Page 149 - 2025 жыл күнтізбе Семей++
P. 149
«Алаш» партиясының белсенді козғалысының көрнекті
өкілі, қоғам қайраткері Нұрмұхамедов Хасен
Нұрмұхамедұлы 1900 жылы Қарағанды облысы Есіл
ауданында дүниеге келген. Азамат соғысына қатысқан.
1917-1919 жылдары «Алаш» партиясының мүшесі болды.
Атбасарда мұғалімдер курсында, Омбыда партия-кеңес
қызметкерлерін даярлайтын курста оқыды. 1920 жылы Орынбор жұмысшы
факультетін, 1930 жылы Мәскеуде К.А.Тимирязев атындағы ауыл
шаруашылық академиясының экономика факультетін бітірген.
1919-1920 жылдары Атбасар уезінде мұғалім, 1920-1921 жылдары
БК(б)П Атбасар уездік комитетінің мұсылмандар секциясының меңгерушісі,
Петропавл губкомы хатшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 1922-23
жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің редакциялық алқасының мүшесі, «Қызыл
Қазақстан» журналының жауапты редакторы, 1922-1924 жылдары ҚазОАК-
не мүше болған. 1923-1928 жылдары ҚазКСР Егін шаруашылығы
Халкомының жерге орналастыруға қатысты өкілі, Семей және Акмола
губерниясының жерге орналастыру партиясының басшысы қызметтерін
атқарды.
1930-1932 жылдары Мәскеудің ауылшаруашылығы экономикасы
ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, Ұжымшарлық (колхоз)
ғылыми-зерттеу институтының аспиранты болды. 1932-1933 жылдары
Алматы ауыл шаруашылық ғылыми зерттеу институтының директоры,
1933-1934 жылдары ҚазКСР Мемлекеттік Жоспарлау комиссиясы
төрағасының орынбасары, 1934-1936 жылдары ВАСХНИЛ-дің Қазақстан
филиалы президиумының төрағасы, Шығыс Қазақстан облыстық атқару
комитетінің төрағасы, Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау халық комиссары
қызметтерін атқарды. 1937 жылы қазанда тұтқындалып, 1938 жылы ақпанда
ату жазасына кесілген. Қайраткердің есімі 1957 жылы желтоқсанда ақталды.
Әдебиеттер:
Нұрмұмамедов Хасен // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.:
Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.258-259
Нұрмұмамедов Хасен // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы:
энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.323-
324
Төлепберген Б. Мәңгі жас – Алаш идеясы. – Алматы: Алматы баспа
үйі, 2008. – 301 б.