Әлихан Бөкейханұлы: Қазақтар
Талай зобалаң жылдарды араға салып, халқымыздың бір шоғыр асыл тұлғалары мен ардақты есімдерінің ортамызға қайта қосылуы – шын мәнінде өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілгені. Олар бүгінде рухани ойлау деңгейімізді айрықша шоқтықтандырып, жоталандырып жіберген қуатты серпінге айналып отыр. Алайда өз ұлтының еңселі ел болуын армандап, сол жолда нешеме тайғақ кешулерді, қасіретті соқпақтарды бастан өткерген заңғарларымыздың қатарын әлі толық түгелдей алмай жатқанымызды да жасыруға болмас.
Кезінде замана екпіні жау санатып кеткен М. Тынышбайұлы мен М. Шоқайұлының бауыр еті – халқының қамын ойлап, өзегі өртенгеннен бөлек кінәсі шамалы екенін биыл газетіміз бетінде шама-шарқымызша көрсетуге тырысқанымыз өздеріңізге жақсы таныс. Олардың замандасы, бүгін мақаласын жариялап отырған Әлихан Бөкейханұлының да халқым, жұртым деп еңіреген ерлер қатарындағы орны аса соқталы. Бұны оның қысқаша өмірбаяндық деректерінің өзінен-ақ байқау аса қиын емес. Егер ол ғұмырнаманы энциклопедиялық үрдіске салып түзсек, былай шыққан болар еді:
«Әлихан БӨКЕЙХАНҰЛЫ (1870-1938 ж.ж) – қазақтың аса зор қайраткері, тарихшы, экономист, әдебиетші, журналисі. Тегі жөнінен Ондан сұлтанның ұрпағы, Орта жүздің Уәлиханмен қатар соңғы ханы болған Бөкейханның шөпшегі. Қарқаралы оязындағы Тоқырауын болысының жетінші ауылында туған. Әуелі ауыл медресесінде, одан соң Омбыдағы техникалық училищеде оқыған. Петербордағы орман-техникалық институтын бітірді. Омбыда және Самарада статисші, земство агрономы, журналист қызметкерін атқарды.Студент кезінен буржуазиялық-демократиялық интеллигенцияның өкілдеріне жақын жүруі, оның болашаққа көрнекті экономист, саясаткер болуына негіз қалады. Әлиханның қарымдылығын көре білген орыс энциклопедистері оны көп томдық «Ресей. Біздің Отанымыздың жалпы географиялық сипаттамасы» атты танымал еңбектің авторлар коллективіне енгізді. Бұл серияның қазақ даласына арналып, 1903 жылы шыққан 18-томында Ә.Бөкейханұлының да көп үлесі бар. Екі ғасырдың өліарасында қазақ даласына қоныс аударушыларға экономикалық негіз дайындаған Щербина экспедициясына қатысты. 1905 жылы Ресейдің буржуазиялық жолмен дамуын жақтаушылар өздерінің конституциялық-демократиялық партиясы (кадеттер) құрған кезде, Бөкейханұлы оның филиалын қазақ жерінде де ұйымдастырмаққа талпынды. Оның жер-жердегі саяси науқандарға белсене қатысуы, отарлау әкімшілігінің әділетсіздіктерін қатты сынға алуы қырағы назардан қағыс қалған жоқ. Ол әлденеше рет қамауға алынып, жер аударуларды бастан кешті. Алайда бұның өзі халыққа кеңінен танымал етіп, ол 1-Мемлекеттік Думаға депутаттыққа сайланды. Омбы кадеттері губерниялық комитетінің мүшесі, «Иртыш», «Омичь», «Голос» газеттеріне редактор болды.
1913 жылы Ә.Бөкейханұлының белсене араласуымен «Қазақ» газетінің ашылуы – оның қайраткерлік қызметін одан әрі өрістетті. Осы газет арқылы ол өзінің ұлы серіктері А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлылармен бірге халық санасын оятуға кеңінен қатысты.
