Профессор Санжар Жағыпарұлы АСПАНДИЯРОВТЫҢ туғанына 100 жыл
Профессор Санжар Жағыпарұлы Аспандияровты алғаш рет 1933 жылдың ноябрь айында көрдім. Ол кезде Қазақ педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетінің бірінші курс студенті едім. С.Ж.Аспандияров факультет басшыларымен бірге біздің курсқа келіп, институтта биылдан бастап тарих факультеті ашылатыны, әзірше оған бір оқу группасы шамасында студенттер алынатыны жөнінде хабарлап, осы факультетке сіздерден ауысатындар бола ма?- деп сұрады. Біздер – он шақтымыз тілек білдірдік. Басқа да ауысатындар табылып, ноябрь айының аяғына қарай жаңа факультеттің іргесі қаланды.
Алайда, бұл жаңа факультетте сабақ бірден өз мәнінде жүріп кетпеді. Біздің білім дәрежеміздің төмен болуы, әсіресе орыс тілін нашар білуіміз недәуір қиыншылықтар туғызды. Оның бергі жағында, ол кезде мектепте тарихи пәндерді оқыту жөнді болмады, олар өз алдына сабақ ретінде жүрмейтін де, оқулықтар да жоқ-ты. Ал тарих мәселесіне арналып жазылған бірен-саран кітаптың өзі орыс тілінде және оларды маркстік – лениндік білімнен хабардар адам ғана дұрыс пайымдай алатын. Бұл жағдайлар оқытушылардың біздермен ұдайы жұмыс жүргізіп, оқуға деген ынтамызды арттыруын талап етті.
Ал С. Аспандияров курстарға сай біздің оқу группамызда Көне заман тарихы, СССР тарихы және Қазақ тарихы пәндерінен лекция оқыды. Ол кісі лекцияны алғашында орыс тілінде бастаған еді. Бірақ біздің тілегімізбен санасып, қазақ тілінде оқытты. Әрине, бұл бұрын қазақ тілінде оқытпаған профессорға көп қиыншылық келтіргені рас.
Санжар Жағыпарұлы тарихи пәндерді жетік білетін және оны студенттеріне жеткізе де алатын шебер педагог еді. Ол айтар ойын, тарихи материалдарды ғылыми негізде өз сөзімен еркін баяндайтын.
Санжар Жағыпарұлы ғылымның көп салаларының мол хабардар, терең білімді, дүние танымы кең ғалым болған. Ол көптеген тіл де білетін. Ағылшын, неміс, араб, парсы және бірнеше түркі тілдерде еркін сөлей алатын. Тіпті қытай жазуын да оқып, түсінетін. Ескі жазу таңбаларымен және шет тілде басылған түпнұсқаларды пайдаланып, ылғи да білім қазынасын молайтып отыратын. Тарихты жетіп меңгеру үшін көп тіл білу қажеттігін біздерге де үнемі айтып отырушы еді.
Санжар ағай лекция оқығанда бар ынтамызбен тыңдап, ешқандай жалығуды білмейтіңбіз. Оның лекциясын тыңдауға басқа факультеттерден де студенттер келіп қатысып жүрді.
1935 жылы Қазақ АССР-ы құрылуының 15 жылдығына байланысты Алматыға еліміздің жер-жерлерінен көптеген ғалымдар, тарихшылар, әдебиетшілер, партия – совет қайраткерлері келді. Олардың бір тобы ҚазПИ-дың тарих кафедрасының жұмысымен танысып, қазақ тарихының көп проблемалары туралы пікір алысты. Әңгіме көбіне-көп профессор С.Ж.Аспандияровтың сол жылы жарық көрген Қазақстан тарихының бірінші томы төңірегінде қозғалған еді. Бұл әңгімеге студенттер де қатысып пікір айтқандар болды.Біздің осы қадамымызға профессорымыз мейлінше сүйсінді.
