2015 жылы өңірдің тарихи, мәдени және экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан танымал тұлғалардың мерейтойлары мен тарихи оқиғалары кеңінен аталып өтілетін болады.

Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына
170 жыл (1845-1904)

Абай КунанбаевҰлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы 23 тамызда Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы), Абай ауданының Шыңғыстау бауырында дүниеге келді.
Абайды жеңгелері екі шешенің ортасында тәрбиеленуі себепті Телқара деп атап кеткен. Ауылда молдадан хат танып, он жасында Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға түседі. Үш жылдай оқып, дін сабақтарымен қатар шығыстың ұлы классиктері Науаи, Фзули, Саади, Хафиз, Шамси, Саихали шығармаларын оқып танысады.
Ел билеу ісіне Құнанбай Абайды баули бастайды. Абайды оқудан ерте тартып алуының себебі де осы болды. Ел қамы үшін әділет жолын ұстанған Абайдың үстінен арыздар жазылып, абақтыға да отырып шығады.
Абай жасы отыздан аса орыс әдебиетімен таныса бастайды. Семейге айдауға жіберілген Е.П.Михаэлис бастаған орыстың социал-демократтарымен танысып, өз бетімен орыстың классиктерінің шығармаларын оқуға қол жеткізеді.
Абайдың өмірі мен шығармашылығындағы өзекті тақырыпты танып білу үшін Құнанбай заманы мен Абай өмір сүрген дәурдің ерекшелігін, айырмасын жете білу маңызды.
Абайды оқып зерттеген жазушы М.Әуезовтің атап көрсеткеніндей Абай мұрасының нәр алған рухани үш арнасы: өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерінің рухани қазынасы болды. Оқи жүріп, іштей толысып жетіле жүріп ақындық өнердің қоғамдық санада зор тәрбиелік мәнін танып, жасы қырықтан асқан шақта ақындық өнерге құлай берді.
Адам болу мәселесі сонау тар қапас заманда дүниеге келген ұлы Абайды ерекше толғандырған. Міне сондықтан да ақынның ғылым, білімге шығарған өлеңдері бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтқан емес. “Жасымда ғылым бар деп ескермедім”, “Ғылым таппай мақтанба”, “Білімдіден шыққан сөз”, Әсемпаз болма әрнеге” атты өлеңдерінің негізгі идеясы мен мақсаты – Абайдың ұрпақ тәрбиесіне арналғанын көреміз.
Абай өз заманының перзенті ретінде сол дәуір дайындаған көлемде ұлан-ғайыр еңбек етті. Кемеңгер Абай өлеңді сөздің патшасы, сөз сарасы деп бағалады. Ол өлең құрылысы жағынан да жұп-жұмыр шығып, артық сөз, орынсыз ой қосылмай, өлеңнің бас-аяғы теп-тегіс шығуын, мазмұн мен түр бірлігін керек етеді. Сырты күміс, іші алтын болып өрнектелуін акындар алдына жаңа әдебиеттің эстетикалық мұраты ретінде ұсынды.
Абайдың “Ескендір” мен “Масғұт” дастан-поэмалары шығармашылық тәрбиесімен жазылған, дәуір шындығын дәл бейнелеуге талпынған шығармалар болды.
Абай өзінің қара сөздерінде де адамгершілік мәселесінде адамды ақылды талапты, қайратты болуға шақырады.
Абай 1904 жылы туған жерінде қайтыс болып, сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Бүгінде Жидебай – қонақтардың ақын өмірімен танысуда кең мағлұмат беретін әдеби-мемориалдық мұражай болып қызмет етуде.

Әдебиеттер:
Абай туралы естеліктер. 1 кітап.-Семей: Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы, 2013.-260 б
Құнанбаев Тұрағұл. Әкем Абай туралы. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 56 б.
Еспенбетов А. Абайдың туған күні хақында // Семей таңы.-2009.-1 қазан.-3 б.
Молдабеков Ж. Абай тұлғасымен табысу // Абай.-2007.- № 3.-35-39 б.
Омаров А. Кемеңгердің кереметі // Абай.-2009.- № 1.-17-22 б.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған // Семей таңы.- 2005.- 2 қыркүйек.- 3 б.
Тұрсын Е. Түркістанның ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлы // Абай.-2009.-№ 1.-11 б.