...Ол февраль революциясын Батыс майдан ставкасы жанындағы бұратана ұлттар бөлімін басқарып жүрген кезінде қарсы алды. Елге оралғаннан кейін Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің құрамына енгізіліп, Торғай облыстық комиссары болып бекітілді. Оған қоса май айында Халық бостандығы (кадеттер) партиясы Орталық Комитетінің құрамына сайланды. 1917-нің жазынан бастап қазақ ұлттық-буржуазиялық демократиялық партиясын құруға белсене атсалысты. «Алаш» атты ол партияның Орынборда желтоқсан айында өткен ІІ-съезін ұйымдастырып, сонда жарияланған ұлттық-автономиялық үкіметтің төрағалығына сайланды... 1919 жылдың соңында Алашорда таратылғаннан кейін Ә.Бөкейханұлы Қазақстанда көп тұрақ таба алмай Мәскеуге кетті. Шығыс халықтары баспасының қазақ бөлімін басқарды, маркстік әдебиеттерді қазақ тіліне аударумен айналысты, ғылыммен шұғылданды. Баспасөзде шаруашылық, оқу-білім мәселелері бойынша мақалалар жариялап тұрды. Ғылыми экспедициялар құрамында Қазақстанға келіп жүрді. Секемшіл саясатымыз оны бұл кездерде де тыныш қоймай, 1922 және 1926 жылдары екі рет тұтқынға алды. Бірақ 1920 жылы Совет өкіметі кешірім жариялаған бұл әрекеттер негізсіз болғандықтан, ол тез бостандық алып отырды... Алайда қылышынан қан тамған террорлық билік басқалармен қоса оны да сау қалдырмады. 1938 жылы саяси қызметпен айналысуды әлдеқашан қойған қарт зейнеткер ату жазасына ұшырады.
Әлихан Бөкейханұлының шығармашылық мұрасын зерттеушілердің қолында қазірдің өзінде ол кісінің 3-4 томға жетерлік еңбектері мен мақалалары жинақталып отыр ...».
Бүгін жарияланып отырған мақала Петерборда 1910 жылы шыққан «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс түрлері» атты үлкен жинақта жарияланған. «Қазақтар» деген атпен берілген бұл ғылыми очеркте автор өткен ғасырдың соңы мен осы ғасырдың басындағы қазақ тұрмысының саяси-экономикалық жағдайы мен мәдени-әлеуметтік ахуалын, отаршылардың қазақ жеріне келешекті көздей жаппай қоныс аудару саясатын қалай жүргізгенін тынысы кең білгірлікпен оқырман алдына жайып салады. Мақала 1985 жылы Оксфорд қаласында (Англия) Орта Азияны зерттеушілер қоғамы шығарған «Қазақтар орыстар туралы. 1917 жылға дейін» атты кітаптан ықшамдалып, аударылып беріліп отыр.
ХІІІ ғасырдан, Шыңғысхан заманынан бері қазақтар Орта Азия аймағында, теріскей батысында Жайық, күңгей бетінде Әмудария, шығысында Ертіс және оңтүстігінде тау қыраттары көмкерген байтақ өңірде мызғымай мекен етіп келеміз. Бұдан басқа, олар Астрахань губерниясында да қоныстанған.
Қазақ халқының аталған территориядағы молшері жөнінде мына кестеден мәлімет алуға болады.
Облыстар
|
Барлық тұрғындар |
Соның ішінде қазақтар |
1.Семей
2.Ақмола
3.Торғай
4.Орал
5.Закаспий
6.Сырдария
7.Жетісу
8.Ферғана
9.Самарқан
10.Астрахань губ.
|
761. 095
934. 612
550. 510
644. 000
463. 407
1.480. 000
1.088. 217
1.837. 418
986. 554
1.005. 000 |
655,971
484.456
422.401
466.000
71.367
888.000
844.405
374.981
79.083
213.000
|
1887 жылғы санақ бойынша на тілін қазақша деп атағандардың саны 4 млн. 084 мың болыпты. Өздерінің саны бойынша қазақтар Ресейді мекендеген халықтар арасында алтыншы орын алады. Егер табиғи өсім коэффициентін 1,5-ға алсақ (бүкіл Ресей үшін ол 1,55-ке тең), онда қазіргі кезде қазақтардың саны 4 млн. 696.600 болуға тиіс.
