mРайымжан Мәрсеков – ұлтымыздың жарқын болашағы үшін күрескен ірі қоғам қайраткері, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін Ж.Ақпаевпен қатарлас бітірген жоғары білімді заңгер, Семей географиялық қоғамы бөлімшесіне мүше (1902-1911) болып, далалы өлкені зерттеу ісіне өз үлесін қосқан алаш арысы.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы қазақ зиялыларының саяси аренаға шығып, қоғам өміріне белсене араласуымен ерекшеленді. Сол қилы заманда қазақ қоғамын толғандырған мәселелер қабырғасына батып, халқын алға жетелеген ұлт зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақпаев, Әлімхан Ермеков, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов тб. көптеген арыстарымыздың қатарында Райымжан Мәрсеков есімі де зор құрметпен аталады..

Райымжан Мәрсеков өлкеміздің тарихында аты қалған, істеген жарқын істерінің ізі қалған аяулы тұлға. Қанатымен су сепкен қарлығаштай қара қазақтың қамын жеген қайраткер тұлғасын ашуда, еңбегін көпшілікке таныстыруда Бейсенбай Байғалиевтың, Қарпық Егізбаевтың, Светлана Сымағұлованың, Марат Әбдешовтың, Омарбек Қайсаның, Раиса Әлинаның зерттеу мақалаларының орны бөлек.

Райымжан Мәрсеков 1879 жылы бұрынғы Семей облысының Өскемен уезі Айыртау болысында (Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында) дәулетті, елге сыйлы Сасықбайұлы Мәрсектің отбасында дүниеге келген. Әкесі Мәрсектің руы – Найман ішінде Терістаңбалы, анасы руы – Жанай, атақты Тана мырзаның ұлы Омар мырзаның қызы Бейілхан ханым.
Көреген ата-ана заман ағымын түсініп тетелес өсіп келе жатқан ұлдары Райымжан мен Шериязданды уездік орыс-қазақ мектебіне беріп сауатын аштырған. Орта білімін Омбы классикалық гимназиясында оқумен толықтырған жасынан зерек Райымжан енді Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі.

Райымжан жас кезінен-ақ еті тірілігімен көпшілік көзіне түскен. Оның күрескер тұлға, қайраткер ретінде қалыптасуының негізі осы кезеңнен бастау алған. Студент шағынан ол қоғамдық жұмыстарға қызу араласып, өзіндей алыстағы қазақ жерінен келіп оқып жатқан қазақ жастарымен тығыз қарым-қатынаста болды. Қоғамда болып жатқан өзгерістер, патша үкіметіне қарсы бой көтеру, толқулар әсерінен өзі қатарлас жастардың бойын билеген еркін ой-идеялар Райымжан үшін де жат болған жоқ.

Жастардың қайнаған ортасында жүрген Райымжан 1899 жылғы ақпан-наурыз айларында болған отаршыл саясатқа қарсы студенттер қозғалысына қалыптасқан саналы күрескер ретінде қатысты. Әрине, бұл әрекеті үшін ол билік назарынан тыс қалған жоқ, тиісті жазасын алып оқудан шығарылып, астанадан қуылды.

Елге келген оған Семей облысы әскери губернаторы сыртынан полицияның қатаң бақылауын қойған. Басқан ізі аңдулы екенін сезген ол көп аялдамай сол жылы тамызда қайта Петербургке барып, ізденіп жүріп, үлкен қиындықпен қайта оқуын жалғастыруға қол жеткізген. Талап етілген тәртіпті бұлжытпай орындап, ол 1902 жылы оқуын бітіріп шыққан. Оқуын бітіре салысымен Р.Мәрсеков Семейдің округтік сотына қызметке тағайындалып, алған білімін халқының игілігіне жаратты.

Райымжан Мәрсеков көкірегі ояу, көзі ашық әрбір ұлтжанды азаматты толғандырған қазақ қоғамының өзекті мәселелеріне студент кезінен-ақ қалам тартқан. Оның алғашқы зерттеу мақалалары 1899-1900 жылдары «Дала уалаяты» газетінде жарияланып тұрған. («Сайлау һәм оның ақырғы залалы» (Дала уалаяты газеті, 1899, №44, 45, 46; «Қазақ билерінің тексерулері» 1900,№1, 2; «Бір ауылдан бір ауылға шықпақ турасында» 1900, №6).

Райымжан Мәрсеков 1902 жылы 22 желтоқсанда Семей орыс географиялық қоғамына мүше болуға өтініш беріп, мүше-қызметкер ретінде қабылданған. Оның 1901 жылы «Санкт-Петербургское въдомство» газетінің №68 санында жарияланған «Киргизы и переселенцы» атты мақаласы аса құнды еңбек ретінде кітапхананың сирек қорында сақталған 1902 жылғы каталогына енгізілген.
Сонымен қатар кітапхана каталогына Р.Мәрсековтың: «Сайлау (выборы) и его вредн. послъдст.», «Киргизский народный судъ» және «По поводу статьи въ киргиз. Степ. Газ. «Женщина»» мақалалары енген. Ол 1899 жылғы «Дала уалаяты» газетінің 1 санында В.М. деп қол қойған автордың қазақ әйелінің қоғамдағы, отбасындағы ролі туралы пікіріне: «…Қазақ әйелінің басынан билік мүлде кетпейді. Қайта көбі байының ақылдас, серігі болып кетеді. Ері үй жамағатының бастығы. Жалғыз онан үлкен емес. Шаруа тұрыс-жүрісінің көбін-ақ қатынымен ақылдасып істейді. Қырда қатыны шаруа жүріс-тұрысын билейтін үйлер көп жолығады. Байының атын атамай, қатынының атын атап: «пәленшенің ауылына барамыз» дейді, байы тірі болса да…» деп «По поводу статьи въ киргиз. Степ. Газ. «Женщина»» мақаласымен жауап жазып, аталған газеттің 2-ші санында жариялаған.

1903 жылдың 30 наурызында Р.Мәрсеков географиялық қоғамның мәжілісінде қазақ өлкесіндегі басқару ісіне, болыстық соттар мен старшындарды сайлауға қатысты «О выборном начале у киргизов» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол сайлау барысында қазақтардың бірнеше партияға бөлініп, ел басқару ісіне дау-жанжал арқылы, сондай-ақ әртүрлі заңсыз жолдармен сайланатынын баса айтып, қазақ өлкесін басқаруда болыстық соттар мен старшындарды сайлауда ақсақалдар сайлауы емес, тікелей қара халықтың сайлауын, яғни төте сайлау енгізу жөнінде ұсыныс жасайды. Райымжанның бұл ұсынысы қызу пікір-талас туғызған.

Өресі кең, жан-жақты білімді, орыс-қазақ тілдерін терең меңгерген Райымжан қаламынан туған мақалалар көтерген мәселелерінің күрделілігімен, кең ауқымдылығымен ерекшеленіп, сол тарихи кезең тынысын танытады. Оны толғандырған: «Жер мәселесі» (Қазақ, 1914,№67);
«Ата қонысынан айрылған қазақ жайы» (Қазақ, 1915, №179);
«Қазақ қайтсе жерге ие болады» (Айқап, 1912, №1,2);
«Бас қосудың керектігін» (Айқап, 1913, №10);
«Қазаққа бөлек муфтилік керек пе?» (Қазақ, 1913, №43);
«Қазақ қайда бара жатыр?» (Қазақ, 1914, №62);
«Қоныстандыру басқармасының озбырлығына қарсы наразылық» (Қазақ, 1914, №67) тб. соның айқын айғағы.