Page 122 - 2025 жыл күнтізбе Семей++
P. 122
болмаса да, тоқығаны мол кісі болған. Атасы Мүсірәлі Есбол өңірінде болыс
болған белгілі қайраткер. Мүсірәлінің үлкен ұлы Досжан Бердиев
Орынбордағы Неплюев кадет корпусының алты класын бітірген, Гурьев уезі
бастығының тілмәші әрі қазақ істері жөніндегі көмекшісі болды. Ғ.Бердиев
Есбол көшесіндегі «Қызыл үй» аталатын екі кластық орыс-қазақ мектебін
бітіргеннен кейін ағасы Досжанның көмегімен Гурьевтегі орыс-қазақ
Романов училищесін 1909 жылы тәмамдады. Одан кейін Орал реальдық
әскер училищесінде төрт жыл оқып, училищені толық аяқтамастан, 1903
жылы Қазан малдәрігерлік институтына түсті. Осындағы жасырын социал-
демократтар партиясының мұсылмандар ұясына кірді.
1905 жылы 9 қаңтарда Қазандағы студенттер ереуіліне қатысты. Осы
үшін қудаланып, 1905 жылы Оралға келді. Реальдық училищеде қатар оқыған
Б.Бейсенов, И.Қашқынбаев, Ғ.Есенғұлов, Н.Ипмағамбетов Дерп
ветеринарлық институтының студенті Ғ.Арықовпен жақын араласып,
пікірлес болды. 1904-1905 жылдары Б.Қаратаевтың басшылығымен Оралда
«Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы» деген атпен қазақтың
кадеттік үлгідегі тұңғыш ұлттық саяси ұйымын құру қозғалысына белсене
қатысты. 1905 жылы желтоқсанда Орал қаласында Қазақстанның бес
облысының өкілдерінің қатысуымен өткен басқосуда осы саяси ұйымның
Орталық комитетінің құрамына Б.Қаратаев, И.Тоқберлиев, Х.Досмұхамедов,
М.Мұқановтармен бірге енді. «Фикер» газетінің 1905 жылғы 25
желтоқсандағы №5 нөмірінде «Қазақ конституциялық-демократиялық
партиясының программасын» жариялауға қатысты.
Ғ.Бердиев 1906 жылы күзде Қазан малдәрігерлік институтындағы
оқуын жалғастырып, оны 1909 жылы бітіріп шықты. 1909-1917 жылдары
Гурьев уезінің бас мал дәрігері болып істеді. 1911-1913 жылдары Шәңгерей,
Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараштың ұйытқы болуымен әуелі Ордада,
соңыра Орал қаласында шыққан «Қазақстан» газетіне қолдау көрсетіп,
газетті шығарушы 27 адамнан тұратын топ құрамына енді, 500 сом жарна
қосты. «Қазақстан» газетінің бетінде мәдени-ағарту, отырықшылыққа көшу,
аурудың алдын алу, тазалық сақтау жайынан бірнеше мақала жариялады.
1917 жылы шілдеде өткен I жалпықазақ сиезінде Орал облысынан Құрылтай
жиналысына сайланатын депутат кандидаттығына ұсынылды. 1917 жылы
Уақытша үкіметтің Гурьев уезіндегі комиссары болып тағайындалды.
1918-1919 жылдары Гурьев уезіне қарасты Қарабай болыстық земство
басқармасын басқарды. Ғ.Бердиев Қазанда оқып жүргенде жабысқан
туберкулез дерті меңдегеннен кейін, 1919 жылы күзде туған ауылына
оралды. 1921 жылы көктемде осы аурудан қайтыс болды. Соңында екі қыз,
бір ұл қалды. Үлкен қызы Жаниха, кіші қызы Софья 1949 жылы қайтыс
болды, ұлы Мұхтар Гурьев педагогика училищесінің түлегі, 1944 жылы
майданда қаза тапты.

