Page 2 - Календарь - 2026 год Семей
P. 2
Алғы сөз
Әр елдің, әр халықтың рухани, мәдени, тарихи құндылықтары бар. Ол құндылықтар
қаншалықты көне болса, оның зерттелу тарихы да соншалықты тереңге барады. Қазақ елі
бай ел. Оның ішінде, Семей өңірі – мәдениет пен тарихқа бай өлке. Бұл өңір талай қазақ
ғалымдарының, өнер, білім қайраткерлері, жалпы әлемге әйгілі ұлы адамдардың қаны
тамған өңір.
Ұлы Абайды, Мұхтардай дананы, Шәкәрімдей шежірені және басқа да керемет
тұлғаларды әкелді. Бұл өңірден талай атақты ақын-жыраулар, жазушыларымыз шыққан.
Өлкетану – көп функцияларды атқарады, оның ішінде ең маңыздысы – жинақтап,
жүйелеп, оны сақтап, ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға орасан көп арнаулы білімді
жеткізу мүмкіндігі бар – ақпараттық функциясы. Облыстық кітапхана қызметінде
өлкетану жұмысы ерекше орын алады. Өлке туралы, өнер және мәдениет, ғылым мен
әдебиет саласында елеулі үлес қосқан тұлғалар жайлы, әр түрлі өлкетанулық
библиографиялық ақпараттың жасалуы маңызды болып келеді. Солардың бірі –
библиографиялық көрсеткіштер. « Абай облысында 2026 жылы аталып өтілетін және
еске алынатын күндер» күнтізбегі шығуда. Әрбір күнтізбе тарихи оқиғалардың негізгі
шежіресін, жұртшылықты республика, өлкетану тарихында өз еңбектерімен ерекше үлес
қосқан адамдармен таныстырып келуде. Биылғы 2026 жылы аталып өтетін мерейтой
иелері жазушы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Медеу Сәрсекенің туғанына
90 жыл, жазушы, абайтанушы, ғалым, аудармашы, текстолог, Қайым
Мұхамедханов туғанына 110 жыл, Қазақстанның халық әртісі, әнші Мәдениет
Ешекеевтің туғанына 90 жыл т.б танымал тұлғалардың мерейтойлары енгізілді. Аталып
отырған күндер тізбесі айы бойынша реттеліп, қысқаша анықтамалар мен әдебиеттері
берілген даталар жұлдызшамен белгіленген. «Айы мен күні белгісіз даталар» туралы
анықтамалар мен әдебиеттері беріліп хронологиялық тәртіппен орналастырылған.
Кеңестер Одағының батырларының тізімі хронология тәртібімен анықтамасыз берілген.
Күнтізбе аталып өтілетін есімдердің әріптік көрсеткішімен жабдықталған. Күнтізбе
мұғалімдерге, кітапханашыларға, өлкетанушыларға, өз өлкесін танып білгісі келетін
оқырмандарға көмекші құрал ретінде ұсынылады.
Күнтізбе туралы ой-пікірлер туындаса, төмендегі мекен-жайға хабарласуға болады:
071400 Абай көшесі, 86
Абай облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы,
Ақпараттық-библиографиялық бөлім
Телефон: 52-43-07
E-mail: semeybib@yandex.ru

