Қыр баласы, ел ағасы, қазақтың болған панасы

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан
«Қыр баласы, ел ағасы, қазақтың болған панасы»

 «...Екі күймек бір жанға әділет пе?
Қаны қара бір жанмын, жаны жара.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма...»
              (Абай).

 «Ұлы адамның ойында
Ұлы іс жүреді»
    (Қазақ мақалы).

1884 жыл. Жаз айының жайма-шуақ күндерінің бірі. Қарқаралы дуанындағы орыс училищесінің қарсы бетіндегі алаңға ақ бозбенен қос қаракер көсем жеккен күмістелген қара фаэтон қоңыраулатып, ағызып кеп, кілт тоқтады. Жалы күлтеленген жібектей ортадағы ауыздығын шайнаған ақ боз ертегідегі ұшатын пырақтай екпінін баса алмай тұяғымен жер тарпып,оқыранады. Аттылы-жаяу жүргіншінің аяғында таптаурын болған бетеге, жусанның арасынан жеңіл бу көтерілгендей сағымданған шаң-тозаң атқосшының фаэтон есігін ашып үлгергенше көзден біржолата ғайып болды. Үзіліске шыққан шәкірттер қоңырау дауысына елтіп, тосын қызыққа назарлары ауған-ды. Әскери киімі алтынмен зерленген, жирен мұрты шиыршықталған, еңселі жуанды көргенде жанарлары қадалған балалар сілтідей тынып, кірпіктерін қақпастан орындарында қалшиып тұрып қалды. Бәрінің ой-қиялындағы патша ағзамның нақ өзін көргендей тұла бойларын шарпып өткен сезім отынан тым өзгеше бір күй кешкен әсерден айығып та үлгермеген. Жоғары мәртебелі мейман жеңіл күймеден еппен түсіп, бойын тіктеп, айналасын маңғаздана бір шолып өтті де, маң-маң басып, маңдай алдындағы жиналып қалған қара көздерге қарай аяңдады.
 -Жігіттер, аман-есенсіздер ме!? – деп буынға бөліп, дауысын екпіндете, салтанатты үн қатты.
 - Қош, аман келдіңіз, мәртебелі и-ем!! – деген жауап бір ауыздан шыққандай жарқын естілді. Арқаның самал желі мен күннің өтінде тотыққан өңшең қара торы албыраған жас ұландарға ойлана көз тіккен ол ризалық кейіппен: - Мен Омбы шаһарынан бәленбай шақырым жер жүріп келдім. Кім менің фаэтонымның дөңгелегі қанша рет айналғандығын есептеп бере алады? - деп, жүздескен сәттен сыр суыртпақтап, тығырыққа тіреген қиын сауал қойды. Моп-момақан шәкірттер арасынан қынынан суырған қанжардай жанары жарқ етіп Әлихан адымдап алға озып, дөңгелектің шенін, күпшегін және өлшеп, саусағымен топырақты шимайлап, есептеп жіберіп, шешуін лезде-ақ мүдірместен: - Мәртебелі мырза, дөңгелек түген рет айналды, - деп саңқ еткізді. Орыс генералы мейірлене Әлиханның басынан сипап тұрып, дәл осы мезетте келіп жеткен училище директорына: - Менімен бірге Омбыға жүреді, жолға дайындалыңыз! – деп бұйырды...
