Page 120 - 2025 жыл күнтізбе Семей++
P. 120

1918  жылдың  басында  Алашорда  үкіметі  өзінің  уақытша  тұрағы
                  Семейге  ат  басын  тіреген  уақытта  Имам  Әлімбеков  саяси  күреске  белсене
                  араласып, түрлі қоғамдық жұмыстар атқарады. Алайда Семейдегі қала билігі
                  ақ  пен  қызылдың  қолына  алма-кезек  ауысып,  Алаш  қайраткерлерінің
                  түпкілікті көздеген мақсатын жүзеге асыруға көп мүмкіндік бермеді.


                         Омбыдан  қызылдардың  командирі  Звездовтың  қарулы  отрядының
                  келуімен Алаш милициясының командирі Қазы Нұрмұхамедұлы оққа ұшып,
                  жаппай  тұтқындау  басталады.  Мұндай  кезеңде  Алашорда  басшыларына
                  ақпен  де,  қызылмен  де  уақытша  тіл  табыса  тұру  керек  болды.  Сол  себепті
                  Семей  облыстық  қазақ  комитетінің  мүшелері  ақылдаса  келіп,  Имам
                  Әлімбековты  кеңестік  революциялық  штабқа  астыртын  қызметке  жібереді.
                  Ол өз басын қауіп-қатерге тіге жүріп, талай қазақ азаматтарын тікелей төнген
                  ажалдан аман алып қалды.


                         Алаш  қайраткері  Имам  Әлімбеков  азаматтық  қарсыласу  жылдары
                  Самара  қаласында  өткен  Сібір  автономистерінің  өзін-өзі  билеу  мәселесін
                  қарастырған  съезіне  делегат  ретінде  қатысып,  Семейдегі  Алаш  милициясы
                  мен атты әскер полкін құрып, жасақтау ісіне араласады.


                  Алашорда  үкіметі  құлағаннан  кейінгі  кеңес  уақыты  тұсында  туған  өлкесі
                  Қарқаралыға қайтып келіп, оқу-ағарту саласында қызмет жасайды. Бір кезде
                  «Қазақ»  және  «Сарыарқа»  газеттерінде  жинақтаған  шығармашылық
                  тәжірибесі  құр  босқа  далаға  кетпейді.  Түрлі  басылымдарға  мақалаларын
                  жариялап, қаламгерлік дарынын шыңдай түседі.

                         1930  жылдардың басында  Алаш қайраткерлері  «халық  жауы»  ретінде
                  айыпталып,  қамуға  түсе  бастаған  кезде  Имам  Әлімбеков  те  тұтқындалады.
                  ОГПУ  үштігінің  шешімімен  үш  жылға  бас  бостандығынан  айырылып,
                  жазасын  Беломор-Балтық  лагеріне  жіберіледі.  Одан  тек  1933  жылғы
                  Дүниежүзілік Қызыл Креске Максим Горькийдің жұбайы Е.П. Пешкованың
                  жолдаған  өтінішінің  ықпалымен  мерзімінен  бұрын  босатылады.  Бірақ  та
                  әрбір басқан қадамы үнемі НКВД қызметкерлерінің аңдуында болып, ақыры
                  1937 жылдың 17 наурызында қайтадан қамауға алынады. Тінту хаттамасында
                  Имам  Әлімбековтың  үйінен  Абай  өлеңдерінің  жинағы  мен  Алашорда
                  тарихының очерктері тәркіленгені айтылады.


                  Семей  облысы  УНКВД  үштігінің  үкімімен  1937  жылы  17  қыркүйекте  ату
                  жазасына кесіледі. И.Әлімбековтың есімі 1990 жылы 15 наурызда ақталды.





                                                         Әдебиеттер:


                         Әлімбеков Имам // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес,
                  С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.78
   115   116   117   118   119   120   121   122   123   124   125