С.Ж.Аспандияров - қазақ тарихын ғылыми негізде зерттеудің әрі бастаушысы,әрі оны жазушы да болған ғалым. Бұл пікіріміздің дәлелді болуы үшін ұлағатты ұстазымыздың ғылыми еңбектерінің бірқатарын атап өткен де жөн шығар.Сонау бір 1933 жылдың өзінде «Большевик Казахстана» журналында оның «Қазақстан тарихының кейбір мәселелері» деген мақаласы жарияланды. Әрине біз ол кезде бұл мақаланың мән-жайына ғылыми баға беру дәрежесіне көтеріле қойған жоқ едік.1935 жылы асыл аға жазған Қазақстан тарихының бірінші томы және мектепке арналған «Қазақстан тарихының очерктері»деген оқулығы қазақ тілінде жарық көрді. 1935-1936 жылдары С.Ж.Аспандияров пен профессор П.А.Кунта екеуі бірге әзірлеген «Қазақстан өткелдері» атты екі томдық документтер жинағы басылып шықты.Бұл еңбек тарихшылар үшін аса құнды және керекті құрал еді.1936 жылы ғалымның «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі»деген монографиясы жарияланды.Сол жылдары оның Қазақстан тарихының басқа мәселелері жөнінде де бірқатар ғылыми мақалалары жарияланып жүрді.
Республикамыздың ірі ғалымдары, әсіресе соңғы кезде, Санжар Жағыпарұлы Аспандияровтың ғылыми еңбектеріне тереңірек үңіліп, объективті талдаулар жасап,олардың дұрыс жағын да,кем-кетіктерін де әділ бағалаған пікірлер тұжырымдады. Осы орайда,ең алдымен,Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі,тарих ғылымының докторы,профессор Рамазан Бимашұлы Сүлейменовтің үлкен жұмыс жүргізіп, жемісті еңбек еткенін атап айтқан орынды. Р.Б.Сүлейменовтің осыдан көп бұрын,сонау 1966 жылы «Вестник АН каз ССР-де жарияланған «Первый казахский историк марксист» деген,1988 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған «Ардақты азамат» атты мақалаларында,басқа да хабарлама, баяндамаларында, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясы ұйымдастырған дөңгелек стол басындағы «Тарихтың әр парағы» атты ғылыми әңгімеде С.Ж.Аспандияров жөнінде көпшіліктің ойында жүрген толғанысты мәселелер өте орынды көтеріліп, ғылыми шындық айтылды. Мұнымен қатар,газет,журнал беттерінде айтулы профессордың ғылыми еңбегі,қоғамдық-саяси, партиялық қызметі туралы үзіп-жұлып жазылған мақалалар, мағлұлматтар жарияланып тұратын. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының 1988 жылы жаңартылып ашылған бір бөлмелі музейінде С.Ж.Аспадияровтың өмірі мен қызметі,ғылыми мұрасы жайында біраз дерек,сурет материалдар қойылыпты. Осы орайда мынадай бір пікір айтпақшымыз. Пушкин-Комсомол көшелерінің қиылысындағы ғалым аға өмірінің он шақты жылы өткен бірқабат үй оның музейіне айналдырса, қандайлық игілікті іс болар еді! Қазір онда республикалық музыка қоры мекемесі қоныс теуіпті. Бірақ әлі де ҚазПИ-дың есебінде.Егер үй институтқа қайтарылып,профессор С.Ж.Аспандияров атындағы музейге айналдырған болса,оның бұрынғы студенттері- қазіргі пенсионер қарттардың көңілі көншіп,бірқатарымыз музей жұмысына қуана-қуана атсалысып,ешбір ақысыз қызмет атқарар едік.
Иә, біздің сүйікті ұстазымыз аса білікті ғалым әрі қабілетті ұйымдастырушы да болды. Ол өзінің ғылыми еңбектерінде Қазақстан тарихын ғылыми тұрғыда дәуірлерге бөлу ісін бастады,қазақ халқының шығу тегі(этногенез) жөнінде ғылыми пікір тұжырымдады,өлке еңбекшілерінің ұлт-азаттық қозғалысының және басқа да мәселелердің дұрыс шешілу жолдарын көрсетті,қазақ тарихын бұрмалаушылықтарды қатты сынға алды.Сөйтіп,халқымыздың тарихын маркстік-лениндік тұрғыда зерттеуді ретке салудың бастаушысына айналды.Ол Қазақстанның 1917 жылдан бергі,Октябрь революциясынан кейінгі советтік дәуірін қазақ тарихының екінші томында баяндамақшы еді. Бұл томның материалдары жазба түрде дайын да болатын.Онымен қоса С.Ж.Аспандияровтың «Патша өкіметінің Қазақстанды әскери отарлауы» атты докторлық диссертацияның материалдары да көп тер төгуді қажет етті.Бұл екеуіде ғылыми жағынан аса құнды,көлемді еңбектер еді. ...Және Санжар ағай қоғамдық жұмыстардан да бас тартып көрген емес. СССР Ғылым академиясының қазақстандық базасының жұмысына белсене араласады. Бұл база СССР Ғылым академиясының қазақстандық филиалы (ҚазФАН) болып,қайта құрылғанда оның преседателінің бірінші орынбасарлығына сайланып (тағайындалып)филиалдың бүкіл ғылыми-практикалық жұмысын басқарды.Филиал айналасына ғалымдарды топтастыру,жастарды ғылыми жұмысқа тәрбиелеуде зор іс жүргізді.Мұның өзі филиалдың Қазақ ССР Ғылым академиясына айналуына қосылған қомақты үлес болды,ғылыми орталықтың берік іргесі қаланды.
