Семей татар саудагерлері

h07    Орыс этнографы В.Радлов, Н.Абрамовтардың деректеріне сүйенсек, татарлар Семейге 1676 жылдары, яғни орыс патшасы А.Михайловичтің тұсында қоныс аудара бастаған. Радлов өзінің 1676 жылдарда жазған жазбаларында «Семей 6000 тұрғыны бар, тұрғындардың үштен бірі орыстар да қалғаны татарлар мен қырғыздар» – дейді. 1882 жылы Семейде халық санағы өтіп, оның қорытындысы бойынша 6647 қазақ, 6322 орыс, 4072 татар тұратындығы жайлы мағлұматтарды архивтер айғақтайды.

Татарлардың басым бөлігі қала тарихында саудамен айналысқан. Ағайынды Мусиндер, Рафиков, Хамитов сынды азаматтардың бастамасымен қазіргі екі күмбезді және бір күмбезді мешіттер салынған. Ертіс пароходшыларының негізі қаланды. Сол кезде жүк және жүргінші тасымалына қажетті 46 бумен жүретін кеме, 87 тіркемелі кеме жұмыс істеген. Семей қаласындағы қос мұнаралы мешіттің құрылысы 1858 жылы Сүлейменов, Әбдешов, Рафихов, Халитов деген сол кездегі атақты көпестердің қаражатымен басталып, 1862 жылы салынып біткен. 1850 жылы тамыз айында Семей қаласында тұңғыш баспахана ашылды. Оның ашылуына өз қалталарынан қаражат бөлген бірінші гильдиялы Семей көпестері Ф.С.Афонин, С. Мусин (татар миллионері), Бұршақ

Еспаев (қазақ байы, саудагер), Н.Масленников (миллионер) болды. Бұлар Семей шаһарының нағыз патриоттары еді. Олар орыс, ағылшын, неміс, латын, араб шрифтерін сатып алды. Солардың ішінде мыс, қалайы табақтарына балғамен ұрып жазу жазатын шеге шрифтар да болды. Мұны Нижний Новгород (Ресей) қаласынан Бүршақ Еспаев сатып әкелді. Сол шеге шрифтар бүгінгі Семей полиграфия мұражайында сақтаулы тұр.

1850 жылдан бастап Семейде сауатты адамдар ересен қастерленді. Мұнда кітап арқалаған кісілер тым көбейіп кетті. Сол заманда Қазақстан халқының 90 %-і әліпті таяқ деп танымайтын сауатсыз болды. Ал, Семей баспаханасының күзетшілері оқи да жаза білетін пенделерден тұрды. Сол жылдары баспахана крепостнойлық право коғамында жұмыс жасады. Семейдің мұндай сауатты қаражаяуларының бағасы тым қымбат болды. Оқуды кажет етушілер жағы орасан көп ақша төлеп, Семей баспахасынан керектерін сатып алып жүрді. Мұндай кісілер құлдықтан тез құтылып, бас бостандығын алып, кейіннен сауаттылығының арқасында өз жанын өзі сақтауға мүмкіндік алып, санатты адамдардың тізіміне ілінді.

Қазіргі Семейде бұрын универмаг болған ғимаратта бүгінде ”Дана” деп аталатын сауда үйі тұр. Бұрын универмаг салынбай тұрғанда оның орнында бірінші гильдиялы көпес С.И.Ниғматуллиннің екі қабатты сауда дүкені тұрды. Оның ауласында кең етіп салынған тағы бір ғимарат болды, онда ”Ярдам” баспаханасы орналасып, жұмыс істеген. Осы баспаханадан кезінде ақын Шәкәрім Құдайбердиевтің шығармалары, педагог-жазушы Тайыр Жомартбаевтың шығармалары басылып шықты.
Кітаптарды арзан бағаға беріп, кедей-кепшіктерге кейбір сәттерде тегін үлестіріп берген баспахана банкротқа ұшырағанға дейін ”Ярдам” Семей жұртшылығының сүйіспеншілігіне ие болды, оны халық бір ғасырдай есте сақтады.

