Облыстық статистикалық комитет

Михаэлис – Семейде 1869 жылдан бастап ұзақ уақыт тұрып, қызмет істейді. Оның Ертіс өңірі қазақтарының өмірі жайлы зерттеу еңбектерін жазатыны да, оның ұсынысымен Абайдың облыстық Статистикалық комитетке құрметті мүше болатыны да осы жылдар. Ал, кейін Комитеттің тапсыруымен Абай қазіргі «Қара сөздерінің» ішінде ең бір ерекшесі, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» зертеу еңбегін жазады.

XIX ғасырдың сексенінші жылының басы саяси жер аударылғандардың Семейге ерекше көп келген кезеңі болады. Солардың бір тобы өз ұстаздары Е.П. Михаэлис арқылы танысудан бастап, кейін Абайға достық қолын ұсынатын орыс оқымыстылары: А.Л. Блек, С.С. Гросс, Н.И. Долгополов, А.А. Леонтьев, П.Д. Лобоновский, Н.Я. Коншин және басқалар еді.

Бүгінде облыстық тарихи – өлкетану музейінің кітапханасы қорында 1890 жылы Семей қаласына саяси жер аударылып келіп, содан өмірінің соңғы үзігі – 1934 жылдың жазына дейін қаламызда тұрып қызмет істеген белгілі тарихшы, өлкетанушы Николай Яковлевич Коншиннің «Материалы для истории политической административной ссылки в степной край» деген еңбегі сақталған. Журнал бетімен есептегенде 97 беттік бұл тарихи еңбек патшалық Россия заманында қазақ даласының Ақмола және Семей облыстары жеріне 1883-1905 жылдарда саяси қылмыскерлер ретінде жер аударылған 213 адамның өмір жолы қысқаша тұжырымдалыпты. Осынау тарихи деректерді оқып отырған Е.П.Михаэлисті айтпағанда солардың жоғарыдағы алтауымен ұлы Абай сыйлас та сырлас болғанын аңғарамыз.

Бір қызығы, олардың бәрі де Абайдан көп кіші болыпты. Мәселен, 1884 жылы саяси қылмыскер ретінде Семейге жер аударылып келгенде А.А. Леонтьев – 26 жаста да, А.Л. Блек – 24 те ғана болып шықты. Біріншісі – запастағы гвардия поручигі, екіншісі – Петербург университетінде оқып жүрген жерінен қуылған. С.С.Гросс – 1883 жылы Семейге келгенде 31 жастағы азамат екен. Алайда, саяси қылмыскер ретінде айыпталғанға дейін жоғарғы білім алып үлгеріпті. Семейге келгенде ол – заң қызметкері. Солай болғандықтан да облыстық Статистикалық комитет басшылары оған қазақтың әдет – ғұрпын, салт – дәстүрлерін зерттеумен шұғылдануды жүктейді. Соның ақыры – С.С.Гросс, А.Л.Блек және А.А.Леонтьев «Материалы для изучения юридических обычаев киргизов» деп аталатын көлемді де құнды еңбек жазды. Облыстық Статистикалық комитеттің Семей қаласының мәдени өміріне қосқан келелі үлестерінің екінші бір елеулісі ретінде 1883 жылы қалада облыстық музей мен облыстық қоғамдық кітапхана ашылды.

Әдебиеттер тізімі:

Семей кеше және бүгін : библиографиялық құрал.- Семей: Талант, 2010.- 78 б.
Б.Г. Герасимов – көрнекті өлкетанушы, зерттеуші.- Семей.2002.- 7 б.
Төлеуғазықызы З. Туған жер тұнған шежіре // Семей таңы. – 2007. – 24 мамыр. – С. 3
Семипалатинску 285 лет.- Семипалатинск, 2003.- 116 с.

Беттер: 1 2