  Бұл – Дала губернаторлығының генерал-губернаторы Герасим Алексеевич Колпаковский болатын. Кезінде құйрықты жұлдыздай ағып өткен Шоқанның досы, сырласы, Жетісуда ұлы жиһанкез-ғалымның жаны қиналып, құсаланып жатқанда ақырғы рет хат арқылы бақұлдасқан да, Мұса Шорманұлының басына тас әкеліп, ескерткіш белгі қойған да осы Герасим Алексеевич еді. Бәлкім, кім біледі, жанары шоқтай жанған жас жеткіншекті көргенде қанатын қомдаған қаршыға қыран Шоқан досын елестетті ме, әлде арманшыл талапкердің нұрлі жүзі жан-дүниесін баурап, өзіне тартып әкетті ме екен? ... Әйтеуір, «Дала патшасы» атанған Герасим Алексеевичке қыр баласы ерекше ұнағанды. Атам қазақ «қырықтың бірі - қыдыр» деп, тегі, тектен-текке айтпаған шығар-ау шамасы.
  Бұл әңгімені Әлекеңнің ауылдасы, марқұм Әзімбай Әбішұлы ақсақал 1918 жылы ағылшын кен басқармасының, яки Қазақстандағы шет ел акционерлік одағының бас инженері Хайн мырзаға аудармашы болып жүріп, Керекуде Ахметолла Барлыбайұлынан естіген. Ахметоллаға Әлекең өз аузынан айтыпты. Ахметолла Қаныш Сәтбайұлына ұстаздық еткен, көзі ашық, көкірегі ояу, зиялы жан екен. Және бұл оқиға жөніңде Әлекеңнің ізін қуған сүйікті інісі Смаханнан естіген Мұсахан Жұманұлы мен Қайырбек Байсерке ұлдары арқылы ел арасына тараған. Бүгіндері тоқсаннан асқан Мұқасан ақсақалдың әкесінің ағасы баймағанбет Думаға сайлау науқанында Әлекеңді Тоқырауын болысынан депутат етіп өткізуге жан-тәнімен ат салысқан елубасы билердің бірі болған адам. Мұсекең сол кісінің бауырында өсіп, тәлім-тәрбиесін алған. Елубасы билердің енді бірі – Есенбек Байсеркеұлының туған інісі Қайырбек Смаханның Әлекеңнің өмір жолына байланысты көптеген деректерді жадына түйіп қалған (Қараңыз: Қазақстан республикасы Орталық Мемлекеттік архиві, 538-ші қор, 1-тізім, 1-іс, 1-20-парақ).
  Қазақтың болашақ саяси көсемі, бір басында сан түрлі ғылым тоғысқан бірегей тұлғаның білім дариясынан сусындаған ілкі қадамы бұрынғы Мырзатай аталған, қәзіргі Қасым қыстағында ауыл молдасынан сауат ашудан басталады. Ол мұсылманша хат танып, тілі Мұқтасарды сындыруға жеткенде әкесі Мыхан Қарқаралыдағы бастауыш орыс училищесіне апарып береді. Табиғатынан зерек жастың қабілет-дарынын тани білген генерал-губернатор Г.А. Колпаковскийдің Омбының технологиялық училищесіне өзі жетектеп алып барып оқытуында адамгершілік зор ілтипат жатыр. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген міне, осы. Шәкірт жігіт де бұл көрсетілген сенімге әрқашан лайықты болуға тырысты. Оқу орнының ұжымы өз түлектерінің арасынан озат болып тамамдаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға Петербордағы Орман шаруашылығы институтына жолдама беруі де, оған деген үлкен үміт артуының белгісі еді. Ресейдегі жоғары дәрежелі мамандар даярлайтын білім ордасының есігін 1888 жылы ашқан ол 1892 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.