Сыдық Ниғматуллиннің үлкен ұлы Юнус Ниғматуллин Семейде тұңғыш рет ”Ярыш” (казақшасы ”Жарыс”) деп аталатын футбол командасын ұйымдастырды. Ол оқиға 1913 жылы болды. Бұл командада жазушы Мұхтар Әуезов те ойнады. Юнус пен Мұхтар өте жақсы дос және екеуі де Алашордаға мүше болған. ”Ярдамды” ұйымдастырған екінші кісі Сұлтан Ниғматуллин Сыдық көпестің туған інісі. Ол Семейдегі Затон бөлімінде жекеменшігінде тон тігетін цех пен сабын қайнататын завод ұстады. Сұлтан Ниғматуллин Семей шаһарында өртке қарсы қоғам ұйымдастырған, өз қаражатымен қоғам үшін талай жабдықтар сатып алды. Өрт сөндірушілерді жалақы төлеп оқытты. Семей қаласының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан қалталы азаматтардың бірі Мусиндер әулеті болды.

1880 жылы Латиф және Фатих Мусиндер қаланың басқа да көптеген меценаттарымаен қосылып ”Областные ведомости” газетін бастырып шығаруға 10 мың сом көлемінде алтын ақша қосқан екен. Мусиндердің осы газетінде кедейлердің тізімі үздіксіз жарияланып тұрды. 1881 жылы олардың саны 5 мыңға дейін жеткен. Оларды қолдау мақсатында қайырымдылық қорын созған Мусиндер жыл сайын алтынмен көмектесіп, осыған қосымша 1881 жылы әрбір кедейлік жеңген отбасына екі қап ұн, қырық келі қант, елу келі ет, шай және тұз бөліп беріп тұрған. Ағайынды Мусиндер, соныман қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұяның адамдарын жылына бір рет көпес пароходымен Ертістен сонау Обьтың сағасына дейін тегін жеткізген. Бұған қосымша күніне төрт рет осы кедей-көпшіктерге есебінен асханадан тегін тамақ ұйымдастырған. Мусиндер халыққа білім беру ісін де өз қамқорлығына алған. Сондай-ақ спорттық ойындарды да өткізуге мұрындық болған. Мусиндар тасының өрге домалағаны соншалық, 1900 жылы Ресей мен Семей банкілерінің есеп шотында 50 миллион ақшасы болған. Құжаттар айғақтағандай, Мусиндер өз капиталдарын көптеген кәсіпорындарға салып отырған. Оның ішінде Змеиногорск мен Лениногорскідегі алтын өндіретін рудниктері де болған.

Мусиндер әулетінің арғы атасы – Садық. Ол 1793 жылы Қазан қаласында дүниеге келген. 1809 жылы ашаршылық құрсауынан қысқан бозбала астықты қала Семейге қоныс аударады. Оның әкесі Мұса өз кезінде Аляска меңгерушісі Григорий Шелоховтың көшірі болған кісі. Жалғыз ұлы Садықты бес жасынан оқуға беріп, қара танытады. Садық аса зерек, алғыр болып өседі. Әкесі баласын сауда ісіне баули бастайды. Оған ат-арба сатып әперіп, демалыс күндері таяу ауылдарды аралап ұн, шәй, тұз сияқты бақалшы саудаға қосады. Саудадан түскен ақшаға Садық ұсақ және ірі қара мал терісін сатып алады. Әкесімен қосылып тері илейді. Одан кеудеше, тұлып тігіп сатады. Әкесі 92 жасында қайтыс болады, баласы Садыққа 500 мың алтын ақша қалдырады.

Садық әке мұрасын жалғастырып, ұн тартатын зауыт салады. Сол кездің өзінде-ақ Германия мен Америка фирмаларымен келісім-шартқа отырып, жабдықтар орната бастайды. Мусиндердің ұн тартатын зауыты Ұлы Отан соғысы басталғанша үздіксіз істеп тұрған. Садық саудагер екі ұлы Фатих пен Латипті Ресейде оқытып, шетелде білім әперді. Олар әке ойлағандай инженер, математик, экономист болып шығады.

Кіші ұлы Латип Семей өзен портын құрады. Осы мақсатпен Ресейден пароходпен баржа сатып алып, жаз туа Обь сағасымен Семейге 15 пароход, 20 баржа жеткізеді. Ал келесі жылы кемелердің саны тағы үдей түседі. Семейде баржалар мен кемелер құрастыратын, жөндейтін шағын зауыт ашады. Осының арқасында ол ұзын аққан Ертістің мыңдаған шақырымына қожалық етеді. Баржаларға ұн артып, Сібірден қарағай тасиды.

