Абайтану

img29М. Әуезов Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан танып білу жолына саналы түрде алдына ұлы мақсат қоя отырып кірісуі, негізінен Абай туралы роман жазуды қолға алған жылдарынан басталады. Осы жылдарда-ақ алдына ғылыми-творчестволық зор мақсаттар қойған тұста-ақ сегіз түрлі проблеманың аумағында жүргізілер іс-әрекеттерінің бағыт-бағдарын нақтылы түрде айқындап алған болатынды.
Абайтану саласында жүргзілген ғылыми творчестволық ізденістерінің бәрі де осы сегіз түрлі проблема шеңберінде жүргізілгені бүгінде толығымен айқындалып отыр. Алдымен қолға алған зерттеу нысанының өзекті мәселесі Абайдың ғылыми өмірбаянын табиғи қалпына келтіру арқылы ұлы туындысы «Абай жолы» эпопеясында өмірбаяндық деректер негізін арқау етіп өру жолын ұстанды. Абай мұрасын танып бағалау жолында ақын мұрасының саяси әлеуметтік болмысын ашу үшін де өмірбаяндық деректресіз қадам басу қиын болатынды. Абай өмірбаянын жазумен ұзақ жылдар бойы айналысумен бірге Абай мұрасының текстологиялық жағына да айрықша назар аударып, ақын шығармаларының текстологиясы жөніндегі ізденістерінің мол көрініс берген кезеңі, әсіресе, 1933 жылғы Абайдың тұнғыш толық жинағында анық байқалды. Бұрынды сонды Абай басылымдарында ұшыраспайтын көптеген өлендер мен өлең жолдары тыңнан қосылып отырылды.
Абай басылымдарының 1933, 1940, 1945, 1957 жылдардағы толық жинақтарын баспаға даярлауға тікелей атсалысқан М.Әуезов Абай өлеңдерінің өрнек үлгісін толығымен табиғи қалпына келтіре алды. Әрине, бұл үшін өлең табиғатын терең танып білумен бірге, өлең құрылысы туралы теориялық білім де қажет болды. Осы ерекшелік М.Әуезовте толығымен табылды. Абай өлең құрылысындағы өлең өрнектерін қалпына келтіруде алғашқы толық жинақта М.Әуезовтің өзі де кемшіліктерге жол беріп алды. Бірақ толассыз ізденіп Абай өлең құрылысының ерекшеліктеріне қаныққан сайын ол кемшіліктерін жетілдіріп отырды. Мысалы, алғашқы толық жинақта өлең өрнегі жағынан өте күрделі Абайдың «Қатыны мен Масақбай», «Сен мені не етесің?» өлеңдерінің бастапқы табиғи қалпын сақтай алмаса, соңғы баслымдарда оны толық табиғи қалпына түсіріп, қалыптастырғанын көреміз. Отызыншы жылдар басында-ақ М.Әуезов Абайдың әдеби ортасы деген күрделі мәселеге ерекше назар аудара бастады әрі осы тақырып абайтану тарихында мейлінше айтыс тартыс тудырған ең күрделі мәселеге айналып кетті. Өйткені бұл проблема тек Абайдың әдеби ортасын ғана қамтып қоймай, Абайдың әдеби мектебі, Абайдың ақын шәкірттері, Абайдың ақындық дәстүрі немесе Абай тұсындағы ақындар деп аталатын түйіні бір, бірақ тармақтары сан тарау мәселелерді қамтыды.
Абайтанудың негізін қалаған М.Әуезовтің ұлы ақын мұрасы жолындағы орасан зор ғылымдық творчестволық ізденістерімен қатар басқа ғалымдар да айтарлықтай бұл салада елеулі үлестерін қосып жатты. Әдебиеттен алғаш рет проф. Қажым Жұмалиев «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» деп аталатын докторлық диссертациясын қорғауы абайтану саласында елеулі еңбек болды. Абайтанудың М.Әуезов дәуірінде С.Мұқанов, М.С. Сильченко, К.Бейсембиев, К.Мұхаметханов, Ә.Жиреншин, З.Ахметов, Полибина, М.Фетисов т.б. абайтанудың әр түрлі саласынан ғылыми монографияларын жариялап үлгерді. Абайтанудың ғылыми зерттеу жұмыстарының бәрі де сол тұстағы кеңестік жүйенің таптық идеологиясы қойған тегеуірінді талабының шеңберінен шыға алмады. Осы себепті зерттеу жұмыстарының дені Абай мен орыс әдебиетінің қарыс-қатынасы туралы мәселеге арналған тақырыптарға қарай ойысуы уақыт пен заман талабы болатынды.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10