Аталған он облыстың ішінде қазақтар әсіресе бүкіл аймақтың 73 процентін құрайтын 6 облысында жиі қоныстанған (83,5 процент). Мәселен Ақмола облысында олар 53 процент болса, Сырдарияда 69 процент, Орал облысында 72,5 процент, Жетісуда 77,6 процент, Торғайда 76,5 процент. Әсіресе қазақтардың саны олар 86,2 процентін құрайтын Семей облысында ерекше басым. Осы аталған 6 облысты бірге немесе 2/3 бөлігі қазақтар болып табылады ...
Ресейдің басқа да жерлеріндегідей, Қазақ даласында да талайдан бері орыстандыру саясаты жүргізіліп келеді. Бұл жердегі орыс шенеунігі білім жағынан да, жергілікті жердің жағдайын түсіну жағынан оңып тұрған жоқ. Орыстандыру саясатының дағдыдағы белгілері – дөрекілік, зорлық-зомбылық халықтың қасиетті деп аталатындарының бар атаулысына деген жосықсыз кемсіту, дала облыстарында ондағы әкімдердің халықтың тілін білмеуі және тілмаштар арқылы түсінісетіндігіне байланысты одан әрі күшейе түседі. Кейбір пысық тілмаштар өз қолдарына ояз және крестьян бастықтарының шексіз билігін алып алады да, өз ояздары мен учаскелерінің нағыз әміршілеріне айналады. Өздерінің әскери қызметтерін ояз және крестьян бастықтары міндетіне айырбастаған бұрынғы армия офицерлері ғана емес, орта мектепті де тауыспаған жолы болмағандар, сөйтсе де кездейсоқ қазақтарды билеу мүмкіндігін иелегендер,тергеушілер мен соттардың өзі де тілмаштарының қолындағы ойыншыққа айналады. Қазаққа қатысты мекемелерде қазақ тілінен аудармашылыққа бөлінген штаттық міндетті 1905 жылғы қазанның 17-сіне дейін қазақ тілін де, жазуын да білмейтін орыстар атқарды. Бұның өзі әдейі жасалатын. Мәселен, осы жолдар авторына дала генерал-губернаторлығының аға іс жүргізушісінің «қазақтардың өздері біздің деңгейімізге жетуі керек, біз олардың тілін үйренуге міндетті емеспіз» дегені бар. Крестьян бастықтарының бұрын қазақ тіліндегі арыздарды қабылдамай келгені белгілі, тек бостандықтан кейін ғана бұл мәселеде сең қозғала бастады. Дала облыстарында, тіпті болыс басқармасының өзінде барлық қатынастар мен іс қағаздары орыс тілінде жүргізіледі. Бүкіл болыс пен оның басқарушысының бар тағдыры түгелдей шала сауатты пысық хатшының қолында.
Орыс билігінің көпжылдық тарихының көлеңкелі белгілерін қазақ жұрты арасына кеңінен тараған мақал-мәтелдерден де көруге болады. Бұл тұрғыда қазақтардың: «Орыстан досың болса, қойныңда балтаң болсын», «Орыс нан жесе де ақша алады», «Қазақ – түлеген түйе, орыс – тікенек бұта»,- депнақылдауы сірә кездейсоқ емес. Қазақ әйелі жылаған баласын: «Орыс келді, орыс келді!», «Қасқыр келді, қасқыр келді» деп қорқытатынының өзі де көп нәрсені аңғартса керек.
Бұдан он-он бес жыл бұрын қазақ даласы шенеунік-билеушілер арқылы орыс халқымен, дала жәрмеңкелерінде – орыс көпестерімен араласқан кезде, осы соңғылары – қазақ даласы бастан өткеріп жатқан алғашқы қор жинау дәуірінің жалаңдаған серілері қазақтармен орыстар арасындағы жақсы қатынастарға жағдай жасай алмаған еді. Екінші жағынан, орыстардың далаға қарай жойқын қоныс аударуы, қазақ пен қоныс аударцшылар арасындағы жер үшін талас, әрі ол күрес кезіндегі дөрекі әдістер, заңсыздықтар, ұлттар арасындағы келіспеушілік шоғын үрлеп, қаузап әкеткендей.
Осы ретте қазақтардың тіршілігі және олардың өмір салтына күрт өзгеріс алып келген қоныс аудару мәселесіне тоқтала кеткен жөн сияқты.