Сондай-ақ, Қытаймен де сауда-саттық жүргізген. Латип сонымен қатар, Ертісте, жолаушылар кемесін ұстап, бірнеше жерден паром да ашады. Ол алтын ісімен де айналысып, Ресейде де, Қазақстанда алтын өндіретін кеніштер ашады, Көптеген кен қазбаларына қожалық етеді. Оның кеніштерінің саны 38-ге жеткен. Осының арқасында Змеиногрскіде, Өскеменде зергерлік бұйымдар сататын дүкен де ашады. Электр қуатын өндірумен де айналыса бастайды. 1908 жылы Латип Мусин Қалжыр өзенінде су электр станциясының құрылысын бастайды. Осымен бір мезгілде Зайсан уезінде қант зауытының құрылысын жүргізуді де қолға алады. Оған қажетті құрылыс материалдарын, цементті, металды Қара Ертіс арқылы өз есебінен жеткізеді.

1914 жылы Латип өз су кемелерін жаңарта бастайды. Кемелердің қайраңдап қалмауы үшін көптеген шақырымдарға жаңа бакендер қояды. Мусиндер қай іске болсын тиянақты қараған. Мәселен, диірменде ұнның сапалы болып тартылуымен, оның тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін бидай мен қара бидайдың құрғақшылыққа төзімді сорттарын таңдаған. 1903 жылы Мәскеу көпесі Г.Елисеевтен қара бидай сатып алады. Ол Семей жерінде жақсы өнім берген, құрғақшылық жылдардың өзінде 10 центнерден, ал ылғалды жылдары одан 30 центнерге дейін өнім алған. Мусиндерді кез келген пайдалы істер қатты қызықтырған.

Семейдегі бір мұнаралы мешіттің салынуына да Мусиндер қаржы қосқан. Ол ХІХ ғасырдың сәулет өнеріне жатады. Академик Павлов атындағы көшедегі көп үйлерді Л.Мусин салдырған, мұнда кезінде дүкендер, керуен сарайлары да болған.
Міне, Семей қаласының өркендеуі мен өсуіне сол заманда қызмет еткен татар көпес-саудагерлердің еңбектері осындай ұшан-теңіз болды.

Қазіргі уақытта да татарлар Семей өңірінің экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне ерекше атсалысып жүр. Мәселен, қаладағы татар қоғамының жетекшісі, 2002 жылғы Қазан қаласындағы Халықаралық конкурстың жүлдегері, «Ертіс мұнары» ансамблінің жетекшісі Ғ.Ахунжанов шәкірттерімен Қазан қаласында концерт қойып, Семей қаласының атын шығаруда. Танымал Камила Исмаилова биден, Хасановтар спорттан Семей атағын шығарып жүр.
Бұл күнде Семей қаласында 12 мыңдай татар бар екен. Семей мектептерінің арасында бір татар және екі аралас мектеп жұмыс істейді. Татар ұлтының тілін, салт-дәстүрін сақтауға қолайлы жағдай жасалынған.
Семей өңірінің экономикасының өркендеуіне Р.Хазипов, З.Хайрулин, Я.Булатов сияқты меценаттар өзіндік үлестерін қосып жүр. Я.Булатов 2004 жылы Семей еңірінің ең үздік фермері деген атақты жеңіп алды.
Қорыта айтқанда, Семей татарларының экономика мен мәдениет, спорт салаларына қосып жатқан үлестері айтарлықтай қомақты. Олардың асыл қасиеттері жергілікті қазақтардың бауырмалдығымен ұштасып, өңірдің ұлттық достығы мен бірлігіне тірек болып тұр. Алдағы уақытта да бұл ізгі қасиет нығая түседі деуге негіз бар.

Орта Азия және орыс саудагерлері
Қазақ жеріндегі сауда-экономикалық қатынастардың басталуы қазақ халқының дүниетанымдық көзқарасы, шаруашылығы мен әлеуметтік жағдайларының өзгерістерге ұшырауына, соның ішінде әсіресе қазақ-ресей сауда қатынастарының басталуы мен дамуына әсер етті.

