Филология ғылымдарының кандидаты, белгілі әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы жуырда «Хабар» телеарнасындағы «Бетпе-бет» хабарында сұхбат берген болатын. Әңгіме Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының қайраткерлік тұлғасына арналды. Сонда әлихантанушының 7-томдық зерттеу еңбегі жазылып, қазір 3 томы басылып шыққаны да айтылды.
Бөкейханұлы Массондық ұйымға мүше болды ма?
- Сұлтеке, өзіңіздің көп жылғы ғылыми зерттеулеріңіз нәтижесінде
ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы жөнінде көптомдық еңбек дайындапсыз. Алғашқы үш томын қолымызға ұстап, сүйсініп отырмыз. Құтты болсын!
- Рахмет
- Ресейде 1905 жылдан кейін пайда болған француз масондық
ұйымымен тығыз байланыста болған Керенский мен Әлихан Бөкейханұлының кездескені белгілі. Петерборлық масондар тобымен бірге әрекет еткенде ғана жергілікті өзін-өзі басқару, жеке парламент, қаржылық басқару сынды авт ономиялық атрибуттарға қол жеткізу Әлихан Бөкейханұлының ойында болды деген пікірлер айтылады. Ақпан төңкерісінен кейін кадеттермен және масондармен жолы айырылысқанға дейін осы ұйым аясында Әлекең қандай іс-әрекеттер атқарды?
- Негізі, ХХ ғасыр басындағы Ресейдегі масон қозғалысы 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісінің жеңілісінен кейін пайда болды. Ол кезде Ресейде белгілі қоғам қайрасткері, ғалым Максим Максимович Ковалевский деген кісі болған. Сол кісінің 1906 жылы Франциядағы эмиграциядан кейін елге оралғанда айтқан сөзі сол кездегі бүкіл қоғамның санасында қалған. «Самодержавиені тек масондық қана жеңе алады» деген еді Ковалевский.Өйткені бірінші орыс төңкерісінің жеңілуі сол кезеңдегі оппозициялық партиялардың өзара бірікпеуінің себебінен болды. Масондық қозғалыс – партиялардан жоғары тұратын саяси бірлестік. Бірінші орыс төңкерісінің жеңілуі Ресейде масон ұйымының пайда болуына түрткі болды. Масондық ұйымның басты мақсаты – партиялардың басын біріктіру арқылы самодержавиені құлатып, сол кездегі дамыған батыс елдерінің үлгісіменРесейді демократиялық мемлекет ретінде қайта құру болатын. Ал, Әлекеңнің оған кіру себебі, оның алдында тұрған ең басты мақсаты – патшалық Ресей империясының қоластындағы қазаққа және басқа да ұлттарға Ресеймен тең құқыққа қол жеткізу болатын. Сол үшін Әлихан Бөкейханұлының мемлекеттік Думаға сайланған кезіндегі ең бірінші көтерген мәселесі – қазақ ұлтына әскери борышын өтеу құқын алып беру болды. Сосын сайлау, сайлану құқын және Дума арқылы қазатың жерін заңдастырып алуды көздеді. Қазақты әскер қатарына шақырудың екі үлкен маңызы болды. Бірінші, қазақ ұлтының өкілі әскер қатарына шақырылғанда, қатардағы әскерге емес, атты әскерге шақырылуы керек. Яғни, казактар сияқты. Өйткені, казактардың үлкен жеңілдіктері бар еді. Біріншіден, олар өмірінің соңына дейін пайдаланатын жер ала білді. Атты әскер қатарында қызмет еткен казак офицерлері жерді мұраға беру құқына ие болды. Ал қазақ халқында ондай құқық болған жоқ.Құлдыққа түскеннен кейін қазақ халқы өз жерінің барлығын орыс патшалығының жері деп мойындады.Былайша айтқанда, қазақ өз жерінде жат жұрт болып қалды. Яғни, Әлекең, қазаққа ұлт тәуелсіздігін алып беру Ресейді демократиялық мемлекет ретінде қайта құрып,өзгерткенде ғана мүмкін болатынын түсінді. Әлекең бастаған Алаш қозғалысының тәуелсіздікті қолына қару алу арқылы ортнату мақсаты болған жоқ .Ол мүмкін емес-ті. Өйткені, Әлекең, кезіндегі Кенесары ханның жеңілісінің себебін жақсы білді. Ол қазақтың орысқа бодан болып келу себептерін қатты зерттеген болатын. Кітабымның екінші томында Әлиханның хандардың, билердің, сұлтандардың орыс патшасының өкілдерімен хат алысқаны туралы деректер бар. Сонда орыс патшасы қазақтардың біріне шен беріп, біріне айлық жалақы беріп, біріне атақ-даңқ беріп, кәдімгідей сатып алғаны айтылады. Керек болса, кейде күш қолданған. Сөйтіп, құлдық қамытын кигізген. 