Европалық Ресейден шыққан қоныс аударушылар негізінен дала облыстарының теріскей ояздарына келіп табан тіреп жатыр. 1905 жылғы губернаторлық есеп бұл т ұрғыда бізге мынадай мәлімет ұсынады.
Ояздар мен Облыстар
|
Қазақтар |
Орыс шаруалары |
Орыстардың қазақтарға «тік қатысы» |
Ақтөбе мен Қостанай
Торғай обл
Петропавл,Омбы ж/е Көкшетау
Ақмола обл |
230.707
422.401
214.696
484.456 |
86.376
93.732
148.941
205.515
|
3,7
22
69
42 |
Соңғы үш жылда, әсіресе 1907 жылы, қоныс аударушылар легі көп болғаны сонша, бұл келтірілген қатынастар орыс шаруаларының пайдасына қарай молынан ауды. Мәселен,қоныс аударту басқармасының деректері 1907 жылы қосымша тағы да төмендегідей мөлшердегі семьялардың көшіп келгенін айтады.
Ақмола облысы 12.000. Торғай, Орал облыстары 3.133. Сырдария облысы 487. Семей облысы 1.987. Жетісу облысы 1.211.
Барлығы 18.818.
Бұл 1907 жылғы қарашаның 1-інде Сызрань мен Челябіде тіркелген барлық қоныс аударушылардың 28,4 проценті деген сөз. Бір ғана 1907 жылдың өзінде қоныс аударушылар үшін қазақ жерінің 54 мың адамдық үлесі немесе 810 мың десятина жер кесіліп берілген.
Әсіресе теріскей аудандарға мол салмақ түсірген бұл өктемдіктің шектен асып кеткен жайлары да көп болды. Ол құжат тілімен айтқанда қазақтарды «өкіметке қарсылық» жасауға дейін мәжбүр етті. Көкшетау оязы қазақтарының өз жерлеріне тағы да қол сұғушылыққа наразылық білдіріп, қоныс аудару басқармасының жер өлшеушісін сабаймыз деп қорқытып, жеріне кіргізбей қойған бұл күтпеген оқиға 1907 жылдың маусымында өткен еді. Қазақ халқының басқаға сыйлас қатынасын, қанға біткен бауырмалдығын жақсы білетін адам, әкімшілік тарапынан қаншама зорлық-зомбылық пен тепкіні көріп келсе де, оны қаперге ала бермейтін қазақтың бұл ширығып, шатынауы бекерден бекер тумағандығына деп қоятыны анық. Олардың жері бұған дейін де үш жағынан орыс шаруалардың алқаптарымен қоршалып біткен екен; жер өлшеуші оларды енді ашық қалған төртінші жағынан да құрсаулап, қазақтарды тұзаққа түскендей күйге мәжбүр етпек болған. Олар бұл зорлыққа шыдай алмай тарс кеткен.
Қазақтар шекараны жер бедері,тау жоталары, өзен, көл, жайылым бойынша белгілейді. Ал айдалған борозданы ғана шекара ретінде танитын орыс шаруасы өзінің қазақ көршілерін еш түсінгісі келмейді. Осыдан қазақтың малының шаруа межелеген белгіден асып кетіп, оның егінін таптауынан барып қақтығыстар басталып жатады. Шаруалар малды қамап қояды, айып алады, кейде онысы шектен де асып кетеді, содан соң қазақтар мұндай көршіден аулақ болғанды жөн көріп, басқа жайылымдық жер іздеуге тырысады. Орыс шаруалары да қарап қалмайды. Өздерінің маңайларына жақын жүрген малдарды әдейі айдап әкеліп, қазақтардың егініне түсіріп кетеді...
Сот мекемелері жер үшін даудың соңы қоныс аударушылардың қазақтарды өлтіргендігімен аяқталғандығы жөніндегі істерді де қозғап жүр. Жұрттың бәріне Петропавл оязында 1906 жылғы маусымда болған қазақтар мен орыс шаруалар арасындағы қақтығыс жақсы белгілі. Оған жүздеген қарулы қоныс аударушылар мен қазақтар қатысқан; нәтижесінде екі жақтан да бірнеше құрбандықтар болды...