Санжар Жағыпарұлы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының және Алматы медицина институтының алғашқы ректоры(директоры) болып та қызмет істеді.Бұл екі институт республикамыз үшін қаншама жоғары білімді, жетік білікті мамандар даярлап шығарды десенші! Мен Абай атындағы Қазақ педагогика институтында білім алып және онда ұзақ уақыт оқытушы болғандықтан Қазақстанда ашылған алғашқы жоғары оқу ордасы, білімнің қара шаңырағы – ҚазПИ-дың өміріндегі аса ірі жетістіктер,ұлан-ғайыр өзгерістер мен жаңарулар оның бірінші ректоры С.Аспандияровтың тағдырымен тікелей байланысты деп білемін.Қазақтың алғашқы педагогикалық институты республика еңбекшілерінің арасындағы сауатсыздықты жою ісінде үлкен роль атқарды.Осыдан білім ордасы қанат қақтырған мұғалімдер көбеюіне орай Қазақстанда орта білім беру ісі аяғына тік тұрғызылды.ҚазПИ республикамызда басқа да жоғары оқу орындарының ашылуына ықпал етсе,олардың алғашқы оқытушыларының көбі осы институт түлектері еді.
Профессор С.Ж.Аспандияров-Қазақстанда тарихшы кадрлар жинақтай және оларды жергілікті жерде даярлауда да елеулі іс жүргізе білді. СССР Ғылым академиясы қазақстанды филиалының тарих секторын өзі басқарды.ҚазПИ-де он шақты жылдай тарих кафедрасының меңгерушісі болды.Сол жылдары ғылыми орталықтардан бірқатар ірі мамандар-профессорлар:П.А.Кунте,Н.Н.Розенталь, Н.И.Бороздин, Н.В.Корабев, доценттер:Х.М.Әділгереев, А.П.Чижов және басқалар келтірілді.Республиканың өз ішінде тарихшы кадрлар даярлауда көп жұмыс жүргізді.Оның оқушыларының арасынан С.Е.Толыбеков, С.Б.Бәйішев, А.Н.Нүсіпбеков, Н.К.Киікбаев, Т.Е.Елеуов, М.Жанғалин, О.С.Сексенбаев, М.А.Ақынжанов, В.Ф.Шахматов, А.Н.Нұрқанов, Т.А.Абдрахманов және басқа да көптеген білікті тарихшылар өсіп шықты.
Көрнекті ғалымның жүріс-тұрысы да үлгі тұтарлық-ты.Оның сырт келбетінің өзі көз тоярлықтай болатын. Ортадан биіктеу бойы бар,жинақы,тік жүреді. Бұйра қара шашы екі жаққа бөліне таралады,қысқашалау,екі шеті бастырылған мұрт қоятын. Самай шашының етек жағына жаңадан ғана ақ селдір түсе бастаған еді. Қарапайым киінеді. Қыста да, жазда да қонышы қысқалау жайпақ табанды етік,маусымына қарай орташа галифелі шалбар,жағасы тік гимнастерка,не қисықтау жағалы ұзындау көйлек киіп жүреді. Беліне жіңішке белдік буынады. Осындай әсем тұлғасына жан дүниесі де, болмысы да сай келетін. Сырттай көзге маңғаз көрінгенімен мінезі биязы,салауатты, өте ұстамды, ренжуді білмейтін адам болатын. Біз дәріс алған төрт жылдай уақытта оның аузынан бір де оқыстау,сөлекеттеу сөз шыққаның естіген емеспіз. Ашу шақырмайтын,тым сабырлы жан еді. Лекция арасындағы үзіліс кезінде студенттермен бірге дәлізде жүріп әңгімелесетін.
