h04    Императорлық Орыс Географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесі ресми түрде 1902 жылдың 13 сәуірінде қоғамдық мәжіліс үйінде көпшіліктің қатысуымен салтанатты түрде ашылып, онда Комитет секретары Н.Я.Коншин сөз сөйлеп, комитет мүшесі Ф.К.Зобнин «О рабстве в киргизской степи» деген баяндамасын оқыды.

Негізінде, оны ашу мәселесі 1898 жылы қозғалған болатын. Статистикалық комитеттің хатшысы болтан Н.Я.Коншин «Семей облыстық ведомствосы» газетіне осы облыстың аса бай табиғи байлығын, археологиялық, архивтік, этнографиялық тарихын зерттеуде географиялық қоғам бөлімін ашу өте қажеттігін айтып, мақала жариялайды. Бұл мақалаға Семей облыстық әскери губернаторы А.Ф.Карпов көңіл бөліп, бөлімше ашу жөнінде Орыс Географиялық қоғамының вице-президенті П.Семеновқа хат жолдап, көмек сұрайды.

1902 жылдың 21 ақпанында әскери губернатор А.Ф.Карпов Орыс Географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің төрағасына Семейде бөлімше ашу туралы тағы да өтініш түсіреді. Бөлімшенің ең алғашқы төрағалық қызметін Н.Ф.Ницкевич, ал іс жұмысын Н.Я.Коншин басқарады. Бұл бөлімнің ашылуына жергілікті оқымысты ғалымдармен қатар Семейге жер аударылып келген Е.П.Михаэлис, С.С.Гросс, А.Л.Блэк, А.А.Леонтьев белсене атсалысып, зерттеулер жүргізіп, тамаша құнды материалдар жинап, ғылыми еңбектер, мақалалар жазады.

Бөлім Семей облысындағы ең алғашқы өлкетану орталығы болып, өлкеде географиялық, археологиялық, геологиялық, тарихи, статистикалық зерттеулер жүргізіп ғылым саласын аса құнды мағлұматтармен қамтамасыз етеді. Алғашқы жылдары қоғам бөлімінде оқымысты ғалымдардың қатары аз, әрі қаражат мәселесі де қиындау болды. Бөлімшені үйымдастырушылардың бірі Коншин Н. бөлімнің іс жұмыстарын басқара отырып, мұрағат ісін де қолға алады. Оның қажырлы еңбегінің арқасында дала өлкесінің тарихы, әкімшіліктің саяси жер аудару тарихы жөнінде құнды деректер жинақталады. Бөлімше ғылыми кітапхана ашуда да көп жұмыстар атқарды.Географиялық қоғамның Семей бөлімшесіне мүше болған В.Ф.Семенов, Ф.Н.Педашенко, В.Бенкевич, Ф.К.Злобин өлкенің географиялық жағдайы, осы жерлерге орыс шаруаларының қоныстанып, егіншілікпен айналысуы, әр түрлі пайдалы қазбалары, ежелгі тарихи ескерткіштер, мал шаруашылығы жөнінде зерттеулер жүргізіп, ғылыми еңбектер жазады. Бөлімшеге қазақ зиялылары да мүше болады. Мәселен, Р.Мәрсеков, Н.Құлжанова, Ж.Ақбаев, Ш.Құдайбердіұлы, Ә.Бөкейханов т.б. бөлімше жұмысына белсене араласады. Әлихан Бөкейханов Абайдың көзі тірісінде оның ақындық шеберлігін жоғары бағалап, Ресей Географиялық қоғамы шығарған кітапқа енгізеді. Абай қайтыс болғаннан кейін де Семей географиялық бөлімі шығарған «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского Императорского русского географического общества» кітабының III шығарылымында басылады.