1906 жылы Петерборда «Темірқазық» ( «Полярная звезда») масондық ұйымы құрылды. Әлекеңнің бұл ұйымға мүше болғаны тарихи деректер айғақтайды. Мәселен, Әлекең 1923 жылы Мәскеуде тұрып жатқан кезінде қазақ тілінде журнал шығарған. Бұл журналдың атауы – «Темірқазық» болатын. Мұның да үлкен сыры бар. 1908 жылы бірінші Мемлекеттік Дума таратылғаннан кейін екі жүздей депутат «Выборг үндеуі (манифесті)» құжатына қол қояды. Онда халықты билікке азаматтық бағынбау шарасына шақырған болатын. Сол актіге қол қойғаны үшін Әлекең сотталып, сот шешімі бойынша 3 айға түрмеге отырғызылады. Ал, іс жүзінде Әлекең 8 айға Семей түрмесінде отырып, Самараға жер аударылады. 1911 жылы Ресейдің реакциялық үкіметінің төрағасы Петр Столыпин Киевте қаза болғаннан кейін, реакциялық тәртіптің бұғауы әлсірей бастады. Сол кезде масондық қозғалыс қайтадан өрбиді. Сол кезеңде Петерборда «Полярная звезда», Мәскеуде «Возрождение» қайта өрлеу деп аталған ұйым болған. Осы ұйымдардың өлкелерде, ірі қалаларда бөлімдері пайда болады. Тарихи құжаттарды қарап отырсақ, сондай өлкелік ұйымның бірі Самарада ашылған. Айдауда жүрген Әлекең Самарадағы масондық ұйымды құруға ең басты себепкер, мұрындық болды. Орталық масон ложасының қалыптасқан дәстүрі бойынша, келесі бір масон ұйымының бөлімін ашу үшін бұрын құрылған немесе орталық масон ұйымының өкілі келіп куә болу керек. Бұл ұйымдарды патшалық Ресейдің полиция депертаментінің тыңшылары мен жансыздары бақылап келген. Өз мекемелеріне жансыздар мәлімет беріп отырған. Бұл туралы кезінде Орталық ЦГА (ҚСРО Қазан төңкерісінің орталық мұражайы – ред.) аталатын, қазіргі РГИА-дан (Ресейдің мемлекеттік тарихи мұражайы – ред.) алған тарихи мәліметтерімде жазылған. Сонда Әлихан Бөкейханұлының Керенскиймен үш рет кездескені айтылады. Бұл жерде тағы бір айта кететін мәселе, Ресейдегі масон ұйымы Керенскийдің құрған ұйымы емес. Керенскийдің өзі 1961 жылы Нью-Йоркте шыққан естелігінде, өзіне 1912 жылы төртінші мемлекеттік Думаға депутат болып сайланғанында масон ұйымына кіру туралы ұсыныс айтылғанын жазады. Ол біраз ойланғаннан кейін, масон ұйымының мақсаты мен өзінің мүддесі сәйкес келетініне көзі жеткенде ғана келісімін берген. Яғни, Керенский масон ұйымына тек 1912 жылы кірген. Сол кездегі тарихи оқиғалар мен деректерді салыстырып қарасам, Әлихан Бөкейханұлы шамамен 1906 немесе 1908 жылы аталған ұйымға кірген. Яғни, Әлекең ұйымға Керенскийден әлдеқайда бұрын енген. Сосын 1912 жылдан кейін масон ұйымы бірнеше тармақтарға бөлініп кеткен. Оның ішінде өзара келіспеушіліктер болған. Өйткені, масон ұйымы екпінді жұмыс істеуі үшін ұйымның құрамынан бұрынғы ескі көзқарастағы саясаткерлерді, оның ішінде партия көсемдерін шығару керек болды. Сондықтан масондықтар сөз жүзінде ұйымды жабатын болдық дейді де, іс жүзінде алдыңғы көзқарастағы саясаткерлер ұйым сапында қалып қояды. Оның ішінде Керенский де, Әлекеңде бар. Әлекеңнің бұл ұйымға кірген себебі, ол өзінің ұлттық мүддесін іске асыру үшін ең алдымен Ресейді қайтадан құру керек деп есептеген еді. Ол осы мақсатта ғана ұйымға кірді. Ойлап қарасақ, 1917 жылдың шілдесінде Әлекең «Конституциялық демократиялық партиясы» немесе кадеттер, яғни, «Халық бостандығы партиясының» Орталық комитетіне мүше болып кірді де, артынша, бір ай өтпей қайта шығып кетеді. Өйткені, ақпан төңкерісінен кейін кадет партиясы шілде айындағы съезінде бұрынғы көптеген