Абайтану

Зейнелғабиден ибн Әміре 

Абай шығармаларын баспа арқылы насихаттаушалардың бірі – Зейнелғабиден. Ол Абайдың бір топ өлеңдер топтамасын Кәкітайдан бұрын жариялап, Абай жөнінде арнайы пікір көтеріп, ақын мұрасымен туысқан татар халқын таныстыруға әрекет етті. Оның «Насихат – Қазақия» деген еңбегі Кәкітай бастырған Абай шығармаларының алғашқы жинағынан бұрынырақ жарияланып, Абайды дұрыс тұрғыдан бағалаумен ерекшеленеді. Халықты мәдениетке тартудың жолы ағартушылық деп білгендіктен :«Адам баласы үшін қадірлі, қымбат нәрсе ақыл болып, сол ақылды жоғары басқышқа шығаратын нәрсе ғылым, өнер, мағруф, болса керек» – деп бар өмірін жастарды оқытуға сарп етіп, халықты білім жолын насихаттаумен өтті. «Ақылды, білімді, өнерлі болу тәңіріден деп оны құдай бермесе не қыламыз деген сияқты өріссіз ойларды немесе «Шіркін біздің қазақтан артық халық бар ма» – деп көшпенділікті дәріптейтін пікірлерді Абай қөзқарасы тұрғысынан терістейді. Қазақтың кемшілігі – білімсіздігі мен надандығында деп көрсетуі Абай пікірімен үндес шығады.
Зейнелғабиденнің бұл трактаты – Абай мұрасын насихаттау мен бағалауда революцияға дейінгі әдебиетте өзіндік орны мен белгілі дәрежеде ерекшелігі бар еңбек. Өйткені бұл трактат қазақ әдебиетінің жайы туралы мәселені тұңғыш рет арнайы сөз етіп, айрықша көңіл бөлумен дараланады.
Зейнелғабиден ақындықты үлкен өнер деп танып, оның ұлылығы мен қасиеттелігіне орыстың ұлы ақыны Пушкинді үлгі ете сөйлейді. Өйткені «орыстардың Пушкині қияметке шейін халық тілінде сөйленіп, тарихқа жазылуы», сол сөз өнерінің құдіретіне байланысты деп біледі. Абайға осы тұрғыдан қарап, оның ақындық өнерін аса жоғары бағалайды. Зейнелғабиден қазақтың тіл өнерін татар халқына таныстыруды мақсат еткенде, Абай шығармаларын қазақ поэзиясының үлгісі ретінде ұсынып, оны қазақ поэзиясының ұшар шыңы, жақұты ретінде таниды. Поэзияны Абай қойған талап тұрғысынан бағалауға тырысады. 1908 жылы «Уақыт» газетінің 388 – санында жарияланған «Абай Құнанбаев» деген мақаланы біз Зейнелғабидендікі деп ойлаймыз. Зейнелғабиден «Насихат-Қазақиясында» Пушкин атының тарихқа мәңгі жазылуының басты себебі, ақындық өнері, құдіретінде деп қараса, бұл мақаласында Абайдың қазақ даласына даңқы жайылып танылуы, ақынның байлығына немесе билігіне байланысты, емес, керісінше, оның «тілі, оқушыларын оятатын өлеңдері оны бүкіл атырапқа өзін мәшһүр еткен» ақындық өнерінде деп Абайдың ақындық өнеріне шешуші мән береді. Мақала авторы Абайды тек ұлы ақын ретінде ғана танымай, оны қазақ халқының ойшылы, білімді кемеңгері ретінде бағалап, Абай туған халқының рухани дүниесімен ғана шектелмей, Батыс пен Шығыстың рухани дүниесінен де терең сусындағанын атап өтеді, Абайдың географиясымен, әсіресе тарихпен кең тұрғыдан таныс, өресі зор білімді кісі болғаны туралы алғаш мәлімет беріледі.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10