Жалпы алғанда, қазақ халқының Ресеймен арадағы байланысының алғашқы бағыттарының бірі – сауда қарым-қатынасы болды. Оның жолға қойылып, екі халық арасындағы тығыз араластың басталуы негізінен қазақ жерінің орыс мемлекеті құрамына бастау кезінен-ақ іске асырылды. Осы аталған уақыттан бастап қазақ даласының Шығыс мен Алтай өлкесі осындай екі жақты қарым-қатынасқа тартылып, уақыт өткен сайын ол кең қарқынмен дами түсті. Алдымен патша үкіметі ойраттармен сауда жасауды мақсат етті. 1729 жылы Сібір губерниялық канцелериясы сыртқы істер коллегиясының жазбаларында Ямышево және Семей қамалдары арқылы Жоңғариямен сауда жасаудың тиімділігін атап көрсетілді. Осы кезден бастап жергілікті қазақтармен сауда қатынастары арта түсті. Орыс өнеркәсіп және тұрмысқа қажетті тауарларының қазақ даласына енуі олардың жаңа тұрмысқа тартылуына, қоныс аударып келген орыс шаруаларымен тығыз байланыс орнатуына жағдай жасады. Қазақтар өздеріндегі басы артық малдары мен оның өнімдерін өздеріне қажетті тауарларға ауыстыруға мүмкіндік алды.
Қазақ даласымен сауда қарым-қатынасы Ямышево (1720), Семей (1754), Железинск (1764) қамал кедендері арқылы жүрді. Аталған сауда қатынастары, әсіресе 1758 жылғы жоңғар мемлекеті талқанданғаннан кейін жедел қарқынмен дами бастады. Алғашқы ақшасыз саудада жалпы айырбас құны бір жылдық тоқты болды. Орыс саудагерлері қазақ даласына өз тауарларын шектеусіз әкелді. Олар мыс, темірден жасалған ыдыстар, әсіресе қырғыз-қайсақтар үшін шойын қазан, темекі әкелді.
ХІХ ғасырдың бірінші ширегінен бастап-ақ қазақ даласындағы саудада ақша қарым-қатынастарының ролі арта түсті. Ақшамен сауда жсау әсіресе, қазақтарға тиімді болды. Сауданың осы түрі әр аймақтардағы уақыттардағы құнын біліп отыруларына мүмкіндік алды. Нәтижесінде, қазақтар да өз малдарының, оның өнімдерінің нақты бағасын айқындауға мүмкіндік алды.

Семей қаласында бірінші гильдиялы көпестер Ф.С.Афонин, А.Ф.Плещеев, Н. Масленников ұйымдастырған қалалық баспахана күні бүгінге дейін халыққа қызмет етуде. Ол 1854 жылы Семей облыстық баспаханасы деген статусқа ие болды.
1864 жылы 10 жылдық облыстың губернаторлық мерзімі аяқталған полковник Спиридонов Петр Михайлович қызметінен босап, орнына 1862 жылы майор шені бар Герасим Алексеевич Колпаковский (1819-1896) Семей облысының генерал-губернаторы болып, 15 жылдық мерзіммен Ресей императорының жарлығымен қызметке тағайындалды. Колпаковскийдің өзі Ресейдің Нижний Новгород қаласында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған Г. Колпаковский 16 жасында
1835 жылы Модлин жаяу әскер полкінде қатардағы солдат ретінде өз қызметін бастады. 1840 жылы Кавказ жағалауына түсірілген десант әскерлердің ішінде жүрді. Оған сол жылы прапорщик әскери шені берілді. Г.Колпаковский Кавказдағы әр жерден шыққан көтерілісгерді басуға да қатысты. 1849 жылгы Венгрия әскери компаниясында Германштадт қаласының тұсындағы шайқаста ерлік танытты. Қазақтар Колпаковскийді қатты сыйлады. Ол орыс, мынау казақ деп халықтарды бөлген жоқ, кіналары болса ұлтына қарамай қатты жазалады. Мал ұрласа дүре соқтырды. Оның ауыр жұдырығына талай орыстар да ұшырады, яғни қала тәртібін қатаң сақтады.
Павел Бурышкин Октябрь революциясына дейін Ресей көпестерінің басшысы болды. Бірінші гильдия көпес атағын беру грамотасына өзі қол қойып отырған. Сол бір өткен заманда Ресейде жалпы саны 229 коммерциялық училище болған. Олар экономистер, бухгалтерлер, технологтар, механиктер оқытып, білімі техникум немесе колледжге пара-пар дипломдар берген. Осы оқу орындарын, оқитындардың тамағын, жатын орындарын көпестер қаржыландырып тұрған. Бірінші гильдиялы көпес деген атақты біздің шаһарымызда тұңғыш рет 1833 жылы Мәскеуден Федор Сергеевич Афонин дейтін кісі алған. Ол бірнеше сауда дүкендерінің иесі болды.