Заң бойынша қазақтардың жерінің бәрі қазынанікі деп есептеледі де осы сылтаумен егін егуге қолайлы, шұрайлы жерлер олардан тартылып алынып, өздерін басқа қонысқа кетуге мәжбүр етеді. Бұл ретте қазына сол кертіп алған жердің ауқымына ғана кіретін қыстаулардың құнын төлейді. Сондықтан да қазақтарға ақша жұмсамау үшін қоныс аударту басқармасының шенеуніктері қазақтардың қыстау үйлерін бірнеше қадам жерден ғана айналып өтіп, межелік қадаларын олардың үйлерінің бұрышына, құдыққа қағып, әділетсіздіктің ең тұрпайы түрін көрсетеді. Өз шаңырағының да құнын ала алмаған байқұс қазақ, амал жоқ, бәрінен күдер үзіп, басқа жаққа кетуге мәжбүр.
Осы жерде қоныс аудару басқармасындағылар қазақтардың шабындықтары мен жайылымдарын тартып алған кезде өздері бас ауыртып, зерттеулер жүргізіп жатпастан, жергілікті ұлттың агрономиялық біліктілігін, олардың құнарсыз жерге қоныстанбайтынын жақсы біліп, өз пайдаларына тікелей жарататынын да айтуымыз керек. Осы әдіс-тәсілдің арқасында кей қазақтар еріксізден қоныс аударту басқармасының жер барлаушылары ролін атқарып, өздерінің жайылымдары мен шабындықтарынан үш мәртеге дейін айырылып отырды.
Қазақ жерлері қоныс аударушыларға ғана емес, қазыналық саяжайларға да бөлініп берілді. Өз кезінде бұл жайға қазақ даласындағы ормандарды қорғау керек деген сылтау айтылған-ды. Қазақ ауылдары әдетте орман жиегінде орналасқандықтан, олардың бар тіршілігі орманға тығыз қатысты. Қоныс аударту басқармасыңдағылар бұл жерде де өздерінің пысықтығын танытып, жерді межелеуді талай құйтұрқыға салып, байқұс қазақты айыптан көз аштырмайтын жағдайға алып келгендіктен, қазақ, амал жоқ, өз қонысынан кетуге мәжбүр болды.
Қазір бір кезде орманды сақтаймыз деген сол мемлекеттік пайыз жайына қалды, қазыналық ормандар да қоныс аударушыларға бөлініп беріліп, аяқасты күйге түсуде ...
Қоныс аударту басқармасының қазақ даласына сырттан келушілерді одан әрі көптеген орналастыру бағытындағы айқын саясатын айта отырып, бұл жұмыстың да депутат Марковқа тым аз көрінгеніне таңданбасқа болмайды. Ол Дума мінбесінен қазақтар –
Шыңғысхан мен Темірлан ордасының ұрпақтары, демек оларға дәл Америкада үндістерге жасалғандай сойқанды жасау керек деп ашықтан-ашық мәлімдеді.¹
Өзінің Шыңғысхан мен Темірлан туралы, қазақтарды бабалары үшін жазалау керек деген сөзін Марков мырза Жер жөніндегі депертаменттің бас басқармасының директоры, қазақтарға деген осындай көзқарасты 1907 жылдың наурызында аталған басқармада өткен кеңесте айтқан Крюков мырзадан алып отыр...
Енді қазақ халқының қазіргі кезіне тән мәдени-саяси жағдайға ауысалық.
Ұлы, Орта және Кіші жүз құрамына біріккен түркі тайпалары ежелден-ақ бір-бірімен қарға тамыр боп кеткен елдер. «Кімсің» деген сұраққа әрбір қазақ «үш жүздің баласымын» деп жауап береді. Сондай-ақ ол өзінің қай жүз, қай руға жататынын да жіліктеп шағады. Қазақтың әр руының өз ұраны бар. Олар әдетте сол ру құрамында өмір сүрген белгілі бір адамның атына бағышталады. Мәселен, жалпы қазақ үшін мұндай ұран аты аңызға айналған Алаш болып табылады.
ХҮІІІ ғасырда қазақ даласында Абылай ханның атағы ерекше дүрілдеп, бүкіл Орта жүзде оның есімі жауынгерлік ұранға айналды. Қазақ дәстүрінше ұран көтерілген кезде үйде отырып қалу – ұяттың ең үлкені ретінде бағаланып, ол жан нағыз қор адам қатарында саналады. «Абылай» - деп ұрандау – сібір казак-орыстарының арасында кеңінен таныс. Мәселен, олардың бірінің ұлын жапон соғысына аттандырып тұрып: «Абылай», «Абылайлап» қойып кет деген тілек те айтқанын білеміз.