саяси мақсат-мүддесінен бас тартқан. Кадеттер Ресейдің бұратана халықтарына тең құқық беру, автономиялық жеңілдіктер беру мақсатынан бас тартады. Кадетшілердің көбінде ұлы шовинистік көзқарастар пайда бола бастайды. Бұл туралы Әлекең «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласында айтады. «Бірнеше саяси бағыт-бағдар, көзқарас бойыншамен олардан ажырадым. Сондықтан мен кадет партиясынан шықтым да, «Алаш» партиясын құруға кірістім» дейді. Бірақ, ол кезде Әлихан масон ұйымынан әлі шықан жоқ болатын. Мұны ескеру керек. Себебі, сол кезеңде басқа бұратана халықтардың, қазақтың мүддесін ескертетін жалғыз ұйым – масондар ғана болатын. Прогрессивті партиялардың саяси бағыт-бағдары масондардың бағдарламасы болып қалды. Көбі саяси көзқарасын өзгерте бастағандықтан, Әлекең 1917 жылдың 13 желтоқсанында «Алаш Орда» автономиясын құратын болды. Ақпан төңкерісінен кейін құрылған Уақытша үкіметтің барлық қаулыларын «Алаш Орда» үкіметі басшылыққа алады. Оның ішінде, біріншіден, елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтап, сонан кейін ғана автономияны жариялау. Масондық ұйымның өз күшін жоғалтқан себебі, Уақытша үкімет қирады. Екіншіден, большевиктер билікті заңсыз басып алды. Сондықтан «Алаш Орда» үкіметі мен қайраткерлеріне өзінің мақсат-мүддесі мен іс-әрекет жоспарын қайта қарап, жұмыс істеуіне тура келді. Яғни, тарихи жағдай күрт бетбұрыс жасады. Уақытша үкіметтің өмір сүруі жалғаса бергенде, бәлкім, тарих басқа бағытта дамыр ма еді...
Ленин Әлиханды тұтқынға алас да, жеті бөлмелі пәтерге орналастырған
-Сіз бір жазбаңызда Мәскеудегі Бутырка түрмесінде отырған Әлихан Бөкейханұлы 1937 жылы үкім шыққан күні-ақ атылғанын жазған екенсіз. Сол жазбаңызда Бөкейханұлы Лениннің үкімімен ұстап, Мәскеуге алып келгенде түрмеге емес, жеті бөлмелі, бұрынғы граф Шереметьевтің сыйлыққа тартқан үйіне тұрғызған деп жазыпсыз...
-Бұл жерде мәселе былай. 1919 жылы большевиктік биліктің қаулысы бойынша
«Алаш Орда» автономиясының барлық басшыларына рақымшылық жарияланды. Бірақ «Алаш Орданың» ең басты көсемі Әлихан Бөкейханұлын билікке жолатпады. 1920 жылы советтік қазақ автономиясын жариялаған кезде, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлынан басқа ешкім болмады. Әлекеі 1922 жылға дейін еліне барып тұруға мәжбүр болды. Сол кезде Әлекеңнің елге кетіп бара жатқанында айтқан өсиеті бар. «Ең алдымен мал басын азайтуға тырысыңдар. Өйткені, ертең малдың бәрін тәркілейді. Көбінесе егінжаймен айналысыңдар. Ертең қиын күн туғанда, сендерді аман алып қалатын егін болады» - депті. Шынында да, қолын кісендеп, сол кездегі туған жері Семей облысы, Тоқырауын болысынан Мәскеуге алып кеткен кезде, оны Бутырка немесе басқа да толып жатқан түрмелердің біріне отырғызуы мүмкін еді. Бірақ, большевиктер Әлиханды Кремль мен Қызыл алаңнан онша алыс емес, «Большой Кисловский переулок» деген жердегі 4-үйдің 15- пәтеріне орналастырған. Бұл кезіндегі әйгілі граф Шереметьевтің іс басқарушысының үйі болған екен. Шереметьев аталған үйді іс басқарушысына өзі сыйлаған. Әлекең Мәскеуде осы үйге орналасқанда бұл үйде большевиктік партияның көптеген басшылары тұрған.Оның ішінде Красин, Ждановтар да бар. Кейін советтік режимі қатаңдай бастаған кезде, яғни, 1930 жылдардан соң Әлекең үйдің ең түкпіріндегі бөлмесінде тұрады. Осы бұрыштағы бөлмесінде түскен суреті кітабымның ішіне енді (Кітаптан суретін көрдік- Д.А.).
Сол пәтерден ақырында 1937 жылы шілдеде алып кетіп, 27 қыркүйекке дейін түрмеде ұстап, әбден азаптаған. Қатты қиындық көргенікітаптағы суретінен көрініп тұр. Кәстөмінің жағасы қайрылып кеткен. Бұл – НКВД жендеттерінің ісі.