Семей жері сауданың нағыз ортасы болғандықтан мұнда Орта Азия көпестері де көптеп келе бастады. Жыл сайын олардың саны өсе түсті. Кейбіреулері осы қалада мәңгі тұрақтап қалды, өйткені олар осы жерде өздеріне мол капиталдың қорын жинауға мүмкіндік алды. Олар туралы архив деректері де айғақтайды. Сол кезде жүргізіліп тұрған «Ведомость» мынадай деректерді ұсынады: «О жительствующих в г. Семипалатинске неверноподданых азиатских с показанием, кто из них производит торговлю и на какую сумму» (Ж.Касымбаев. История г.Семипалатинска (1718-1917 гг.). Қалада тұратын және саудамен айналысатын ортаазиялық көпестер тауарларын шетелден әкеп, шетелден шығарғаны үшін мемлекетке міндетті баж төлеп тұрды.
Семей жерінен өтетін сауда керуендері Семей кедені арқылы тіркеліп отырды. Әрине, мұндай керуен шерулер ұры-қарасыз болмайтын, сондықтан Семей кедені сауадгерлердің өтінішіне орай қазақ жері арқылы жан-жаққа өтетін керуен-шерулерге қауіпсіздігі үшін күзет отрядын қосып беріп отырды.

Семейдегі қазақ саудагерлері
Қазақстанда, соның ішінде Ұлы Жібек жолы Семейде ішкі сауданың дамуы мен оның сыртқы байланыстарының қалыптасуы жергілікті қазақ саудагерлерінің қалыптасуына әкелді. Алдымен олар Петропавловск, Семей тағы басқа қалалар көпестерінің агенттері ретінде қызмет атқарса, сонан кейін қазақ саудагерлері шекара жүйелерінде, форпостарында, әсіресе ауылдарда сауда жасай отырып өз кәсіптерін ашты. Тройск, Ташкент, Бұхара, Хиуамен байланыс жасайтын қазақ саудагерлері басымдық көрсетті. Тауар сатып алу үшін олар Ірбіт жәрмеңкесіне, тіпті Қытайдың Шұғышақ қаласына дейін барды. Жекелеген қазақ саудагерлері ірі сауда капиталына ие болды.

1854 жылы Семей облыс болып құрылғаннан бері қалада ірі мерекелер өтіп, сауда-саттық қызу жүргені тарихта белгілі. Осы мерекеге талай-талай ақсүйектер қатысып атсалысты. Қарапайым күрек ұстағандар оны көре алған жоқ. Қазақтар сол бір қасаң заманда феодалдық өмір қатынасында өмір сүріп жатты. Жаңадан ашылған Семей облысына әскери губернаторды Ресей императоры арнайы Жарлығымен тағайындады. Бұл қызметке лайық деп полковник П.М. Спиридонов тағайындалды. Ал, Семей қаласының басшысы – мэрді сайлау шаһар жұртшылығына ұсынылды.

Семейде сол бір жалдары қазақ ішінде бірінші гильдиялы көпес шенін алғашқы болып алғандардың бірі, қаланың тумасы, ауқатты қазақ Бұршақ Еспаев (1803-1889) болды. Ол Шоқан Уәлихановтың Қашғария экспедициясына қатысқан саудагер. Бұршақ Еспаевтың Семей жұртшылығына беделі зор кісі болған. Б.Еспаев – Қытаймен сауда жасаған көпес. Ол 1869 жылы генерал-губернатор Колпаковсийге Зайсан уезін ұйымдастырсақ, Қытаймен сауда жақсарады деген ұсыныс жасайды. Ол іс 1869 жылы орындалады. Кейін бұл жұмыс жақсы нәтиже береді.

Семейдің атақты миллионері, бірінші гильдиялы көпес Қаражан Үкібаев та тарихта қалған тұлға. Қаражан Үкібаев Семей қаласына тұңғыш рет 100 нөмірлі телефон орнатқан кісі. Соған орай ондай телефонды пайдаланушылар жөнінде сол жылы анықтама кітапшалар да шығарылған. Қаражан бұл телефонды барлық жабдықтарымен қоса кезінде Америкадан сатып алды. Қаланың сол жақ бөлігіндегі ”Тыныбай Слободкасы” деп аталған бір бөлігі уақ руынан шыққан екінші гильдиялы көпес Тыныбай Кәукенов есімімен байланысты.
Тыныбай Кәукенұлы ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанда товар-ақша қатынасы терең дамып, кең қанат жая бастаған кезде Семей өңірінде қазақ арасында алғаш саудамен айналысып, 2-ші гильдиялы көпес атағын алған ірі саудагер бай.

