Page 16 - 2025 жыл күнтізбе Семей++
P. 16
шеше білуі арқасында кейіпкерлерін бір-бірімен шатастырмайды. Қазы
(«Тазының өлімі»), «Көк мұнардағы» Кенжек, Едіге, Гүлшат, «Бір атаның
балаларындағы» Ахмет қария, «Әйел махаббатындағы» Зия, «Қарақыздағы»
Айгүл т.б. бейнелері жазушының суреткерлік биік мұратты заман ақиқатын
ұлттық қасиет, ұлттық мінез диалектикасына ұштастыра алатындығының
жарқын көрінісі.
1984 жылғы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология
ғылымының докторы, жазушы Мұхтар Мұқанұлы Мағауин қазақ әдебиетінің
тарихын зерттеуде көп еңбек сіңірумен қатар, бірнеше көркем туындылардың
авторы. Ол жазған «Қобыз сарыны» монографиясы (1968) және «Алдаспан»
антологиясы (1970) көне дәуірдегі қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге қосылған
бағалы еңбектер. М.Мағауинның 1984 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік
сыйлығына ие болған «Аласапыран» атты тарихи диалогиясында қазақ және
орыс халықтарының арасындағы достық қарым-қатынас арқау болады.
Ол «Алдаспан», «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай,
заман-ай, заман-ай» атты ақын-жыраулар шығармаларының антологиясын
құрастырып жарыққа шығарды. «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының
әліппесі» зерттеу еңбектері қазақ тарихының 500 жылдық кезеңін қамтиды.
«Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» (1992) оқулығы мен хрестоматиясының
(1993), т.б оқу құралдарының авторы.
Жазушы бұл шығармасын жазуда тарихи көп жерлерді аралағанын
айтады. «Москвадағы Кремльді көп зерттедім. Патша Сарайының іші-сыртын
және ондағы жиһаздарды суреттеуге де біраз еңбек сіңіруге тура келді. Жалпы,
осы еңбекті жазу үшін жүзден астам еңбектерді пайдаландым»,- деп жазады.
Шығарма тікелей қазақ өмірінің шындығын бейнелейтіндіктен, Мағауин ХҮІ-
ХҮП ғасырдағы халықтың тұрмысы, салт-санасы, әдет-ғұрпы, қару-жарақ,
құрал-саймандарына дейін дәлдікті сақтауға тырысқан. Жазушының
шығармалары ТМД және шет ел тілдеріне аударылған.
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың және Түркияның
«Түрік дүниесіне қызмет» халықаралық (1997), «Тарлан» сыйлықтарының
лауреаты (2002) Шыңғысхан академиясының академигі М.Мағауиннің бүгінгі
таңда әдебиетке қосқан зор үлесі: 2000 жылға дейін 6 роман, 7 хикаят, 40
әңгіме, 1 томдық зерттеулер мен 3 томдық сын және түрлі мақалалар жазған.
Әдебиеттер:
Мағауин М. Аласапыран.Тарихи роман.1-кітап. - Алматы:
Жалын,1981. - 384 б.; 2 кітап, 1983.-456 б.