Заңгер Ақбаев Ж. қазақтардың некелесу зандылықтары туралы бөлімше кітапшасының 3-шығарылымына жариялайды. Бөлімше мүшелерінің саны жылдан-жылға артып, 1913 жылы 140 мүшесі болған.
ХХ ғасырдың басында құрылған бұл қоғамның Семей өңірін зерттеуде сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Атап айтқанда, бұл қоғам Шығыс Қазақстан, Павлодар, Семей облыстарының географиясы, тарихы, этнографиясы, қазба кен байлықтары, мәдениеті туралы тың деректер беріп, аймақтың дамуына үлкен әсер етті. Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің құрылуына орыстың социал-демократтары мен жиһангез ғалымдары Г.Н.Семенов-Тян-Шанский, Е.П.Михаэлис, Н.Я.Коншин, Б.Г.Герасимов, А.А.Ленотьев С.С.Гросс, қазақ зиялысы Ә.Бөкейханов тағы басқалар аса маңызды қызметтер атқарды.

Ұлы Абай Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне 1886 жылы 4 мамырда мүше болып тіркелді. Абайдың шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы да осы қоғамның толық мүшелігіне өтті. Бөлімше жанынан қоғам жұмысын көпшілікке насихаттайтын «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела императорского русского географического общества» деген ғылыми еңбектер шығып, 1925 жылға дейін оның 15 томы жарық көрді.
Осы жинақтың 1907 жылғы 3-басылымында Ә.Бөкейхановтың «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» атты сегіз беттік қазанамасы жарияланып, орыс еліне алғаш рет таныстырды. 1914 жылы қаңтардың 26-да Семейде жергілікті географиялық бөлімшесінің, ондағы қазақ жастарының жәрдемімен Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толуына байланысты әдебиет кеші ұйымдастырылып, қазақтан шыққан алғашқы білім қайраткері Нәзипа Құлжанова Әлихан Бөкейханов жазған Абайдың тұңғыш ғұмырнамасын, ақын өлеңдерін оқыды.
Семей Географиялық қоғамының мүшесі қатарында Алаш жетекшілерінің бірі, қазақтың тұңғыш профессор-математигі Әлімхан Ермеков еісі де бар.
Ә. Ермеков 1920 жылы мамыр айында Мәскеуде Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде қазақ автономиясын құру және шекарасы жөнінде баяндама жасаған.

1911 жылы бөлімше бірінші Батыс-Сібір ауыл шаруашылық көрмесіне қатысып, өздерінің жинағын 862 экспонатын жұртшылық назарына ұсынып үлкен күміс медаль жеңіп алды. Бөлім жұмысы жалпы ғылыми әдебиетте де жоғары баға алды. Ғылымға қосқан үлесі үшін Императорлық Орыс Географиялық Қоғамы Б.Г. Герасимовты күміс және алтын, Н.Я. Коншинді күміс медальмен марапаттады. Бөлімде ғылыми зерттеушілік жұмыстармен қатар әртүрлі тақырыпта дәрістер оқылып, этнографиялық кештер де өткізіліп отырды.

1914 жылы 26 қаңтарда болған сондай кештердің бірі қазақтың ұлы ақыны Абайдың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына арналды.
Міне, Семей бөлімшесі жұмыс істеген мерзімде 700 мүшесі болып, далалы өлке тарихынан, мәдениетінен, этнографиясы, археологиясы мен қазба байлықтарынан тарихи баға жетпес құнды ғылыми мұра қалдырды.

Әдебиеттер тізімі:

Әдепқызы С. Семей бөлімшесінің қызметі// Қазақ тарихы, 2000; №1.- 24-26 б.
Әділбекқызы Ж. Семей Орыс Географиялық Қоғамы және қазақ зиялылары// Абай.-2004.- №1.
Белгібаев М.Е., Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық бөлімінің XX ғасырда атқарған жұмысы// География және табиғат, 2004 №3.; География және табиғат, 2010 №4.-3-6; №5.-7-10 б.
Императорлық Батыс Сібір Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесі.- Семей, 2002.- 8 б.
Кәрібжанова Г. Н.Құлжанова және Ресей географиялық қоғамы // Қазақ тарихы.-2003.-№3.-21-23 б.

Батыс Сібір Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесінің еңбектерінің толық мәтіндік электрондық нұсқасын мына беттен http://semeylib.kz/?page_id=195 таба аласыздар.