Тоқырауын бойында, көне зират басында өрімтал өсіп тұр. Бұл ағашты Әлихан Бөкейханов өз қолымен еккен.
Әр заманының өз жұлдызы болады. Әлихан Нұрмұқанбетұлы Бөкейханов та ХХ ғасырдың басында қазақ елінің төрінде жанған жарық жұлдыздардың бірі. «Егер Ә.Бөкейханов 1917-1919 жылдары өз соңына даланың интеллектуалдық тұрғыдан неғұрлым әзірлігі мол негізгі тобын ілестіре алған болса, демек ол солардың бәрін маңына топтастырып, аузына қарата алғаны. Басқа сөзбен айтқанда, нағыз саяси лидер, жеке тұлға, фигура болатын», - деп бағалайды Әлекеңнің қызметін тарих ғылымдарының докторы А. Сармұрзин «Қазақ әдебиеті» газетінде. (1989 жылғы № 27 саны)
Тарих өшпес мұра. Оның таразысы әділ өлшемі – дәл. Бүгінде Әлекеңнің аққан жұлдызы қайта жанып, тарих таразысында әділ бағасын алып жатса қайтіп қуанбассың! Бұдан бірнеше ғана жыл бұрын Әлекеңнің туған жерін атап, еске алу түгілі, оның аты-жөнін ауызға алудың өзі қылмыс саналды ғой....
Ә.Бөкейхановтың саяси қызметі мен қоғам қайраткері ретіндегі еңбегін және тарих, экономика, әдебиет, публицистика саласындағы ғылыми жұмыстарын ғалымдар айта бастады. Біз – жерлестері, қоғамның осындай әділ қадамын құптай отырып, Әлекеңнің кіндік кескен жеріндегі тың деректерден «Арайдың» мыңдаған оқырманын құлағдар етпекшіміз.
Әлихан ауылдастарының айтуынша, 1886 жылы Тоқырауынға құятын арналы өзендердің бірі – Жіңішкенің бастау алар тұсы Ақсораң тауының баурайында туған. Төре тұқымынан шыққан Әлиханның арғы атасы осы өңірге ХҮІІІ ғасырдың орта тұсында Қарқаралыдан келіп қоныс теуіпті. Әлекеңнің ұрпағы Қасенхан Алтынбековтың айтуына қарағанда, ағайын арасындағы бір ашу-араздықтан шағын ауыл жырыла көшіп, Жидебай бидің қол астынан жылы қоныс тапқан.
Бөкейхан – Әлиханның төртінші атасы. Бөкейханнан тоғыз ұл тарайды. Олар: Шыңғыс, Есім, Уәлі, Тәуке, батыр, Сұлтанғазы, Әбілғазы, Әбіл, Мәмбет. Осы айтылған ұрпақтардың ішінен Батырдың бір баласы Мырзатай туады, оның баласы - Нұрмұқанбет, ал одан Әлихан туған. Әлиханның бір ұл, бір қызы болған. Олар Москвада тұрды. Геолог-инженер ұлы Өкітай (Сергей) Әлиханұлы Жезқазғанның мол мыс кенін ашуға, пайдалануға сыбағалы үлес қосқан адам. Естуімізше ол 1957 жылы Оңтүстік Орал маңында белгісіз жағдайда қайтыс болған.
Әлиханның немересі – Евгений Сергеевич (Өкітайұлы) Бөкейханов - техника ғылымының кандидаты, көп жылдан бері Москвадағы Байланыс институтында қызмет етеді, доцент. Ал, қызы – Елизавета Әлиханқызы Сәдуақасова (Елизавета Қазақстанның белгілі қоғам қайраткері, әрі журналист- жазушы Смағұл Сәдуақасовтың жұбайы еді) жетпісінші жылдардың бас кезінде дүниеден қайтты. Ол медицина ғылымының докторы, хирург, ССРО Денсаулық сақтау министрлігінде лауазымды қызмет атқарған, Жоғарғы Аттестациялық комиссияның мүшесі болған, Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Сол үшін де Елизавета Әлиханқызының есімі «Қазақ совет энциклопедиясына» енген.
Әлекеңнің аталас ағайындары Тоқырауын бойында тұрады. Қазір «Жіңішке» деп аталатын мал бордақылау алаңының күн шығысында Әлиханның ата-бабасына арналған зират бар. Әкесі Нұрмұқанбет те осында жерленген. Оны көнекөз қариялар «Төре бейіті» десе, бүгінгі ұрпақ «Талдыбейіт» деп те атайды. Өйткені, зират басында жапырағы сең-сең болып әсем ағаш өсіп тұр. Бұл ағашты 1905 жылы Петербургте Орман шаруашылығы институтын бітірген Әлихан Бразилиядан арнайы алдырып өз қолымен егіпті. 1932 жылғы ашаршылықта Қарқаралы уезінен Балқашқа қарай жөңкілеген халықтың бір тобы осы зиратты паналап, үш жас ағаштың екі сыңарын кесіп отындыққа жаратқан, - дейді Әлиханның немере інісі Райымжан ақсақал.
Алпысыншы жылдары осы зиратта Ә. Бөкейхановқа арнап, оның Смахан атты немере інісі мен қызы Светлана ұлағатты сөз жазып, құлыптас орнатқан. Ұмытпасам: «Қазақтарға нұр болған»...- деп басталатын бір шумақ өлеңі бар еді. Сол өлең Қарағанды облысынан келген бір жоғарғы қызметтегі әкімге ұнамай қалып, қайта қашалып, өшіріліп тасталғанды.
Ә.Бөкейхановтың сүйегі қай абақтының төрінде қалғаны бізге белгісіз, әрине. Әйтсе де қадірлі ағаның құрметіне өз туған жерінде белгі орнатқанның қандай сөкеттігі бар еді?! Ескерткіш орнату, құлпытас қою барлық елдің дәстүрі емес пе?! Әлиханның кім болғанын білмей тұрып, оның атынан – «Алашорда» деген сөзден қорыққан қуыскеуделердің ісі ғой бұл...
Туғанбаев А. Әлихан еккен ағаш / Арай. – 1991. - №5 мамыр.- Б. 5.