Ол кісінің үй ішілік тірлігінен де қарапайымдылығы аңғарылатын. Мен біраз уақыт оның кафедрасында лаборанттық қызмет атқардым. Жұмыс бабымен бір екі ретүйіне барғанда байқағаным:Жұмыс кабинеті мен ұйықтайтын бөлмесі бір екен. Басты байлығы-кітап. Үлкен жазу столы,тоқылған екі кресло-орындық, аласалау темір төсек,оның үсті жай ғана сұр шұғамен жабылған,еденге еш нәрсе төселмеген. Ас үйден де көз тартарлық мардымды зат көре алмадым.Сірә, сол кездегі адамдардың дүние-мүлік жинауға қызықпай, «екі шамаданмен көшіп жүретін» салтын ұстанса керек.Қандай тамаша салт десеңізші!
Біз институтты бітірер жылдан бастап жоғары оқу орындарын тәмамдағандар үшін мемлекеттік емтихан тапсыру белгіленді. Профессор С.Ж.Аспандияров институт бойынша мемлекеттік емтихан комиссиясының претседательдігіне тағайындалыпты. Мемлекеттік емтиханды Көне заман тарихы, Орта ғасырлар тарихы, Жаңа заман тарихы, СССР тарихы ( Қазақстан тарихы осы пәннің құрамына енді)және педагогика пәндерінен тапсырдық. Оқу бітісімен мен тездетіп Кавказға емделуге жүріп кеттім. Осыдан кейін Санжар Жағыпарұлын көре алмадым. « Халық жауы » деп ұсталып кеткенін естідім. Сөйтіп, бұл аяулы жан, ардақты азамат, парасатты педагог, ғұлама ғалым сталинизмнің, жеке басқа табыну зұламатының, бериялық қанды заңсыздықтың құрбаны болыпты.
Лениндік принциптер қайта қалпына келтіріліп, заңдылық пен әділеттік, жариялылық салтанат құрғанда ғана шындықтың беті ашылып, жалған жаламен жазаланғандар ақталды. Өздері бүгін арамызда жоқ болса да, олардың бейнесі әрқашан көз алдымызда, еске түсе береді, солай болуы заңды да.
Сондықтан халық үшін ұлан-ғайыр іс атқарған саңлақ ғалым Санжар Жағыпарұлы Аспандияровты мәңгілік есте қалдыру үшін төмендегідей шаралар ұйымдастыруды қолға алған жөн-ау деп ойлаймыз:
С.Ж.Аспандияровтың бүіл ғылыми еңбегін, әдеби мұрасын елеусіз қалдымай жарыққа шығарып, көпшіліктің игілігіне айналдыру;
Оның есімімен Алматының орталық көшелерінің бірін атау;
Қазақ ССР Ғылым академиясында, Абай атындағы педагогика институтының, Алматы медицина институтының үйлері алдына ұлағатты ұстаздың бюстісін орнату;
С.Ж.Аспандияров тұрған үйді ( Комсомол-Пушкин көшелерінің қиылысындағы ) ғұлама ғалымымыз атындағы музейге айналдыру.
Ұлы көсеміміз В.И.Ленинге сүйенсек,тарихты білмеу,ұмыту –кешелік. Ал тарихты білу дегеніміз-сол тарихты жасаған адамдарды білу. Осындай таңғажайып тарихшылардың бірі Санжар Жағыпарұлы Аспандияров советтік,ұлттық мақтанышымыз,аяулы азамат еді. Оның және басқа да ардақтыларымыздың өмірін,Ленин партиясы алдында сіңірген еңбегін халқына,соңғы буынға айтып беру,еске түсіру-әлеуметтік әділеттілікті және сталинизм репрессиясының құрбандарының аяққа тапталған ар-намысын қалпына келтіру –абыройлы парызымыз деп білемін. Мұның еліміздің тарихындағы «ақтандақтарды» қалпына келтіруде де маңызы зор.
Дінасылов Д. Дәрігер, тарихшы, ғалым, қайраткер (Профессор Санжар жағыпарұлы Аспендияровтың туғанына 100 жыл) // Қазақ әдебиеті. – 1989.- 27 қазан. – Б.4.