Әлиханға арнаулар
Ахмет Байтұрсынов
Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай!
Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына іңкәрің-ай!
Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр,
Түнерген төбемізден бұлт арылмай.
Көк етті, көн терілі, көніп қалған,
Сықса да шыдай беру, жұрт жарылмай.
Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр,
Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр?
Сасық ми, салқын жүрек санасыздар
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр.
Айтқанмен таусыла ма оны-мұны,
Талайдың таңдамалы түпкі сыры:
Жанасқан шын көңілмен жақындық аз –
Көбінің іші салқын, сырты-ақ жылы.
Ақшаға абыройын, арын сатып,
Азған жұрт, адамшылық қылмай сыны.
Жаны ашып, жақыны үшін қайғыра ма
Жаны мал, жақыны мал, малдың құлы?!
***
Сұлтанмахмұт Торайғыров
Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі
...Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі
Демейдімқандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан,
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі.
Ел үшін құрбандыққа жанын берген,
Бит бүрге, мқандалаға қанын берген.
Ұрадай сасық ауа, темірлі үйде,
Зарығып алаш үшін бейнет көрген.
Түймеге жарқылдаған алданбаған,
Басқадай бір басы үшін жалданбаған,
«Қайткенде Алаш көркейер» деген ойдан,
Басқа ойды өмірінде малданбаған.
Заманда басқан аяқ кейін кеткен,
Жасымай Алашына қызмет еткен.
Болса да қалың тұман, қараңғы түн,
Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен.
Басында ол қарағым тұр ғой дайын,
Тек ұзақ өмір берсін бір құдайым.
Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,
Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.
Кешегі қара күнде болмап па еді:
Бір – Күн, Бірі – Шолпан, бірі – Айым!
Солардан басқа кеше кім бар еді?
Қазақ үшін шам қылған жүрек майын...
***
Әріп Тәңірбергенұлы
Міржақып Дулатұлы мен Әлихан Бөкейханұлына
Міржақып, Бөкейханов – екі саңлақ,
Жұрт ұшін бейнет көрген жанды жалдап.
Сапарың қайырлы болсын барған бетте
Тілектестік білдіріп жаздым арнап.
Жаужүрек қыран көзді арыстаным,
Жан қиып халқың үшін қарысқаның.
Қатардан қазақ сорлыны қалдырмасқа
Бәйгеде ұлы дүбір жарысқаның.
Шешен тіл саясаттың саясында
Ететін талмай қызмет данышпаным.
Атқан оқ, сермеген қол қата кетпей
Түскей-ақ аяғыңа бар дұшпаның.
Не қылса дертке дауа табылар деп
Секілді Европамен танысқаның.
Әуелі Алла, екінші халық білер
Риясыз көңілдің қалыстарын.
Азуы алты қарыс айдаһармен
Кезекті сөз жібермей салысқаның.
Кезінде ғазиз жанды еттің пида
Халқыңның жібермеске намыстарын.
Көздеген мәселеге тез ерісіп
Қайырлы болғай еді шабыстарың.
Азаматтық даусыңа жұрт қозғалды
Аман бол екі бірдей арыстаным!
Жұрт түсті жаңа заман ағымына
Келешекке бас байладық бағынуға.
Қанды көз, мұзды балақ қос қыраным
Іліндің әлдекімнің шағымына.
Орныңның төлеуі жоқ екі жалқы
Қазақтың қамын ойлап көрген талқы.
Қолынан бата беріп жөнелтуге
Вокзалға жиналыпты сорлы халқы.
Өлшеусіз бағасы жоқ сом алтыным
Айырған даналықтың әр пасылын.
Оқыс болса қалған жұрт бәрі соқыр
Қазаққа белгілі сыр не жасырын.
Бастап ең қамалған жоқ қазақ жарға
Қапысыз бәрі көрнеу көзі барға.
Кірсіз, ақ құстың бәрі сұңқар болмас
Қанаты бар дегенмен жүр ғой қарға.
Құдая көрсет бізге есендігін,
Солардың өгейсітпе көсемдігін.
Кісі мен кісі арасы жер мен көктей
Кім өлшер айтқан сөздің шешендігін.
Я, раббым, рахметіңмен сақта жолын,
Ауыстыр кеңшілікке істің сорын.
Ел дұшпансыз болмайды деген сөз бар
Жарық қыл қасіреттен көңіл буын.
Болғанда бірің – Төре, бірің – Арғын,
Жетіліп жаңа шыққан жасыл шалғын.
Данышпаны, қазақтың екі көзі
Ұлты үшін бейнет шеккен егіз балғын.
***
|
Көкбай Жанатайұлы
Әлихан Бөкейханұлына
Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,
Ұл тумақ сендей болып аз-ақ тағы.