Бір жағынан өкіметтің орыстандыру саясатына деген ерекше құлшынысының, екінші жағынан ісләм дінінің насихатталуының нәтижесінде қазақ халқының байырғы рулық бірлестігі де бірте-бірте діни-саяси реңкке бой алдырды.
Қазақтар, бұдан аз уақыт бұрын, ХІХ ғасырдың ортасында дінге, ісламға құлай берілуге онша құлықты емес еді. Ол кезде Мекеге баратындар некен-саяқ болатын, ал 1905 жылы бір Омбының өзінде дала губернаторлығының канцеляриясынан Мекеге бару үшін 500 адам шетелдік паспорт алды... Ісләм дінінің насихатталуына тосқауыл қойғысы келген әкімшілік қазақ даласынан татар молдаларын қуу шараларын да жасады. Алайда, керісінше, бұл қуғындалу молданың даңқын бұрынғысынан да асырып, халық оларды сүргінге ұшыраған адам ретінде қабылдап, өкіметтен жасырып, одан әрі қадірлейтін болды.
Әкімшілік бастауыш қазақ мектептерінде сабақ беретін мұғалім орыс тілін білуі керектігін талап етті. Мектеп пен мешітті салу тек арнайы рұқсатпен ғана жүзеге асатын еді. Соның нәтижесінде мектептер мен мешіттер астыртын түрде ашылатын болды. Жұрт полиция назарына ілікпес үшін мешіттерді азан шақыратын мұнао\расыз салуға көшті.
Қазақ даласында христиан дініне уағыздаушылар да қимыл жасайды, бірақ олардың іс-әрекетіндегі нәтиже шамалы. Христиандықты негізінен өз шаңырақтарынан ажырап, орыс селосына кездейсоқ тап болған жетімдер немесе бірін-бірі сүйгендіктен елден қашып шығып, өшіккен ағайындарынан құтылу үшін бостандық алғысы келетін қыз бен жігіт жұптары ғана қабылдайды. Әрине діннің бұлайша өзгерткендердің көп емес екені белгілі, өйткені халық дәстүрінде өз жетімдеріне қамқор болу әр рудың міндетіне жатса, әуелден қалыптасқан қоғамдық пікір күйеу мен қалыңдықтың өздерінше таңдау жасауын дұрыс деп есептемейді.
Бұдан 6 жыл бұрын алдында болыс хатшылығы қызметінен қуылған бір қазақтың арыздануы арқасында әкімшілік алғаш рет гектографқа басылып, ел арасына кеңінен таратылған бір үндеумен танысты. Осы тұңғыш үн-хатта авторлар қазақ тілінде Алаш ұрпақтарынорыс өкіметінің дінге, ісләмға қарсы қимылдарына, қазақ халқын шоқындырмақ әрекеттеріне бір кісідей көтеріліп, қарсы шығуға шақырады. Және үндеудегі осы мүдде орыстандыру саясатына қатысты жеке фактілермен ерекше байытыла көрсетілген еді. Үндеу авторлары қазақтарды шоқындыруға бейімдеудің белгілерін 1902 жылы Ақмола облысында крестьян бастықтары қызметінің өмірге еніп, орыс әліппесімен оқытатын ауыл мектептері ашылып, бұрыннан қолданылып келген арабша жазудың пайдаланудан шыға бастағанынан көрген еді. Қазақтар бұны өздерінің байырға сауатына қасиетті кітап – Құранға жасалған қиянат деп тауып, әкімшіліктен ауыл мектептерінде ісләм ілімі мен қазақша сауатқа үйретуді сұранады. Олардың бұл өтініші қабылданбайды. Сондықтан да қазақтарға үндеуде айтылған айтылған әлгі жайлар ақиқат ретінде ұсынылған еді.
