Page 147 - 2025 жыл күнтізбе Семей++
P. 147
орнына губерниялық төңкеріс комитетін (губревком) кұрады. Өзі
губревкомның төрағасы ретінде шаруашылық пен ел басқаратын азаматтар
жөнінде бірқатар батыл шараларға барады.
Аштық зардабымен күресу мақсатында ҚазОАК қайраткерді 1922 жылы
төтенше өкіл ретінде Қостанай гүбернесіне жібереді. Ол тағы да батыл
қадамға барып, қазақ ұлтына жасаған теріс әрекеті үшін Торғай уездік
комитетін таратады. Оның орнына төңкеріс комитетін кұруға шешім
шығарады. Бұрмалаушылықтар туралы «Қызыл Қазақстан» журналына
«Қостанай-Торғай» атты жолжазба жариялады. 1923-24 жылдары Қазақстан
жоспарлау комитетін, 1925-27 жылдары Халық ағарту комиссариатын
басқарады.
«Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» басылымдарына
редакторлық етті. Ол жастардың ұлттық қозғалысына арналған алғашқы
зерттеулермен айналысты. Оның қаламынан туған «Жастарға – жаңа жол»,
«Жастармен әңгіме», «Ұлт театры туралы» «Қазақстанда халық ағарту
мәселелері» т.б. танымдық кітаптармен бірге «Сәрсенбек», «Салмақбай-
Сағындық», «Күміс қоңырау», «Салмақбай, Махамбет», «Аптономия»,
«Өртең» т.б. прозалық еңбектері, орыс тілінде әзірлеген «Қозы Көрпеш-Баян
сұлу» нұсқасы (Г.Тверитин аударған), «Молодой Казахстан» жинағы тұсында
өте танымал болды. Қазақстан экономикасын өркендету жөнінде зерттеулер
жазды. Оның публицистикасы қоғамдық ойдың қалыптасуына ықпал етті.
С.Сәдуақасұлы 1923 жылы 11 ақпанда А.Байтұрсынұлының 50 жылдық
мерейтойын өткізуге мұрындық болып, жиында «Ақаңның алдында» атты
баяндама оқыған. 1926 жылы тұңғыш ұлт театрын ашуды ұйымдастырып,
қазақ ән-күйін нотаға түсіруші А.Затаевичке қамқорлық көрсеткен.
Қайраткердің саясаттағы елеулі белесі – Кремль функционері
Ф.Голощекинмен ашық күресі.
Оған С.Сәдуақасұлының Қазақстанда өндірісті дамыту, биліктегі
шовинистерден арылу, ескі оқығандарға жағдай жасау, халықты шын
теңдікке жеткізу идеясы, ұстанымы ұнамады. Ол 1927 жылдан бастап саяси
қызметтен қуғындалды, біраз уақыт Ташкенттегі Қазақ пединститутын
басқарғаннан кейін жұмыстан босатылды. 1928-32 жылдары Мәскеу жол
құрылысы институтын бітіріп, Мәскеу-Донбасс жолында инженер болады.
Қайраткер 1933 жылы 16 желтоқсанда Кремль ауруханасында қапыда
дүниеден озады. Сүйегінің күлі Мәскеудегі Дон христиан зиратханасының
қабырғасында сақталынып келді. 2011 жылы ол Астанаға әкелініп, ел
дәстүріне сай Хан Кене сарбаздары қорымына жерленді.
Әдебиеттер: