың елден жинаған малдарын айдасып, Семейге келіп, Тінібайға кіреші болып тұрып қалған.

Ал, Ыдырыс Мұстамбаев өз қолымен толтырған өмірбаянында былай деп жазыпты: «Менің әкемнің аты Мұстамбай, тегі Жауғашов болды, анамның аты Қолан. Мен 1898 жылы қазіргі Алаш қаласы Семей губерниясына қарасты Заречный-Слободкасында дүниеге келдім. Ата-анам Алексеевтердің жүн жуатын заводында жұмыс істеді.

Шамамен 6-7 жасымда ата-анам мені мұсылмандық оқуға берді. Сонда он үш жасыма дейін оқыдым. Менің он екі жасымда анам заводта істей жүріп, қышымадан қайтыс болды. Осыдан кейін әкем заводтағы жұмысын тастап, етікші болды. Мен үлкен ағаммен заводта қалып, еңбек еттім. Ағам заводта ат айдаушы болды, мен үй шаруашылығындағы ұсақ шаруаларды атқардым.
1911 жылы 13 жасымда Семей қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне оқуға түстім. Сөйтіп, бір мезгілде заводта еңбек еттім. 1914 жылы өзімнің қабілетімнің арқасында қазыналық есептен интернатқа қабылдандым. Интернатта үш жыл оқыдым». Одан соң ол байланыс қызметкерлерін дайындайтын қысқа курсты оқып, почта-телеграф мекемесіне телеграфистік қызметке орналасады (Салқынбек Д. Қайтпас қайраткер // Қазақстан тарихы.- 2011.- №5.- 4 б.).

Ыдырыс Мұстамбаев 1918 жылы қаңтар айында Семейде Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, пошта-байланыс жұмысшыларының атынан Семейлік депутаттар кеңесіне делегат болып сайланды. Осыдан кейін сәуір айында ол Алаш аудандық Кеңес депутаттары төрағасының орынбасары және Семей уездік Кеңес депутаттарының төралқа мүшесі болды.

1918 жылдың 11 маусымында Анненков әскері Семейді большевиктерден тазартып, билікті қолға алған кезінде қаншама боздақтарды қырғынға ұшырағаны тарихтың қаралы беттері болып жазылып қалды. Сол күні-ақ жергілікті кеңес өкіметінің басшылары К. Шугаев, И. Дубинин, П.Салов және тағы басқалар азаптап өлтірілді. Сондай бір қанды оқиғаның куәгері Нұрпейіс Садықұлы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ыдырыс Мұстамбаев туралы естелігінде:
«1919 жылы Колчак қарақшылары Семейді тастап қаша бастағанда, өздеріне күдікті адамдарды іздеп жүріп атып тастап отырды. Жаңасемейде тұратын Қабдолла Қоскеев, Ғалымжан Дәулетбаев (Үйсінбаев), Нығметолла Күзембаев деген мұғалімдерді және Жанғали (Алашорданың тілектесі Ж.Алдоңғаров болуы керек – М.К.) деген ақсақалды аралға апарып атып тастаған жерлерінен сүйектерін тауып алды.

Жаңасемейдің сол кездегі Мұхтар Әуезов бастаған жастары үлкен Семейде орналасқан Совет өкіметіне қосылып, партияға кіріп, ақтардың қырып кетуінен елді аман сақтап қалу әрекетіне белсене кірісе бастаған болатын. Қаланың (Жаңасемей мен үлкен Семей) екі жағында ақтар мен қызылдар аралас қимылдады. Ақтардың көпшілігі және штабы Жаңасемейде болды да, қызылдар үлкен Семейде орналаса бастады. Совет өкіметін қарсы алған жастар: Мұхтар Әуезов, Ыдырыс Мұстамбаев, Ахметбек Сейсенбаев, Ғарифолла Ысқақов, Даниял Ысқақов, Әмзе Нахимжанов, т.б. үлкен Семейде Әниярдың үйінде жасырынып, большевиктермен астыртын қатынасып отырды.
Бір күні елеусізденіп, Жаңасемейдегі үйіне келіп, қайтып бара жатқан Ыдырысты біреудің көрсетуімен ақ солдаттар ұстап алып, қамап қояды. Соңынан сұрап барғандарға біз көргеніміз жоқ деп жасырады. Бұл жайдан хабарланған Мұхтарлар: «Совдепке бірінші депутат болған жолдасымызды ақтар қамап қойып жасырып отыр. Түн болысымен олар атады. Соны тірі құтқаруға тез көмек сұра», – деп Ғарифолла Ысқақовты қызылдар штабына жібергенін анық білемін.