Өгіз өліп, болмаса арба сынып,
Өмірің өткен жансың азаптағы.
Бал тамған, ханзадам-ай, қаламыңнан,
Тәңірім айырмасын талабыңнан.
Қалған жоқ қоңсы қонбай ақылыңа
Қазақтың хан, қырғыздың манабынан.
Абылай, Бөкей менен Әбілпейіз,
Ерлердің елге еңбегі ұшан-теңіз.
Солардың тұқымынан оқыған көп,
Тегіне тартады екен ескі негіз.
Оқыған оқыса да әрбір қилы,
Қарны тоқ, оқығанның басы силы.
Оқу, білім бермейді дауасызға,
Әркімнің өз ойынша өзі милы.
Болмайды қалғанменен бала тұқым,
Құртпайды ауызбенен елді мұқым.
Көксал мен Жәуетейді «төре» деген,
Солардай толып жатыр қоқым-сұқым.
Анау бір Орынборда екі жігіт,
Сенен соң жұрт солардан қылады үміт.
Қазақтың шаңырағын көтергелі,
Болып жүр ойларында тамам ұлт.
***
ӨР ТҰЛҒАЛАР
Түңлігін тоқыраудың түріп тастап,
Арыстар айнымастан тұрыпты асқақ.
Қайыспас қиянатқа Өр тұлғалар,
Қуаты құпиялы құлыпты ашпақ.
Шәкерім, Міржақып пен Мағжан ақын,
Жырласа, айдынға аққу, қаз қонатын.
Тербеліп тоғай біткен тебіреніп,
Алдында асқақ таулар назданатын.
Әлихан, Тұрар, Ахмет, Жүсіпбектер,
Жарытып жая алмады мәз қанатын.
Сондада, Өр тұлғалар өшпестей ғып,
Тарихқа қандарымен жазған атын.
Құптамай содырлықтың сан айласын,
Мерт болды Желтоқсанда талай жасын.
Қайыспас Қайраттардай қайран жастық,
Жазықсыз жапа шекті,солай, басым.
Отырсаң озғаныңды орға жығып,
Ертеңің қайтіп, елім, арайлансын.
Дос таппай жігіттерден Мұқағали,
Бір үйге жарымады қалай Қасым?
Алтындай тот баспайтын асыл ерлер,
Қиянат құрбанының басы ма еңдер?
Меңдеген тоқыраудың талай жылғы,
Жарасын келе жатқан ғасыр емдер…
Қайрат Сабырбай
айтыскер ақын, журналист
***
‘’Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «Алаш» деген атты аламын
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?’’
( Сұлтанмахмұт Торайғыров )
Мен Қазақпын
Мен қазақ, қазақпын деп шаттанамын,
«Алаш орда» өзіңсің асқаралым.
Ұлы елімнен шыққанда дана ақындар,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?
Мен қазақпын, өр рухым тас қамалым,
Дұшпаныма, жұмыр біткен тас боламын,
Туылғанда қазағымнан айбынды ерлер,
Неліктен жырға қоспай шет қаламын?
Көк бөрімін көк Тәңірге табынған,
Отты көзі жаратылған жалыннан.
Артық көрем бар Алаштың бақытын,
Бармақтайын басымдағы бағымнан.
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Алашты айнам етіп көп қарадым.
Қазақтықтан безінсем егерде мен,
Құла құзға қырандай тасталамын!
Роллан Кеңесхан
ақын, Шәкәрім атындағы университеттің студенті
***
БОЗДАҚТАР
Іңірде жаным сенделді,
Іштегі шерді қозғап бар.
Жырыма қосам сендерді,
Бақыты сорлы боздақтар.
«Құдайсыз» салған құлқынды,
Күйретіп кеткен боздақтар.
Сұрқия заман шылбыры,
Сүйретіп кеткен боздақтар.
Ғұмырдың, сірә, бар мәнін,
Ұғып та баққан боздақтар.
Аспанда рухы, ал тәні,
Құдықта жатқан боздақтар.
Шыдамай мынау құлдыққа,
Аһ ұрып келген боздақтар.
Маңдайын төсеп мылтыққа,
Атылып өлген боздақтар.
Жанардан жасы жиі ағып,
Бақтары тозған боздақтар.
Алғызыл қанын сия ғып,
Хаттарын жазған боздақтар.
Қыршыннан ғұмыр қиылып,
Алауда жанған боздақтар.
Қорықпай қара құйыннан,
Алаңда қалған боздақтар.
Мұңлық боп жанды толғағын,
Көңілде, бәлкім, наз боп қал.
Әйтеуір ұмыт болмағын,
Боздақтарым-ай, боздақтар...
Біржан Ахмер
Шәкәрім университетінің 3-курс студенті
|