1991 жылғы күзде «КГБСССР» аталатын мекемеге хат тастап кеткен едім. Сол хат арқылы анықтаманы, осы суретті, құжаттарды қазан айында «ЦОС (центр общественных связи) КГБ СССР» мекемесі салып жіберген екен. 1995 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Сәт Тоқпақбаев еді. Қазір – Мәжіліс депутаты. Сол кісі арқылы арқылы Мәскеудегі, ол кезде «ФСК» (федеральная служба разведки) аталатын мекеме бізге Әлекеңнің өзінің қолымен толтырған анкетасы бар, сосын сотталған кездегі хаттамасы бар, тағы біраз құжаттарды жіберді. Бір хаттардың көшірмесін жіберсе, бір хаттарды тек оқып-танысуға, көшіріп алуға ғана рұқсат берді. Сонда Әлекеңнің сот барысындағы жауап алу хаттамасын оқығанда, ату жазасына кесіп, соңғы сөз бергенінде айтқан бір-ақ ауыз сөзі бар екен: «Иә, мен Совет үкіметін жақтырмадым, бірақ мойындадым» деген екен ақтық сөзінде. Әлихан Бөкейханұлы Совет үкіметінен жалынып-жалбарынып, өзінің аман қалуын сұрамаған. Тарихтан білеміз, сол кезеңде бұрынғы талай мемлекет басшылары НКВД-ның аяғына жығылып, амандық сұрағанда, ол ашығын айтты. Әлекеңнен НКВД өкілдері Қазақстандағы басшыларға қатысты құпия ақпараттарды сұраған. Бірақ ол ешкімді көрсетпей,байланысым жоқ деп жауап берген.НКВД осы амалдары арқылы Бөкейханұлын атып тастап, артынша Қазақстандағы тағы бір басшылық толқынды қырып тастамақ болған ғой.Анықтамаңы қарасаңыз, Әлекең 1937 жылдың 27 қыркүйегіндегі ату жазасына кесіліп, үкім сол күні жүзеге асырылған.
Мәскеудегі 5 мың адам жерленген «Донской» зиратында Әлихан да бар
-Жалпы, Лениннің Әлекеңді тұтқынға ала отырып, жеті бөлмелі пәтерге тұрғызуы сәл де болса ұлт көсеміне деген құрметті білдіре ме?
-Менің бұл турасында бір жазғаным бар еді. Совет үкіметі Әлихан Бөкейханұлынан тірідей қалай қорықса, ол кісінің аруағынан одан бетер қорыққан.
Біз, ақырында Әлиханның жерленген жерін таптық. Әрине, мұны Әлихан Бөкейханұлының қабірі, зираты деп айта алмаймыз. Ол жер «Донской зираты» деп аталады. Қазіргі Ресей Федералды Қауіпсіздік басқармасынан алған ақпар бойынша, сол алақандай жерге 5 мың жерленген екен.
«Донской» зиратында крематорий бар. Яғни, репрессия кезінде 5 мың адамды атып тастап, крематорийге өртей берген ғой. Сөйтіп, жаңағы жерге күлін төгіп отырған. Әйтпесе, 5 мың адамның сүйегі алақандай жерге сыймайды ғой. Түсінесіз бе?!.. Сондықтан ол жерден Әлекеңнің сүйегін тауып алудың реті жоқ. Тек күлі ғана бар. Мұны «Донской» зиратының директоры да мойындады. Мен ол кісімен сөйлестім. Зират басшысы кейін маған Әлиханның атылар алдындағы суретін жіберді. Бұл суретті біз сайтқа жариялаған болатынбыз.
-Смағұл Садуақасовтың сүйегін де Мәскеудегі крематорийда өртеді ғой...
-Ия. Смағұл Сәдуақасовты крематорийге жаққанда, басында Әлиханның өзі болған. Қызы Елизавета, ұлы Ескендір де болған. Смағұл жерленген кезде зират басында Тұрар Рысқұлов болған. Сосын Сәбит Мұқановтың бәйбішесі Мәриям Мұқанованың естелігін оқысаңыз, Әлиханның осы сәтті сырттай көріп тұрып, қатты сасып,сескеніп қалғаны туралы айтылады. «Әлекең түсі өте суық, сұсты, нағыз бір патша сияқты көрінді» деп жазады Сәбеңнің бәйбішесі.
Әлихан Бөкейханұлы – Шыңғысханның 23- ұрпағы
- Әлекең Мәскеудегі орман шаруашылығы институтында жүргенінде толтырған анкетасындағы тегі туралы жазбада «Сұлтан» деген сөз бар екен. Әлиханның осы титулы оның Шыңғысханың ұлы Жошыдан тараған әулеттің өкілі екенін растай ма?
- Негізі Әлекең бастауыш мектеп бітіргеннен кейін алғаш рет Қарқаралыдағы
кәсіптік училищеде оқыған. Бұл кәсіптік училищеден етікші макмандығын алып шыққан. Жалпы, ол Қарқаралыда 7-8 жылдай білім алды. Кітапта алған куәлігі туралы дерек келтірілген. «Сұлтан Әлихан Нұрмұхамедов осы мамандық бойынша етікші болып жұмыс істей алады» деп жазылған куәлікте. Бірақ, ол мұны місе тұтпай, 1886 жылы Омбыға ат басын тіреп, Омбы техникалық училищесін бітіреді.