Мұны 1839 жылғы 22 тамыздағы ”Семей қаласының жоғарғы жағында көшіп жүрген қырғыздардың жағдайы туралы баяндама” атты мұрағаттық материал да растайды: ”…Семейлік Тыныбай Кәукенов деген қырғыз сауда жасаумен айналысып, біршама қаржы жинап алды, сөйтіп қалада үй салып, 1839 жылы үшінші гильдия бойынша көпестікке жазылды”. Сондай-ақ Қазақстан архивінде ”Уақ болысының старшинасы Кәукеновты Семей қаласының көпестер сословиесіне кіргізу туралы” 1842 жылғы мұрағаттық іс сақталған. Бұл көрсетілген архивтік материалдар Т.Кәукеновтің шынымен Семей қаласында өмір сүргенін қуаттайды. Көпес болғандықтан ол Ертістің сол жағалауынан тұрғын үй салған. Үйдің жанынан мұсылмандарға арнап мешіт салдыра бастаған. Тыныбай өзі өмір сүрген сол кездің өзінде-ақ орыс патшасының жоғары лауазымды шенеуліктері А.Трофимов, барон Врангель және орыс жазушысы Достоевский, ғалым Ш.Уәлиханов, өлкетанушы ғалым И.Земляницынның назарына ілініп, олардың ресми ақпараттарында, ғылыми-зерттеу мақалаларында жазылып қалған адам. Мысалы, Тыныбай туралы алғашқы деректі патша өкіметінің ерекше тапсырмасын орындаушы шенеулігі А.Трофимовтың 1839 жылғы 22 тамызында Батыс Сібір губернаторына жолдаған «Доклад о состоянии киргиз кочующих, выше города Семипалатинска» деген құпия ресми ақпаратынан кездестіруге болады. Онда қазақ арасында саудамен айналысатындардың әлі де аз екені, бірақ Семейдің бір қазағы Тыныбай Кәукеновтің қырда сауда жасап, өзіне жеткілікті капитал жинғаны айтылады және 1839 жылдан бастап 3-ші гильдиялы көпестіктің есебінде тұратыны сөз болады.

Қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлихановтың 1855 жылы Семей арқылы Қашқарияға барған сапары кезіндегі күнделік дәптерінен Тыныбай есімін кездестіруге болады. Ол күнделігінде: «28-июль – Тыныбайдың керуені келді. Қойларын айдап әкелді» деген жазулар қалдырған.

Тыныбай ұсақ-түйекпен айналысқан қарапайым сауда-саттық иесі ғана емес, қазақтың Семей шаһарындағы бетке ұстар азулы, дәулетті бай көпесінің бірі. Ол кез келген орыс, татар байларымен үзеңгі қағыстырып, тең дәрежеде сөйлесе алатын үлкен бедел иесі әрі қала мен қырға ықпалын бірдей жүргізіп тұрған әккі саясатшы да. Тыныбай көпес Ресейдің ішкі қалалары мен Қытайға мыңдап қой, түйе, жылқы айдатып, сауда керуендерін ұстаған, ақшаны судай сапырған саудагер.

Тінібай туралы жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында оның аға сұлтан Құнанбаймен құда болуына байланысты эпизодта айқын аңғарылады. Онда: «…Семейдің үлкен саудагері Тінібай бай Қарқаралыға келді. Көп жәшікке тең-тең қып бұл тиеп келген. Қарқаралы халқының барлық соғым терісін бір өзі баурап, жиып алғызбаққа келіпті»- дейді.
Міне, Семей қазақ байларының қай-қайсысын алсақ та бәрінің ойлағаны бір қазақтың қамы болғаны анық, олардың тұлғалары тарихта қалды.

Әдебиеттер тізімі:

Апсалямов Н. Семей және сауда-экономикалық кеңістік // Семей таңы.-1998.-8 қазан.-4 б.
Ахметұлы Т. Көпес Мусиндер көне Семей байларының алды болған // Семей таңы.-2001.-8 маусым.-9 б.
Зұлхаров Ғ. Тануға тұрарлық тұлға: (Қ.Үкібаев туралы) // Семей таңы.-2003.-14 ақпан.
Игембаев Б. Көне қалада түйе болған ба? // Ертіс өңірі.-2006.-27 қыркүйек.-14 б.
Кашляк В. Сауда байланыстары // Семей таңы.-1989.-31 август
Кенемолдин М. Тінібай қажы // Абай.-2004.-№3.-74-78 б.
Сәдуақасов Ә. Қос мұнаралы мешіт // Семей таңы.-1998.-30 шілде.-12 б.
Касымбаев Ж. История г.Семипалатинска (1718-1917 гг.). -Алматы, 1998.-276 с.