 ӘЛИХАН НҰРМҰХАМЕДҰЛЫ БӨКЕЙХАНҚарқаралы оязы, Әлтеке-Сырым болысы, Желтау баурайындағы Мырзатай қыстауында дүниеге келген. Қазіргі әкімшілік-аймақтық бөлініс бойынша бұл елді – мекен Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы, «Қаратал» совхозына қарайды. Оның нақты туған жылы туралы да жазба деректерде түрліше пайымдалып жүр. Біздің қолымыздағы ұлының шаңырақ иесі екендігін, оның думаға сайлаушы болуына толық азаматтық хұқы барлығын білдіріп жазған анасының арызында: Әлихан – 1866, Әзімхан – 1874, Тәтіхан – 1878, Смахан – 1880 жылдары туғандығы атап көрсетілген (Қазақ Республикасының Орталық мемлекеттік архиві, 538-ші қор, 1-тізім, 1-іс, 129-п). Бұл деректі әкесінің бейітіндегі Әлиханға қойылған ескерткіштегі жазуда растай түседі. Кеңес өкіметі пәрменімен Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан «халық жауы» деген нақақ айыппен соңғы рет тұтқындалып, ату жазасына кесілген үкімнің шыққандығын айғақтайтын іс қағаздары арасындағы өмірбаяндық жеке құжатында ол 1866 жылы Семей облысының Қарқаралы оязындағы жетінші ауылда жарық дүниеге келгендігі баяндалған («Социалистік Қазақстан», 1989, № 132, 7-маусым). Демек, бұған күмән келтірудің біздіңше, ешбір қисыны жоқ. Жазушы Бейбіт Қойшыбаев Әлекеңнің Петербор шаһарында түскен фотобейнесіндегі жазуға сүйеніп, «1870 жылы туған» дейді («Қазақ әдебиеті», 1989, № 23, 9-шы маусым). Бұл пікірді өз дәлелдерін келтіріп, белгілі әдебиеттанушы-ғалым Қ.Мұхамедханов та қолдайды («Қазақ әдебиеті», 1990, № 23, 8-ші маусым). Бірақ жоғарыда аталған фотосуреттегі түсінікте Әлекеңнің әке есімі «Нурмугометович» деп бұрмаланған, яғни мұның өзі нақты мәліметтен алынбағанына шүбә келтірмесе керек. Ф.А. Брокгауз бен И.А.Ефрон шығарған «Жаңа әмбебап сөздікте» (8-том, 452-бетте) 1863 жылы, ал ағайынды А. мен И. Гранттың әмбебап сөздігінде 1869 жылы туған деп Әлекеңнің көзі тірісінде-ақ жаңсақтықтар жіберілген.
 Үстіміздегі ғасырдың 20-30-шы жылдарында белең алған «қызыл» коммунистердің жаппай қуғын-сүргінінен жан сауғалап Түркийаға жер ауған башқұрт халқының ұлы перзенті Заки Уәлиди Тоғанның «Естеліктерінде» және Батыс Еуропада тұратын Хасен Оралтай ағамыздың «Алаш» - Түркістан түркілерінің ұлт-азаттық ұраны» атты еңбегінде Әлихан Бөкейханның туған жылын 1869 жыл деп жазады.
 Қазақ халқының қоғамдық ой-санасын биік белеске көтерген ірі қайраткерлердің туған-өскен ортасы жайында да өкініштісі, әзірге ауыз тұшытарлық, мардымды ештеңе жазыла қойған жоқ. Бар ғұмырын ұлтының болашақ бақыты үшін «жаным – арымның садағасы» деп бел шешіп күрескен, сол жолда бойындағы күш-қайраты мен ақыл-ойын, білім-парасатын аянбаған ақылман азаматтың кіндік қаны тамған құтты өлкесі туралы айтылар жыр, шертілер сыр, әрине, әлі алдағы уақыттың үлесінде. Дегенмен біз білетін кейбір жайлар жайсаң жанның ғұмыр тарихын қазбалап зерттеушілерге көмескі болып көрінген, көлеңке тұстарын ашуға иненің жасуындай сәулесі түссе, аруақ алдыңдағы адами парызымыздың өтелгені, зәредей еңбегіміздің діттеген мақсатына жеткені.
Желтау – Сарыарқа мен Балқаш шөлейтін бөліп жатқан Арқа тауларының бір сілемі Әлекеңнің өзі Мырзатай қыстауы 1850-ші жылы салынған деп жазады. Нұрмұхамед 1890 жылы желтаудың бір қойнауынан өз отбасына арнап, Ақжал қыстағын тұрғызған. Ол қыстақтар күні бүгінге дейін «Қаратал» совхозының бірінші бөлімшесіне қарасты жерде сақталған. Жоғарыда Мырзатай қыстағының атауы Қасым болып өзгертілгендігін айтып өткенбіз. Оның себебі Мырзатайдың шаңырағын кіші ұлы Әбдіхан иеленіп, кейін соның болыс болған баласы Қасымның есімімен аталып кеткен. Қыстау орналасқан Желтаудың қойнау-қойнау жықпалында тасқа қашалып бедерленген ғажайып суреттер, өрнектер, ою-таңбалар мен ертедегі адамдардың мекен еткен тұрағы – үңгірлер көп-ақ. Кезінде Әлекеңмен сан мәрте дәм-тұздас болып, ізгі ақыл-кеңесін тыңдауға тәңірі бақ-талайына жазған, тіпті 1933 жылы халқымыздың біртуар перзенті Сұлтанбек Қожанұлы үшеуі Мәскеуден «Орысша-қазақша сөздік» түзіп, бастыруға шығармашылық ынтымағы жарасқан әйгілі ғалым Әлекей Хақанұлы Марғұлан шежіре сырға толы табиғаттың осынау көрінісіне қарап тұрып, еріксіз былайша толғаған екен:
«Қарашы ана тұрған Желтауға сен,
Өмірдің ғасыр бойы туын тіккен.
Тұнжырар бара қалсаң жойқын сурет,
Таппайсың сонша сурет музейден сен».