Ол кезде «Сұлтан» деген сөз адамның ақсүйектік мәртебесін білдіретін. Патша үкіметі мұны қаламаса да, мойындауға мәжбүр болды. Өйткені, «Сұлтан» деген сөз «князь», «барон» сияқты тектілік ұғымдарымен сәйкес келеді. Тіпті, бароннан жоғары. Себебі, бұл ханның тұқымы. Шыңғыс хан орыстар тұрмақ, дүние жүзі мойындап отырған тарихи тұлға. Шыңғысханның тікелей ұрпағының тегіне патшалық үкімет «Сұлтан» деп қосуына тура келді.
Техникалық училищені бітірген кездегі Әлиханның жазған арызын Омбы мұрағатынан таптым. Арызда Әлекең «Менің фамилям Нұрмұхамедов емес, Бөкейханов» деп жазыпты. Училище директорының уезд бастығына жазған хаты бар екен. «Сұлтан Нұрмұхамедов өзінің фамилясын Нұрмұхамедов емес, Бөкейханов деп айтып отыр. Мен оның фамилиясын солай деп өзгертуіме бола ма?» деп рұқсат сұрайды. Оған ояз басшысының қалай жауап бергенін білмеймін.Бірақ Петербордың орман институтына түскен алғашқы кезінде оның фамилясы «Нұрмұхамедов – Бөкейханов» болып жазылып жүрді. Ол кезде «Букей-Ханов» болып жазылып келген. Сондықтан көптеген тарихи құжаттарда Әлекеңнің фамилиясы көбінесе «Букей-Ханов» немесе «Букейханов» болып жазылады. Сосын Әлиханның Смахан деген інісі болған. Бұлардың әкесіе елінде Нұрмұхамед емес, Мұқа дейді екен. Сондықтан інісінің аты-жөні «Смахан Мұқанов» деп жазылып кеткен. Бейбіт Сапаралы деген ғалымның Құнанбай қажы туралы жазған еңбегінде «Смахан Мұқанов» деп жазыпты. Бірақ ол кісі Смаханның Әлиханның туған інісі екенің білмесе керек. Тарихи дүниелерде осындай қызықтар да кездеседі.
Шыңғысханның кейінгі ұрпақтарын есептеп қарасақ, Әлихан Шыңғысханның 23- ұрпағы екен. Сәбит Мұқановтың бір пьесасы бар. Сәбең солпьесасында Әлекеңді сықақтап, «Ол патша билігінен өзінің хандық титулын қайтып беруін сұрап жүр» деп жазды. Ойлап қарасаңыз, қазақтығ өзіне тән төрелерге «төре» мәртебесін, билерге «би» мәртебесін берсе, одан халық ұтыла ма? Бір кездегі мемлекеттік құрылымда мұнің әрқайсысының орны бар еді. Біз билердің сотынан айрылдық. Патша өкіметі бодандыққа алынған кейін біздің барлық мемлекет хандық институтымызды біртіндеп жойды. Мәселен, Абайдың әкесі Құнанбай аға сұлтан болатын. Бұл дегеніңіз, қазіргі облысты басқару құрылымына сәйкес келеді. Осы аға сұлтандықты да жойып, оны болыстыққа дейін, артынан ауылнай, старшинаға дейін төмендетті. Сондықтан Сәбең жазғандай, Әлекең сұлтандықты сұраса сұраған да болар. Тіпті талап еткен шығар! Өйткені, 1731 жылы Әбілқайыр хан бодандыққа қол қойғанда келісім қалай болып еді? Әлекең осы келісімнің нұсқасын бір жазбаларында жариялайды. Бұл бір жағы. Екіншіден, Әлихан патша шенеуніктері болып отырған қазақ сұлтандарымен хат алмасқан. Сонда әлгі сұлтандардың шен үшін, атақ-даңқ, қызыл погон үшін елді сатып кеткендіктерін оңдырмай әшкерелеп жазады.
Әлихан Бөкейханұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлы бір-біріне туған бөле болып келеді
-1903 жылы жарық көрген «Ресейдің толық жағрафиялық жазбасы» атты Петербордан шыққан 18 томдық жинақта Әлихан Бөкейханұлы қазақ халқының территориялық, этнографиялық, мәдени тынысын жаза отырып, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Абай» тақырыбына ерекше тоқталады. Әлиханды Абай мектебінен тәлім алған шәкірттері арасында ең озығы ретінде санайтындар бар. Жалпы, Абайдың тірі кезіндегі Әлиханмен арадағы қарым-қатынасы туралыне айтуға болады?