Осы үндеуге байланысты қазақтың белгілі адамдарының, молдалар мен мұғалімдерінің үйлерінде тұңғыш рет саяси тінтулер жүргізілді, кітапханалары мен хаттасуылары алынып, олар екі-үш жылдан кейін, бостандық күндері ғана қайтарылып берілді. Көкшетаудан әкімшілік пәрмені бойынша күллі қазақ даласына әйгілі ғұлама-молда Наурызбай Паласов өз шәкірттерімен бірге жер аударылады. Оны халық Науан хазірет деп атайды. Көкшетау оязы кедей қазағының баласы болған ол, бір кездердегі Ломоносов сияқты Бұхараға жетіп, сол шаһарда 15 жыл оқып, жоғары діни мектепті бітіреді. Ерекше алғырлығымен көзге түскен ол, сонда қалып ұстаз боп жүрген кезінде Көкшетау қазақтары ел атынан қалап, оны атамекеніне қайта алдыртып алған болатын. Егер өкімет саналы түрде қазақ халқын орыс білімінен аулақтатып, оны ісләмшылдыққа итермелегісі келсе, дәл ол үшін Науан сияқты әйгілі адамдарды қудалаудан артық тәсілді ойлап табу қиын да шығар.
Қазақ даласында қазіргі кезде Науан сынды Самарқанның, Бұқардың, Константинопольдің, Қазанның және басқа мұсылман орталықтарының жоғары діни мектептерін бітірген ғұламалар аз кездеспейді. Қазақтардың қанша проценті сауатты екенің анық айту қиындау. Өйткені оқу құпия түрде жүргізіледі де, деректер мәліметтік әдебиетке ене бермейді. Губернаторлық ақпарларда қазақша сауат ашу мектептері есепке мүлдем алынбайды. Бұл жөнінде Щербина мырза жүргізген статистикалық экспедиция біраз мағлұмат ұсынады. Губернаторлық шолуларда 1905 жылғы жағдай мынадай болған екен:
Облыстар |
Ауыл мектептері |
Оқушылар |
Жетісу
Семей
Ақмола
Торғай |
13
27
14
94 |
257
?
301
1.672
|
Бұл мәліметте қыздардың үлесі тым төмен. Орыс тілінде оқытатын бастауыш мектептердің жағдайы да осындай. Қалаларда оқитын қазақтардың саны да мардымсыз; орта оқу орындары мен университеттерде өте аз. Жоғары оқу білім алғандары саусақпен санауға болады.
Щербинаның деректері бойынша мұғалімдердің саны мынадай:
Ояздар |
Мұғалім-молдалар |
1000 адамға шаққанда: |
Өскемен
Павлодар
Қарқаралы
Петропавл
Омбы
Көкшетау
Ақмола
Атбасар
Ақтөбе
Қостанай |
97
261
134
154
167
164
267
97
259
159
|
0,4
1,9
1,3
2,3
4,4
2,0
2,4
1,3
2,5
1,4
|
Орыстандыру саясаты барлық жерде де бірыңғай нәтиже беруде. Қазақ тілінде бірде-бір газет шықпайды, сол сияқты өз баспаханасы да жоқ. Бостандық күндері бұлар туралы ойлар туындағанымен, ол әлі жүзеге аса қоймай отыр.
Қазақ даласында көп мөлшерде татар газеттері мен татар баспаларының кітаптары жаздырылып алынады; соңғы кездері 1905 жылдан бастап, татар баспаханаларынан қазақ тіліндегі бірнеше өлең мен қара сөз кітаптары жарық көрді; олардың авторлары – қазақтар.
Қазақ даласы заңсыздықтарды белшеден тартып, басқа түскеннің бәріне іштен тынғаннан бөлек амалы болмай, қанға біткен көнбістігіне салып, осылайша күн кешіп жатты.
Сонау алыста орыс-жапон соғысы басталды. Оның салмағын қазақ өкімет тарапынан түскен салықтардың үсті-үстіне өсуінен де байқады.
Сөйтіп жүргенде Ресейдің орталығынан бостандық жөніндегі әңгімелер сарыны келіп жетті. 1905 жылдың басыңдағы «халық қалаулыларының басқосуын шақыру», халық мұңын айтатын арыз-тілек хаттарды (петицияларды) жазуға рұқсат беру жөніндегі шаралар қазақ даласында да азаттық қозғалысын өрістетті. Сәуірдің 17-сіндегі Жарлық көңіл-күйді одан сайын көтерді. 1905 жылдың көктемінен бастап халық көп жиналған жайлаулар мен жәрмеңкелерде қазақ жұртының қамын қозғайтын сияздар басталып, оларда жоғары мәртебелі есімдерге берілетін арыз-тілек хаттар жазылып, жаппай қол қойылып жатты.
