Page 94 - 2025 жыл күнтізбе Семей++
P. 94
Ақындық дарыны мен таланты танылуы арқасында ол 1939 жылы халық
ақындарының республикалық слетіне қатысты. 1943 және 1945 жылғы
облыстық, республикалық ақындар айтыстарында өнер сайысына түсті.
Есенсары Құнанбаевтың ақындық дәржесін, творчестволық
диапозонын анық көрсететін, оның ақын Сапарғали Әлімбетовпен айтысы,
өйткені, бұл Құнанбаев өлеңдерінің ішіндегі ертелі-кеш баспасөз бетінде
толық жарияланған үлкен туындысы.
1945 жылы марттың 9-10 күндері Семей қаласында облыс
ақындарының айтысында Есенсары мен Сапарғалидың бұл айтысы
«Екпінді» газетінің 1945 жылғы 16-17 март күндеріндегі номерлерінде тұтас
басылған. Ол алғашқы кезде Таңсық өңірінде «Көшелі жырау» ретінде
«Зарқұм», «Сал-сал», «Қабанбай батыр», «Ер Науан» т.б. хисса, дастан,
поэмаларын жатқа айтып, бір өзі қазақ сахнасында елді аузына қаратқан
көшпелі театрдай адам болған еді.
Тегінде Есенсары Құнанбаевтың соңғы жылдарда жазған, оның
шығармашылық өсу жолы мен дарынды, қарымды талантын танытатын
артында қалған поэзиялық мұралары – «Қазақ қызы», «Тобағұл», «Сабыржан
Ғаббасұлы», «Мәлік батыр» атты ұзақ желістерге құрылған поэмаларының
барлығын қазіргі оқушы қауым біле бермесе керек. Өйткені, бұл поэмалар
кезінде мерзімді баспасөзде үзінді ретінде жарық көрген. Бұлар және басқа
өлеңдері мен айтыстары Қазақ ССР Ғылым академиясының М. Әуезов
атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы.
Аякөз өңірін ақындар мекені деп ардақтап атау тарихи кезеңдердің әр
тұсына байланысты кесек-кесек ел даңқын шығарған халқымыздың қасиетті
перзенттерінің өмірімен сабақтасып жатуында болар.
Әдебиеттер:
Жантасов Д. Ағылескер ақын еді... (Е.Құнанбаевтың туғанына 100
жыл) // Алға. -1990. - 2 маусым.
Зұлхаров Ғ. Халық ақыны// Семей таңы. - 1975. - 16 желтоқсан. – Б.4
Қалымов Д. Тойдан кейінгі түйін: (Халық ақыны Есенсары
Құнанбаевтың 100 жылдығынан) // Семей таңы. - 1990. - 15 желтоқсан. - 7 б