-Әлекең Абаймен көзі тірісінде бір-бірімен кездесті, бір-бірін таниды деп айта
алмаймын. Бұл турасында аңыз әңгімелер де, тарихи құжаттарда немесе сол кездегі баспасөздерде ешқандай дерек, мәлімет жоқ. Бірақ,1904- 1910 жылдары Семейде «Семипалатинские областные ведомости» деген газет шыққан. Осы газетте Семейдің Статистикалық комитетінің 1904 жылға іс-әрекетінің есебі шығады. Осы есеп комиссиясында мүше болған азаматтардың аты-жөндері келтіріледі. Осы тізімге қарасаңыз, «Ибриһим Құнанбаев», «А.Букейханов» деп жазылған. Яғни, Әлекең мен Абай бір комиссияның құрамында болған. Сондықтан олардың өзара жүздесуі әбден мүмкін.
Сосын Әлиханның жақын достары – Абайдың ұлы Тұрағұл, Абайдың немере інісі Кәкітай, Ысқақ, Шәкәрім Құдайбердіұлы болған.
Әлекең бірінші Думаны таратқан кезде «Выборг үндеуіне» қол қойғаны үшін Семей түрмесіне жабылады. Сөйтіп, Семей түрмесінде отырғанда Тұрағұл, Кәкітай, Шәкәрімдер келіп, «Әлеке, біз аттардың бәрін дайындап қойдық. Қашсаңыз қайтеді?» деген екен. Сонда Әлекең былай жауап қатқан деседі: «Ағайындар, егер мен жалғыз өзім қашсам, казактардың жазалаушы отрядтары шығып, елге қырғын салады. Елді қырғанша, жалғыз өзім түрмеде отырғаным артық».
Әлиханның Абай туралы ең алғашқы мақаланы жазғанын білесіздер. Бұл мақалалар 1905, 1906, 1907 жылдары шыққан. Әлекеңнің «Қазақ» газетіне шыққан «Кәкітай» деген мақаласы бар. 1914 жылы Кәкітай мезгілінен бұрын қайтыс болғанда, Әлекеі Кәкітайды еске ала отырып, «Өзіме Абайдың қайтыс болғаны туралы қаралы хабар келгенде, отыра салып балаларына бірден хат жаздым»- дейді. Әлекеңнің айтып отырған балалары Тұрағұл мен Кәкітай болатын. Сонда Әлекең кеңес беріпті. «Дереу Абайдың өлеңдері мен жазбаларын хатқа түсіріп, кітап қылып басыңдар. Әйтпесе, ұмытылып, жоғалып кетеді» депті. Кәкітай осы шаруаны қолына алып, арнайы киіз үй тігіп, молданы отырғызып, Абайдың есте қалған барлық өлеңдерін хатқа түсірткізеді. Сөйтіп, Семейге барып, бірнеше түйені сатып, паромға отырып, Омбыға барады. Әлекең екеуі бірге жатып, Абайдың өлеңдерін,аудармаларын айтысып, мәз-мейрам болып, бірге семейге келеді. 1905 жылы жазған мақаласында Әлекең бұл мақаланы жазуға Абайдың немере інісі Кәкітай Ысқақұлы көмектескенін айтады. «Абайдың шығармалар жинағы » «Семипалатинский подотдел западно-сибирского отдела и императорского российского географического общества» баспасынан шығады. «Под редакторством Алихана Букейханова» деп жазады. Әлекең Абай шығармаларының барлығына өзі редакторлық жасайды. Алғысөзін де өзі жазады. Бірақ, кітаптағы алғысөзде Кәкітай Ысқақұлы деп жазылған. Алайда сол кезде Әлекеңнің өзі қудалауға түседі. Өйткені, ол Бірінші Думаға депутат болып сайлануға тырысады. Екіншіден, қазақ тілінде газет шығаруға тыңғылықты кіріседі. Содан 1906 жылдың 8 қаңтарында Семейге қайтып келе жатқаныңда тұтқындалады. Сол кезде Әлекеңнің портфелінде Абайдың қолжазбалары болады. Бұл турасында судьяның жазып алған тергеуінде айтылады. «Менің портфелімде Абай шығармаларының қолжазбасы бар. Соны сақтауға тырысыңыздар. Оның құны – 5 мың рубль» дейді Бөкейханұлы. Ол уақытта 5 мың рубль көптің қолы жетпейтін көлемді қаржы. Ақыры, осы қолжазбаны сақтап қалса керек. Павлодар түбіндегі Ямышевский түрмесіне отырғызылады, бір-екі ай өткеннен кейін Омбы түрмесіне жіберіледі. Омбы түрмесінен ары қарай жер аударып жібергелі жатқанда, өзінің семейлік жерлестері «выборщик», яғни, сайлаушы ретінде сайлап, құтқарып қалады. Себебі, сайлаушының құқы ол кезде ерекше, сайлаушының тұтқынға алуға рұқсат етілмейді. Сосын бірінші Думаның депутаты болып сайланып кетеді. Әлекең ерегескенде, 1909 жылы Абайдың жинағын Семейден емес, Петербор баспасынан бір-ақ шығарады.