Ол құжаттарда дінге және жерге қатысты мәселелер саяси-бостандық мәселелерінен алда тұрды.
Арыз-тілек хатты дайындауға орыс әдебиетінің негізінде тәрбиеленіп, европалық мәдениетке құлай сенетін, Отанның бақытын батыс мәдениетінің жемістерін тиімді пайдалана білуден көріп, діни мәселелерді басты мәселе емес деп қарайтын интеллегенттер де, сондай-ақ шығыс мәдениетімен сусындап, ұлттық-діни өзгешілікті насихаттауға ерекше ден қоятын зиялылар да араласты... Бұлардың алғашқысын батысшылар, екіншісін түркішілдер деп атауға болар еді.
1905 жылдың маусымында қазақ даласының қақ орта тұсында Қарқаралы Қоянды жәрмеңкесінде 1 4500 қазақтың атынан Министрлер Советінің төрағасына аттандырылған арыз-тілек хат азаттық аңсаған халықтың оянған санасының алғашқы үн қатуы болған. ( Бұл петицияны «Ана тілі» газетінің сәуірдің 12-сінде шыққан 4-ші санынан оқи аласыздар – Ред.).
Арыз-тілек хаттың алғашқы баптары қазақтың дін ісін Ішкі істер министрлігі қарамағынан босатып, жоғарыға тәуелсіз діни басқарма құру керектігін айтудан басталып, жер, тіл, сот туралы мәселелерді қозғай келе, Мемлекеттік Думаны шақыру, оған қазақтың депутаттар қатыстыру жөніндегі талаппен түйінделді.
Бостандықтың естен кетпес күндері басталды. Қазанның 17-сіндегі Манифест қазақ тіліне аударылып, бүкіл қазақ даласына таратылды. Қалаларда тұратын қазақтар Манифестің қысқаша мазмұны берілген жеделхаттарды алып мәз-мейрам болысты...
Қалаларда қазақтар барша адамның теңдігі, ұждан бостандығы, халық билігі туралы жалынды сөздер айтқан зиялыларға қосылды. Қазақтар орыстардың аузынан мұндай әңгімелерді тұңғыш рет естіген еді. Қазақтар барлық орыстардың өздеріне талайдан бері зорлық көрсетіп, орыс халқының атын былғап келгендерге ұқсамайтынына көз жеткізді...
... Қазақтың қалың бұқарасының арасындағы саяси партиялар әлі туа қойған жоқ. Сайлаушылардың саяси көзқарастары да балаң. Айқындалған бағдарлама да жоқ. Барлық жұрттар секілді орыстандыру саясатының ауыртпалығын бастан өткерген қазақ халқы ескі режимнің өкіметіне салқындай қарайды да, орыстың оппозициялық партияларына ден қойыңқырайды. Жақын аралықта далада қазақ ортасында қалыптаса бастаған екі саяси партия туындауы мүмкін. Олардың бірі, ұлттық-діни партия деп аталып, оның мүддесі қазақтарды басқа мұсылмандармен діни жағынан бірлестіруді көздейтін болар. Екіншісі, батысшыл бағыттағы партия, қазақ даласының болашағын саналы түрде батыс мәдениетінен сусындаудан көрер. Алғашқысы, бәлкім, өзіне үлгі ретінде мұсылманшыл – татар партиясын ұстанса, екіншісі, орыстың оппозициялық халық бостандығы партиясының ізімен жүруі кәміл.
І мен ІІ Думаларда барлық қазақ депутаттары халық бостандығының мұсылман фракциясына кірді.
Алайда 1907 жылғы маусымның 3-індегі заң 4 жарым миллион қазақ халқын сайлау хұқынан айырды. Өкімет, шамасы, мемлекеттік Думаға, өзі күшпен жерін тартып алған халық өкілдерінің қатысуын артықшылық деп тапқан болуы керек.
Бөкейханұлы Ә. Қазақтар / Ана тілі. – 1990. – 29 қараша. – Б. 4-5