Әлі есімде, Ыдырыстың ұсталған хабарын Мұхтарларға хабарлаушы 2-3 баланың бірі болатынмын. Қызыл штабтан екі шанаға отырған он шақты қарулы солдаттарды көмекке алып, қас қарая Жаңасемейге келген Ғарифолла ақтар қапқа салып Ыдырысты ажал аралына жөнелткелі жатқан үстіне түсіп, Қызыл штабтың араласуымен аман алып қалды» дейді. (Н.Смағұлұлы. Естеліктер, мақалалар. – Алматы: «Жібек жолы» баспасы, 2004).

Сталиндік саяси қуғынға ұшырап, бес жыл өмірін Сібір абақтысында өткізген жармалық Нұрпейіс Смағұлов ақсақалдың осындағы «Ажал аралы» деп айтып отырғаны, қазіргі Түйемойнақ (Полковничий) аралы. Бұл аралда Анненковтың жендеттері түрмеге түскен талай адамдарды мылтықпен атып, қылышпен шауып, денелерін көмусіз қалдырған. Немесе тірідей қапқа салып Ертіске батырған. Бір жағынан Ертісті жұрттың «қанды су» дейтіні осыдан ба дейміз.

Осы орайда айта кету керек, 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессиялау кезінде мұнда Семейдің жетпіске жуық мұсылман дін өкілдері, сондай-ақ көптеген ұлт зиялылары, мысалы, Алаш тілегінде болған Мұхаметхан Сейітқұлов (көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметхановтың әкесі), Мәннан Тұрғанбаев және тағы басқалар құрбандыққа ұшыраған. Әлі күнге марқұмдардың сүйегі қайда екені белгісіз табылмай келеді.
Семейдегі екі аптаға созылған Аненнковтың ісі бойынша өткізілген әскери сот процесі кезінде, бұл өзі өмірде болатын кездейсоқтық па, жоқ әлде жаратқанның бұйрығы ма, кім білсін, сонау бір аумалы-төкпелі уақытта ұлы Мұхтар Әуезов өлімнен құтқарып қалған Ыдырыс Мұстамбаев қоғамдық айыптаушы ретінде сөз сөйледі. Ол «В истории гражданской войны бывали всякие жестокости и гнусности. Бывали случаи, когда сдирали кожу с рук красноармейцев и делали из нее перчатки. Но Анненков пошел дальше. Ряд пылающих деревень, заживо сжигаемые люди, поднятые на штыки дети, поголовное насилование женщин, – это – не сон и не легенда, а трагическая действительность вчерашнего дня. Раны этой действительности еще не зажили; из них сочится кровь и до сих пор. Об этих ранах не могли спокойно говорить свидетели, им нужно было давать воды… Здесь уже говорили о политической фигуре Анненкова. Все его соратники и друзья старались рисовать Анненкова национальным героем и вождем. Посмотрите, что же в самом деле, в действительности представляет из себя этот национальный герой и вождь… Все действия Анненкова от славгорода до знаменитого «Орлиного гнезда» – сплошная уголовщина. На всем пути – ни капли национальной политики, ни капли национального духа. И даже наоборот – всяческое унижение и оскорбление национального достоинства… Анненков – не национальный герой, а бандит» – дей келіп, айыптау сөзінің барысында «үш қайталап айтамын, Анненковқа ешқандай кешірім жоқ!» деді. Итке ит өлім деген осы. 1927 жылдың тамыз айында Әскери трибунал А.Б. Анненков пен оның жандайшабы Н.А. Денисовке үкім шығарып, ату жазасына кесті.