Сондай-ақ, Әлекеңнің Абайға туысқандығы бар. Ол Құнанбайдың інісі Құдайбердінің әйелі жағынан туысады. Құдайбердінің бәйбішесі мен Әлекеңнің шешесі апалы-сіңлілер. Яғни, Шәкәрім мен Әлихан бір-біріне бөле болып келеді. Бұл – тарихи фактор. Әлекеңнің шешесі Бегім ханым атақты батырдың ұрпағы. Аты есіме түспей отыр.
Әлиханның ұлы елге оралуды аңсаумен өтті ...
-Әлекеңнің ұрпақтарының бәрі қазіргі уақытта Мәскеуде тұрады. Осы туралы не айтасыз?
-Шынында, Әлекең атылып кеткеннен кейін ұрпағының бәрі орыстанып кетті. Өйткені балалары «Букейханов» деген фамилияны алып жүргені үшін үлкен қудалауға түседі. Әлиханның ұлының шын аты Өктай болатын. Ал куәлік бойынша ол Сергей болып жазылып кеткен. Кезінде Жезқазғанды алғаш рет көтеріп, онда үлкен табиғи қор жатқанын зерттеген Әлекеңнің баласы Сергей Бөкейханов еді. 1938 жылы Мәскеуде КСРО Ғылым академиясынан «Большой Джезказган» деген қалың кітап шыққан. Содан кейін Жезқазғанды игеруге қомақты қаржы бөлініп, алғашқы келген топқа басшылық жасаған Сергей болатын. 1937 жылы әкесі аталып кеткеннен кейін Сергейді Қазақстанға сыйдырмай, қуып жіберген. С ергей қайғығы толы өмір сүріп, қаза болды. Қалай қайтыс болғаны белгісіз. Ол үнемі елге қалай оралсам екен деп, Ресейдің Қазақстанмен шекаралас өңірлерінде көшіп-қонып жүрген екен... Сергейдің бәйбішесі Мәскеуде қалған. Сол бәйбішесінен Евгений деген баласы бар. Евгений Сергеевич Букейханов. Ол кісімен мен 1992 жылы жүздестім. 1994 жылы үйінде болдым. Евгенийден Петр деген бала бар. Жақында Санкт-Петербургке барғанымда сол, асылдың сынығы Петр Евгеньевич Бөкейхановтың Ресейдің Ішкі істер министрлігінде қылмыстық істерді тергеуге қатысты кандидаттық дисертация қорғағанын көрдім. Ол да ғылым қуған, көзі ашық, көкірегі ояу жігіттің бірі. Бірақ олар елден хабар үзіп қалған. 1992 жылы Ақтоғайда Әлихан Бөкейханұлының, Әлімхан Ермековтің, Жақып Ақбаевтың тойы болды. Сонда Евгений мен баласы Петр келді. Екеуі ат мініп, төбелері көкке жетіп, қазақпен қандай байланысы бар екенің, аталарының қандай ұлы тұлға болғанына көздері сол кезде ғана жетіп, қатты тебіренді, сезінді.
Ұлт мүддесінен аттап кеткендерді кешірмепті
-Кітапқа енген, бұрын-соңды баспасөздерде айтылмаған тың деректер туралы айтасыз ба?
-Негізі, Әлекеңнің шығармалары 1889 жылдан жарық көре бастаған. Бұл деректі кездейсоқ таптым. Бұған түрткі болған марқұм Үшкілтай Сұханбердина деген библиогаф апамыз болатын. Ол кезде «Киргизская степь газета», «Дала уәлаяты» газеттеріндегі барлық мақалаларды көшіріп жатқан кез еді.Апамыз бір күні хабарласып, «Сұлтанхан, мұнда «Қыр оғлы» деген атпен бір мақала шығыпты. Осы Әлекеңнің мақаласы есем пе?» деді. Сосын әлгі газеттерді ашып қарасам, «А.Н.», «Ә.Н.» деген атпен мақалалар шыққан екен. Үңіліп қарасам, Қарқаралы оязы, Тоқырауын болысынан. Бұл Әлекеңнің туған жері. «Ә.Н.» дегеніміз – Әлихан Нұрмұхамедов есем пе?! Ол кезде Әлекең Омбы техникалық училищесінде оқып жүрген. Ол үш-төрт мақаласын солай шығарады да, кейінгі мақалаларының авторына «Қыр оғлы», «Сын степей» деп жазады. Сөйтіп, Әлекеңнің қазақ және орыс тілдеріндегі бас-аяғы 12 мақаласын таптым. Бұл – бұрын-соңды еш жерде болып көрмеген мақалалары.