  Міне, осы тау шоқысына шыға қалсаңыз көз алдыңызда Бегазы, әріректе Қызыларай таулары шеккен нар түйелердей көсіліп жатыр. Желтаудың баурайында тіршіліктің табиғи қажетті өнбойындағы қаны мен нәріндей, жаны мен тәніндей айналасы ну тоғайлы Жіңішке өзені сылдыр қағып, бұлаңдап күндіз-түні бір тынбай ағып, Тоқырауынға барып құяды. Топырағы құнарлы осы құт мекенде тұсауы кесілген Әлихан бал дәурен, базарлы шақтың тәтті кезеңін тау-тасты армансыз кезіп, асыр салып ойнап жүріп, өзіне жұмбақ болып көрінген таңбалар жұмағының тылсым сырын білуге деген құштарлығы бала қиялына қанат бітірген-ді. Өсе келе бос қиялдан мақсатты іске көшуге деген талпынысқа ұмтылдырарын ол сірә, білмеген де болар?.. Әдетте баланың мінез-құлқы, неге әуес, неге бейімділігі от басы, ошақ қасынан қалыптаса бастап, ата-ананың үнемі назарында болатыны кім-кімге де түсінікті ғой. Зерделі ұлының осы қасиеттерін байқаған ата-ана Әлиханды ауыл молдасына бермеске шаралары болмайды...
ӘЛИХАННЫҢ әкесі – Нұрмұхамед, ел ішінде Мықан атанып кеткен. Анасы – Бегімханым келбетті, тік айтатын тәкаппар да парасатты жан болған. Төре тұқымы болса да Мырзатай балалары ел билігіне көп араласпаған, оның тарихи себептері бар. Әлекеңнің үлкен атасы – Бөкей, ол атақты Көкжал Барақ сұлтанның бел баласы. 1816 жылы бес мейрам-арғын Уәли билігін мойындамай, Орта жүзде екінші хандық құрады. Хан етіп сексеннен асқан қарт Бөкейді сайлайды. Міне, сол Бөкейдің тоғыз ұлының бірі – Батыр сұлтан. Батырдың балалары Мырзатай мен Рүстем. Рүстем суырып салма ақын болған. Жанақ пен Рүстем төренің айтысы әдебиет тарихынан белгілі. Ал Мырзатайдан Нұрмұхамед туады. Бөкейден кейін Қарқаралы дуанының билігі немересі Жамантайға ауысады. Осы Жамантай мен Рүстем, Мырзатайлардың арасында жер, ел билеу мәселелері төңірегінде келіспеушілік, басараздық болған. Рүстем мен Мырзатай Жамантайдың ел басқару саясатымен келісе алмай бір жылдары Қаратауға көшіп те кеткен. Екі жылдан соң ағайынды екеуі қайта оралып, Кенесары қозғалысына қатынасқан.

 Әбішұлы Қ., Мектеп-тегі А., Әнес-тегі Ғ. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан: Алты алаштың ардағы / Ана тілі. – 1992. – 16 шілде. – Б. 5