Сондай-ақ, 1906 жылы Омбыда «Степной пионер» деген газет шықан. Әлекең сол жерге «А.Б.» деп қойған. Ресейдің реакцияшыл премьер-министрі столыпинді жермен-жексен етіп сынаған,шамамен 25 мақаласы бар. Бұл да ешқайда жарияланбаған. Кітабымның төртінші томында тағы бір тың дерек бар. Кезінде Ресейде Брод Гаусс пен Ефромның керемет энциклопедиялық сөздігі болған. Әлекең 1908 жылдан бастап, 1917 жылға дейін 8 томнан 22 томға дейін энциклопедияның редакция мүшесі болған. Сонда Әлекеңнің өзі туралы анықтамада 1906-1907 жылдары «Омыч», «Иртыш», «Голос степей» деген үш газетке редактор болғаны айтылады. Мен «Иртыш» газетін ұзақ іздесем де, таба алмадым. Бірақ, Әлекеңнің «Иртыш» газетіне шыққан мақалаларының басқа газетке қайта басылғанын таптым. Өткен жылы Петерборға барып, соның екі-ақ данасын қолға түсірдім. Негізі, Әлекең, Дума тарқағаннан кейін елге оралғанда, бірден 1906 жылдың шілдесінен бастап «Омыч» газетін шығара бастайды. Тамыз айының соңына қарай бұл газет жабылады. Жабылған күннің ертеңінде «Иртыш» газетін басып шығарады. Ең қызығы, мұнда өзінің оқырмандарына арналған «Омыч» газетінің орнына «Иртыш» газетін алатын боласыздар» деген жазу бар. 1906 жылдың желтоқсанында Дала генерал-губернаторы «Иртыш» газетін жабуға бұйрық береді. Бірақ, келер жылдың 1 қантарынан бастап «Голос степей» газеті шыға бастайды. Онда «Газетті алушылар енді «Омыч» пен «Иртыштың» орнына «Голос степейді» алатын болады» деп жазады. Бұл барлық газетті бір адам шығарып отырғанын білдіреді. Және бір ерекшелігі, бұл үш газетің редакторы ретінде басқа адамдардың аты жазылады. Бірінде «Пивоваренных», бірінде «Кирьянов», бірінде «Ереденко» деген әйелдің аты-жөні жазылады. Олардың тарихын іздесем, «Пивоваренных» деген Әлекеңнің жақын досы, адвокат болған.
1903-04 жылы қазақтың Шәймерден Қойшығұлов деген бірінші Думаға да, екінші Думаға да сайланған депутаты болған. Сол депутат бір ояз бастығының қазақтарды кемсіткені үшін сотқа арыз жазғанында, оның арызын Пивоваренных жазып берген екен. Сол қазаққа арыз жазып бергені үшін адвокатты Омбыдан айдауға алып кетеді.
Сонымен аталған газеттердің редакторы басқа адамдар болғанымен, іс жүзінде Әлихан шығарып отырған. Өйткенң, бірінші Думадағы манифестке қол қойған депутаттардың барлығына сот шешімі бойынша партияға, қоғамдық бірлестікке кіруге, баспа өнімдерін шығаруына тыйым салынған. Әлекең заңды сыйлай білген, ол қазақтың мүдесін заң жүзінде қорғауға тырысқан. Яғни, дұрыс жол тапқан. Әлекеңнің 1907 жылдың қаңтарынан ақпанға дейін шыққан «Голос степей» газетінен 37 мақаласын таптым. Газеттің редактор бағанасында екінші Думаға кімді сайлау керектігін жазып отырған. Соның ішінде Семей қазақтарына Әлекеңнің үндеуі жарияланған екен. Осы үндеуінде екінші Думаға үміткерлердің ішінен өзінің 5 досын айтады. Бірақ, аттарын атамайды, өйткені оларды өткізбей қоюы мүмкін дейді. Сайлау жақындағанда ғана айтармын дейді. Ақыры, бір адамды Думаға өткізеді. Оның есімі – орыс тілінде «Темиргали Тютин Нороогенов» деп толтырылған екен. Қазақшалағанда Темірғали Түйтеұлы Нұрекенов болуы мүмкін. Ол да ақсүйек тұқымынан болған. Кезінде көзі ашық,көкірегі ояу кісі болса керек. Смахан төренің естелігі бойынша, Әлекеңнің досы болған Темірғалимен «Алматы ақшамы» газетінен кейін Әлихан қол алыспай кетіпті. Өйткені, Темірғали халық мүддесін сатып кетсе керек. Әлекеңнің мінезі сондай, егер ұлт мүддесін аттап кетсе, кешірмейтін болыпты.
Сұхбаттасқан – Думан Анаш
Аққұлұлы С. Абай мен Әлиханның жүздесуі де мүмкін:Тағдыр / Ертіс өңірі.- 2010.- 17 наурыз.- Б.10-11